жеке
блог

KFW: гламурға қатысы жоқ қыздың жазбалары

Кеш 19:00 басталады деп хабарланғанымен, шараны ұйымдастырушылар қойылымды бастауға асыққан сыңай танытқан жоқ. Содан бір сағат бойы Cosmopolitan, Mini, Men's Health, Шоколад, Европа, Береке және т.б. басылымдардың ұсынған журналдарын жиып-теріп, Mini журналының қыздары ұсынған шоколадтан дәм татып уақыт өткіздім. Жан-жағыма қарап, фотоаппаратымды алмағаныма қатты өкіндім, өйткені бір жерде, бір уақытта қаламыздың гламурға бас июші жас-кәрілерінің бәрін түсіріп алғым келді. өздері бір басқа ғаламшардан келген сияқты... кейбіреуінің қарапайым затты талғаммен үйлестіріп кигенін көріп тәнті болсам, кейбіреуінің қуып кеткені көрініп-ақ тұр. әсіресе, ер балалардың қыздардан бетер боянып, жаздық пен қыстық киімдерді қатар кигендерін түсінбедім. Кішкентай қыздарын үлкендерше киіндіріп келген қалталы азаматшаларды көріп, біздің Вики Бэкхамдар ма деп қалдым. Айтпақшы, Piko бренді жаңа морстың дегустациясын өткізу шарасын жүргізді, промоутер ретінде орыс халқының ұлттық киімін киген әжейді отырғызып қойыпты, ол кісі шетелдіктер мен белді азаматтарға ғана дәмінен ұсынып, сусынға қол созған біз сияқты жастарға жылы шырай танытпады. осы орайда орыстардың мақтан тұтатын кең пейілділігі қайда екен деп қалдым....

Еліміздің игі жақсылары, селебретилер жиналып біткен кезде, сағат сегізден асқанда кешті Кэти Чхиквадзе атты грузин дизайнерінің топтамасы ашты. Дизайнердің топтамасы негізінен жеңіл көйлектер мен лосиналардан тұрды, арасында бір-екі бағалы шолақ жеңді тондар да бар. Kamila Kurbani топтамасы жеңіл әрі жан-жақты болды. топтамасының ерекшелігі: әйелдермен қатар, ер адамдарға арнап та жасаған үлгілері, бірақ бұл киімдер Дима Биланның гардеобынан алынған сияқты көрінді. Алексей Чженнің INSIDEOUT топтамасы былғарыдан жасалған күртешелер мен жеңіл шифон сияқты матадан тігілген көйлектерден тұрды. Sweet Dream by Svetlana Kushnerova топтамасында маған классикалық үлгіде жасалған пиджак пен шалбар ұнады. әсіресе, тізеден бастап тобыққа дейін былғарыдан тігілген шалбарға қол жеткізуді армандап, әлі ұмыта алмай отырмын.... Avtandil (Грузия) топтамасын тамашалай отырып, дизайнер жапонның шытырман оқиғаларға толы фильмдерінің жанкүйері ма деп қалдым. Дені қара мен сұр заттардан тұратын көйлектер менің көңілімнен шыққан жоқ және осы кештен алған жақсы әсерлерімді біраз сейілтіп тастады. Бірақ, KFW дебютанты Kamila Tilebaldinova топтамасы күздік киімдердің жарқын сары, қызғылт түстерден түратындығын және әртүрлі маталарды өзара араластырып жасауға болатындығын көрсетті. Бұл топтамадан маған трикотаж, жібек және былғарыдан тігілген көйлек қатты ұнап қалды. Жалпы, бірінші рет шығып отырған дизайнер үшін топтама сәтті шыққан сияқты. Aigul Kassymova да Кэти Чхиквадзе сияқты жеңіл көйлектер мен шолақ жеңді тондарды ұсынды. Jean Fares Couture (Франция) коктейлдік көйлектерді ұсынды, алайда бұлар біздің күзге лайықты емес, нағыз кутюр сияқты... 

сағат тілі 23:00 таяғанда, гламурға қанық болған мен үйіме қайттым.

P.S. бұл кеште қазақстандық жұлдыздар көр болғанымен, қазақ жұлдыздарын көре алмадым, соған қарағанда, қазақстандық жұлдыздар мен қазақ жұлдыздары әлі де бірге бас қоспайды-ау деймін. бөлек тіл, бөлек түсінік...



 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі