"Шұжықтар сауық кеші" ("Sausage Party")

 "Шұжықтар сауық кеші" ("Sausage Party")
жеке
блог

Дүкен сөрелерінде тұрған азық-түліктің жаны бар деп елестетіңізші. Олар да біз секілді ойлайды, сөйлейді, сезеді, тіпті, Құдайға сенеді делік. Енді өзімізді солардың орнына қояйық. Олар не ойлауы мүмкін? Мысалы, шелпек лаваш тұрған сөре жайлы ойлайды екен. Өйткені ол араға жарық көбірек түседі-мыс. Ал қаптамадағы шұжық болса, көрші сөреде орналасқан бөлке нанның жанынан табылуды армандайды. Не жайында сөйлейді? Әрине, ойындағысы жайында. Лаваш өзіне көз алартып жүрген шелпекке дөкір сөз айтса, шұжық бөлкеге сезімін жеткізуге тырысады. Не сезеді? Бірі қызғаныш, бірі сүйіспеншілік дегендей. Құдайлары кім? О, міне сұрақ! Олардың Құдайлары — адамдар!

Енді әңгіме не жайында, соған тоқталайық.  "Шұжықтар сауық кеші", ағылшынша айтқанда "Sausage Party" деген АҚШ-та шығарылған кезекті толықметражды анимациялық туынды. Бюджеті $19 000 000 құраған бұл мультфильмнің ерекшелігі, ол — ересектерге арналған. Сондықтан жасыңыз 18-ден аспаса, бұл блогты ары қарай оқымай-ақ қойсаңыз да болады. 

Туынды біз күнделікті жеп, бұл фильм тілімен айтқанда біз күнделікті өлітіріп жүрген азық-түліктің бастан кешкен оқиғасын баяндайды. Дүкен сөрелерінде тұрған нан, кетчуп, балмұздақ, сан түрлі сусындар, тағысын тағы — бәрінің жаны бар екен. Олар үшін жарамдылық мерзімі өтпейінше сатылып кетуден асқан бақыт жоқ көрінеді. Тезірек сатылу жайлы ән шырқап, Құдайларын (адамдар) жырға қосқан азық-түлік қауымы дүкен сыртына шыққанда өздерін жұмаққа түсеміз деп ойлайды. Күндердің бір күнінде адамдардың бірі қателікпен қыша (асқа қосатын тұздықтың бір түрі) сатып алып, оны дүкенге қайтаруды ұйғарады. Бұған дейін ешкім білмеген шындықты, яғни ешқандай да жұмақтың жоқтығын, адамдар азық-түлікті жейтінін өз көзімен көрген қыша өзгелерге бұл сұмдықты жеткізуге тырысады. Бірақ бәрі оны жұмаққа кіре алмай қалғаны үшін естен адасқан деп есептейді. Көп ұзамай қышаны тағы бір адам сатып алмақшы болады. Өмірдің қаталдығына шыдамаған қыша кезекті адамның қолына түскенше өлгенім артық деп, арбадан секіріп кетеді. Секіріп бара жатып ол өзімен бір арбаға түскен барлық азық-түлікке шындықты тағы бір рет жеткізіп көруге тырысады. Оның сөзі тек Фрэнк есімді шұжықты ойландырады. Қыша жерге түскенде арба аударылып, Фрэнк пен оның сүйіктісі бөлке нан Бренда және лаваш пен шелпек төртеуі әрең аман қалып, құртылмай тұрғанда сөрелеріне жетуді ойластырады. Жол-жөнекей шұжық кәрі ішімдіктерден қышаның айтқаны рас екенін біліп, өзгелерге шындықты жеткізу жолын ойластырады. Алайда оған да ешкім сенбейді. Тіпті, сүйіктісі — бөлке де, біраз уақыт серік болған лаваш пен шелпек те одан теріс айналады. Енді қайтпек керек? Шұжыққа кім көмектеседі? 

Ары қарай жазсам, кинотеатрға баруды жоспарлап жатқандар үшін қызықсыз болып қалар. Енді туындыдан алған әсерім мен түйгенім жайында жаза кетсем.

Орыс тіліндегі екінші ресми трейлер.

Жалпы, өндірушілер біраз мәселені қозғай отырып, азық-түлік арқылы адамдардың болмысын, сондай-ақ әлемдегі саяси жағдайды, өздерінің дінге деген көзқарастарын ашып көрсеткісі келгендей. Мысалы, туындыда мұсылмандар мен иудейлердің текетіресі лаваш пен шелпектің дауы арқылы берілген. Ал өзін отты су деп атайтын ішімдіктің крекерлерді жек көретіндігі үндістер мен ақ нәсілділердің арасындағы қарым-қатынасты еске салады. Сондай-ақ, фильмде Адольф Гитлер, Стивен Хокинг сынды тұлғалардың протоитптері де кездеседі. Құдай мен жұмақ тақырыбына келгенде өндірушілер тарапынан көрерменге өз ойларын таңу анық байқалады. Фильмде аңғал болып, бұларға сеніп күнелткенше, мүмкіндігің барда өмірден ләззат алып қал деген ұстаным дұрыс қағида ретінде көрсетілген. Ал соңында мүлде басқа өлшемдер жайында сөз қозғалып, әлем жаратылысына қатысты ғылыми көзқарасқа басымдылық беріледі.

Фильмнің жағымсыз тұсы — боқтық сөздің көптігі мен кейіпкерлердің әдепсіз әрекеттерге баруы. Әсіресе, туынды соңында мұның бәрі шектен шығып, мультфильм жынойнаққа айналады. Өндірушілердің жиренішті әзілі қазақ тілді көрерменге ұнамай жатса, таңғалмаспын. Бұл жағынан қарағанда, туындыны 18+ емес, 21+ деген дұрыс болар еді.

Әрине, фильмге бару-бармау өз еркіңізде. Дегенмен қыздар қауымы бармай-ақ қойғаны дұрыс деп есептеймін. Ал жігіттер жағы (жиренішті әзілге мән бермейтін болса) достарымен жиналып барса болады.