Қазақстан ауыр атлетикасы: Допинг, сен менімен егіз бе едің?

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады деген осы болу керек. Бүгін мұхиттың арғы бетінен жағымсыз хабар келді. Халықаралық ауыр атлетика федeрациясының (IWF) Президенті Томаш Аян допинг дауына байланысты Олимпиада аяқталғаннан кейін Қазақстан зілтеміршілерін бір жылға спорттан шеттететінін айтты, деп жазады alzhan.kz спорттық порталы.

Томаш Аянның айтуынша ауыр атлетика спорты соңғы кездері допинг дауына көп ілігіп жүрген спорттың қатарына жатады. «Рио ойындарынан кейін біз Ресей, Белоруссия және Қазақстанды бір жылға спорттан шеттететін боламыз. Мен бұл туралы кепілдік бере аламын. Спорттан шеттетілетін мемлекеттердің саны бұдан көп болатынын да жасырмаймын. Біз ауыр атлетика спортын таза спорт санатына қосқымыз келеді. Бұның тек бір-ақ жолы бар – ереже бұзған барлық елдерді спорттан шеттететін боламыз. Қыркүйектің аяғында немесе қазанның басында біз бұл туралы нақты шешім шығарамыз», - дейді, ФХА-ға (Француз Хабар Агенттігі) берген сұхбатында Томаш Аян.

ҚАЗАҚСТАН АУЫР АТЛЕТИКАСЫ: ДОПИНГ, СЕН МЕНІМЕН ЕГІЗ БЕ ЕДІҢ?

Жасыратыны жоқ, Қазақстан спортшыларының да тыйым салынған дәрумендермен талай мәрте ұсталғанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Алайда соңғы кездері бұл дау барған сайын өршіп келеді. Соңғы бір жылда төрт бірдей Олимп шыңын бағындырған чемпиондарымыздан өзге әлем чемпионы деген атаққа ие зілтеміршілерміз допинг қолданып, жарыстардан шеттетілді. Сонда, біздің көкке көтеріп, үлгі етіп алған тұлғаларымыз «өтірік чемпион» болған ба? Лондон Олимпиадасында алтыннан алқа тағынып, әнұранымызды тұманды Альбион елінде орындатқызған батыр ұлымыз Илья Ильинмен қатар, қыздарымыз Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедованы төрт жылдан кейінгі Рио төріндегі дүбірлі додадан аластатып тастады. Өз салмақтарында әлемді мойындатқан қос қазағымыз: Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевтың да мансабына балта шабылды. Төрт жылдан кейін, тіпті сегіз жыл өткеннен соң «Әй бала, сен сол кезде допинг қолданыпсың» деп жар салғанын қалай түсінеміз? Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?

СОЛАҚАЙ САЯСАТТЫҢ СҰРҚИЯСЫ МА ӘЛДЕ ӨЗ ҚАЗАҒЫМНЫҢ АҢҒАЛДЫҒЫ МА?

Қателік кімнен кетті? Соңғы жылдары ауыр атлетикада өзгені қарсылас құрлы көрмейтін зілтеміршілерімізді  әлсіздендіру мақсатында «үшінші жақтың» ықпалымен Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) осындай шара қоладанып отыр ма? Бұл сұраққа жауап табу қиын, тіпті мүмкін емес. Ал егер шынымен де, спортшыларымыз допинг қолданған болса ше? Мұндай «өтірік» чемпиондардың құны көк тиын... Лайым, бұлай бола қоймас.

Не десек те, шығарылған нәтижені қайта орнына келтіре алмаспыз. Қайтарылған бес Олимпиада алтыны қазақ елінің жігерін жасытып тастады. Кеткен қателіктен сабақ алып, оның қайталануына жол бермеу ендігі мақсат. 



Бөлісу: