Рио Олимпиадасы: Дзюдошыларымыз жүлдесіз емес!
жеке
блог

Рио Олимпиадасы: Дзюдошыларымыз жүлдесіз емес!

Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсеке Рио олимпиадасы дзюдошыларымыз үшін аяқталды.  Қоржынымыз құр алақан емес. Қос медалді қанағат тұттық. Олимпиаданың алғашқы күнінде Елдос батырымыз күмістен алқа тағынса,Галбадрах қызымыз қоланы иеленді.
 

Жарыстың екінші күнінде 66 келі салмақ бойынша татами төріне шыққан Жансайдан өз басым жүлде күткен едім.  Өзімен сөйлескенімде: "Жарыс тез басталса екен. Мойныма медаль таққым келеді" деген еді. Əттеген-ай! Бұйырмады. Жеребе жолдас болмады. Əйтпесе дайындығы жақсы еді. Жансайдың орнына Азамат Мұқанов  бару керек еді дегендер болды.  Дегенмен Жансайға,Елдосқа (Жұмақанов) Азаматқа олимпиадаға баруға мүмкіндік берілген болатын. Жансай сəтті пайдаланды. Жолдаманы алды. Токио олимпиадасына осы салмақта баруға бақталастық көбейетіні анық.



Келесі күні 73 келіде татами төріне шыққан Дидар Хамза балуанымызға ренжімейтін шығармыз. Олимпиадаға жолдама алғанның өзі бір жеңіс болды.  Ұлттық құрамаға қосылғанына көп уақыт болмаса да, жаман нəтиже көрсетпеді. Егер олимпиадаға баратынын ертерек білгенде кемі қола жүлде алар ма еді. Рио  балуанымызға жақсы тәжірибе болды.
 "Токиода топ жарамын" деді. Сенемін.

28 жасар Мариан Урдабаева үшін олимпиада сәтсіз басталды. 63 келіде белдесетін балуан қызымыз алғашқы айналымда-ақ жарысты аяқтады. Өз қателігін мойындады. Соңғы олимпиадасы болуы бек мүмкін.
 
Тағы бір жүлде күткен балуанымыз Максим Раков. Максимнің бұл екінші олимпиадасы. 30 жасар балуанымыз үшін де бұл соңғы олимпиада шығар. Алғашқы айналымда екі шидомен келесі кезеңге өткен болатын. Алайда судяның қателігінен жарыс жолын аяқтады. Өзінің мықтылығын көрсетіп иппонмен алғанда басқаша болуы мүмкін еді. Кемі қола жүлденің иегері атанар еді. Бұйырмаған екен. 


 

P.S.Жүлдеге іліне алмай қалған балуандарымыз жайлы жаман пікірлерде айтылуда. Айта берсін. Олар мен үшін бəрібір мықты болып қалады. Əлі Олимп шыңын бағындыратын болады.  Жандарым əшин рақмет! Осының өзі мен үшін жетістік. Дзюдоға ғашықпын!