Қазақстанға «Суррогат аналар» керек пе?
жеке
блог

Қазақстанға «Суррогат аналар» керек пе?

«Суррогат ана» дегенді біріңіз естісеңіз, екіншіңізге  жат болуы мүмкін. Суррогат ана - суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бойға бала бiтiру, оны көтеру және туу. Суррогат ананың шарты  деп отырғанымыз - балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмб­рион имплантациясын қолдануға келiсiмiн берген әйелдiң арасындағы келiсiмді айтады. Бұл Қазақстанда заңды түрде мақұлданып, 2004 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы» заңында бекітілген.

«Жай  сөзбен айтқанда, суррогат ана  болып  отырған әйелдер  өз құрсағын  басқа тарапқа  жалға  беріп отыр. Бүгінгі таңда  бұл ең қатты  дамып келе жатқан бизнес  түрі. Шариғатта бұған деген тыйым жоқ. Біз халыққа пайдамызды  келтіріп отырмыз» -дейді, Астанадағы суррогат аналарға арналған орталықтың  директоры.

Қазір елімізде  ресми мәліметтерге сүйенсек,  әйелдердің 20%  нәрестелі бола алмайды. Адам өзінің баласы  болуы үшін барлық жағдайды  жасайды ғой. Соңғы жолы суррогат аналарға  жүгіну болса, оған да барады. Бірақ, бұл типтегі аналар құрсағын жалға 20 мың долларға дейін береді. 

«Құрсақ аналарға»  шариғат не дейді?

Бұл сұраққа Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жан-жақты жауап берген екен

Ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқа клеткалары табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда, оларды қолдан ұрықтандыруға шариғат рұқсат етеді. Яғни, жүкті болуға қажетті «сперма, әйелдің жұмыртқа клеткасы және жатыр» бәрі бірдей бір ерлі-зайыптылардікі болған жағдайда ғана қолдан ұрықтандыруға рұқсат. Рұқсат етілген бұл жолдың өзінде де мынандай шарттар орындалуы тиіс:

1.Әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер яки басқа әйел адам, әйтпесе, мұсылман ер дәрігер, ол да мүмкін болмаған жағдайда басқа кез-келген сенімді ер дәрігер атқарады. Бірақ, жанында басқа туысқандары бірге болуы керек;

 2.Ұрықтардың ауысып, шатастырылмайтындығына нақты көз жеткізілуі керек;

 3.Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде жасалуы керек. Өлгеннен кейін рұқсат жоқ;

4.Ерлі-зайыптылардың бұл іске бірдей рұқсаты болуы керек;

Дінге қайшы емес, бұл жөнінде заң арнайы бекітілген  болса, адамдар неге қарсы, түсінбеймін? Әрине, бұл қазаққа  жат. Бірақ, ондай  жолмен туылған бала да Қазақ болып туылады ғой. Ол да  қазақтың көбейгені емес пе? Адамдар мұқтаждықтан кез-келген шараны қолданады. Осындайда «балалар үйінде  балалар көп қой. Неге соларды асырап алмайды?» деген сұрақ туындайды. Бірақ, жетімдер үйіндегі балаларға көп адамның көзқарасы дұрыс емес. Асырап алып аяушылықпен қарайды, кейбіреулері оның денсаулығында кінәрат бар деп, күдікпен де қарайды. Ал жаңадан туылған, тастанды сәбилерді белгілі бір жасқа толмайынша асырап алуға рұқсат етілмеген екен. Енді кез-келген ата-ана жаңа туылған нәрестені құшағына басып, бойына өз махаббатн сіңдірсем екен дейді ғой. Жоқ, сіз мені  бұл сөздермен суррогат аналарды қолдап отыр деп, бірден «халық жауы» санауға асықпаңыз. Мен – бейтараппын. Мұның  қалыпты  бизнес  көзіне айналып кетуге қарсымын. Ал жанұяға қуаныш сыйлау мақсатында  жасалған болса, бөлек әңгіме.

Қазақстанда суррогат аналарға арналған орталықтар 2008 жылдан бастап заңды түрде тіркеліп, өз қызметтерін атқарып келеді екен. Қазір Астана мен Алматыда бар. Келешекте сұранысқа сай, еліміздің түкпір-түкпірінен ашу жоспарда бар екен.  Ал енді сіз қалай ойлайсыз?   Бізге «суррогат аналар»  керек пе?