Зейнеп АХМЕТОВА. Еркектер ең соңғы шалбарынан да айрылды...
жеке
блог

Зейнеп АХМЕТОВА. Еркектер ең соңғы шалбарынан да айрылды...

 Мүмкін менің шолақ ақылым жетпейтін болар, бірақ сол уақытта ұлттық рухани құндылықтарды кейін ысырып тастамағанда жастар санасы Батыстың күл-қоқысымен соншалық ластанбас еді, ұлттық салт-сана, дүниетанымның бой-бойы қарқырамас еді. 

  Тереңге бармай-ақ. күнде көріп, көзің ұялатын бірер мысалға тоқталайын. Көшеде қарсы алдыңнан кездесетін он қыздың тоғызының кіндігі шошайып ашық келе жатады. Қыздар мықын, бел, ышқыр деген ұғымдарды алмастырып алған сияқты. 

  Бұтына жабысқан қуықтай тар шалбарының белі мықыннан төмен түсіп, құйрықтың бөлінер жігіне жетіп тұрады. Осыны қыздарымыз «заманға сай болу», «мәдениет», «жаңа мода» дейді. Бұл – мода емес, оба. Мұхиттың арғы жағындағы жеңіл жүрісті әйелдердің, өздеріне еркектің назарын аудару үшін көкірегін салбыратып, қарнын ашып, бөксесін бұлтитып, мықынын ойнатып жүретін тән сатушыларының кәсіби көрінісі. 

  Кіндік ашқыш бойжеткендер далаға шығарда айнаға қарайтын болар. Кіндігін көрсету, тәнін жалаңаштау өңіне өң қосып, шырайына сән беріп тұрса, кәнекей! Кейбіреуінің арық қарны қабыса шілпиіп, енді біреулерінің іші қабатталып, сыртына майы шығып тұрады. 

   Именбейді. Керісінше қарауға сіз ұяласыз. Мүмкін. жігіттерге ұнайтын шығар, еркек болмаған соң ол жағын түсінбейміз ғой. 

   Бұл – сыртқы көрініс, ал ішкі жағына келсек, мұнда үлкен кілтипан барын байқаймыз. Сол қыздар ертең тумас болып қалуы әбден мүмкін. Кіндік деген – қасиетті жер. Адам өмірге шыр етіп туғанда кіндікті байлап кесіп, жолдасынан айырмаса, ол өлер еді. 

  Кіндік – адам денесінің ортасы, түйіні. Алдынан кіндікті ашқан соң, оған қоса, арт жағындағы бүйрек те жалаңаштанады. Сол бүйректен ыстық өтеді, суық тиеді, жел қағады дегендей, бүйрек адам ағзасындағы зор қызмет атқаратын әрі зақымдалса, емдеуі қиынға соғатын жер емес пе?!

  Мені түрлі кездесу, жиындарға жиі шақырады. Әсіресе студенттер мен оқушылар өтінгенде бар шаруамды жиып қойып, солармен жүздесуге барамын. Бәкең – Бақытжан Момышұлын айтам: «Біздің үйдің баяндамашысы», «Кездесулерге бара-бара көп сөйлейтін болып алдың, не құлағыңды бұрап тастайтын радио емессің, не батарейкаң бітпейді», – деп әзілдеп жатады. Уақытымның молдығынан барып, ақылым тасып бара жатқан соң көп сөйлеп жүргенім жоқ, жастарға ұлттық үлгі-өнеге, ұлттық болмыстан білгенімше әңгіме айтып, ой бөлісуге барамын. 

  Сондықтан кейде уақытымның тарлығына қарамай, жастар шақырғанда баруды міндет санаймын. Сондай бір кезекті кездесуде сөзден-сөз туындап, сауалдардың бір парасы бүгінгі қыздардың киім кию үлгісіне тірелді. Мұны бастаған жігіттер болды. Осы кезде шолақ кеудеше, джинсыдан өзгешелеу тар шалбар киген қыз сұрау қойды. 

  – Апай, ашық киім киген зиян болса, Үнді, Африка елдерінің қыздары неге түгел ауру болмайды? Тұрмысқа шығып, балалы болып-ақ жүр емес пе? – деді ол. 

  – Үнді, Африка елдерінің тұрғындары – сан мыңдаған жылдан бері сол топырақта туып-өскендер. Олардың тегі де, бітім-жаратылысы да сол жердің табиғатының ажырамас бөлігіне айналған. Біздің ата-бабамызыдң кіндік қаны тамып, өніп-өскен Отаны, ауа райы, жер бедері оларға мүлде ұқсамайды. 

  Керек болса, әр халықтың ұлттық ішіп-жем тағамдарына дейін бөлек. Мұның өзі адамдардың ішкі ағзаларын бөлектеп тұрады екен. Оның үстіне әр ұлттың өмір салты, киім кию үлгілері бар. Сондықтан «анау неге басқа, мен неге сондай емеспін» деп сырт көрініске еліктей бермей, әркімнің өзіне өзінің ұқсағаны жақсы, – деп жауап бердім де, қарсы сұрақ қойдым: 

  – Айналайын, ауырсынбасаң айта қойшы, үстіңдегі киімің ата-анаңа ұнай ма? Айнаға қарағанда осы киімің келісті көріне ме? – деп сұрадым. 
Батыл қыз екен, бірден іліп әкетті. 

  – Ата-анам алыста. Менің не киіп жүргенімді көріп тұрған жоқ. Сондықтан олар үшін жауап бере алмаймын. Жаспыз ғой, қатарымнан қалғым келмейді, бұл қазіргі нағыз «писк» мода, – деді күліп. 

  «Писк» дегеннің не екенін түсінбесем де: 

  – Егер «Батыстың писк модасы» деп ол жақтан біреу дамбалын басына орап келсе, оны да қабылдап, киесің бе? – дедім. 

Барлығы ду күлді, бойжеткеннің өзі де күліп: 

  – Жоқ, әрине, – деп орнына отырды... 

  ...Қазақтың арулары келін болып түскенде сәнді де мәнді сәукеле киеді. Бір жыл жас келін ретінде сәукеленің жібек желегін салады, күнделікті үй шаруасында шаршы орамал тартады. Жыл толғанда апа-әжелер, абысын-ажын арнайы дастарқан жасап, келінге кимешек кигізу рәсімін жасайды. Қазақ әйелінің өміріндегі бұл да бір өнегелі дәстүр, атаулы күн саналған. 

  Әжелер: «Міне, енді нағыз кимешекті келіншек болдың. Кимешегің құтты болсын! Өмірің озғақ, киімің тозғақ болсын!» – деп тілек айтып, байғазы ұсыныпты. Кимешектің үш жүз руларына тән өзіндік алуан түрлі үлгілері бар. Жас ерекшеліктеріне қарай өрнек-нақыштары да өзгешелеу тігіледі. Келіншектікін күміс шеттік пен маржанды кезектестіріп тізе тігіп, жағын зермен немесе жібек жіппен кестелейді. 

  Кимешектің алды кеудені кіндікке дейін жауып тұрса, арты бүйрек пен белді түгел жауып, үшбұрыштанып етекке қарай түседі. Байқап отырсыздар, қазақ әйелдері әрі жабық, әрі әсем баскиім киген. Еш уақытта ашық-шашық жүрмеген. 

  Бұлардың бәрін неге жіктеп айтып отырмын? Сіздер, жастар – бұрынғы өткен аналардың жұрнағысыздар. Шолпысының сыңғырынан жүріс ырғағы білінетін, елдің – сәні, көштің көркі болған қазақ қыздары мен әдептілік, тектіліктің үлгісіндей болған аналардың қандай баскиім кигенін көздеріне елестетсін деймін.

  Сөйлер сөз көп-ақ, бірақ қайсыбірін айта бересіз, біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды дегендей. «Осы апай-ақ ақыл айтқыш» деп мені жаратпай сынайтындардың бір жанды жері – шалбар. Кәдімгі еркек кіндіктің бұрынғы меншігін айтым. 

  «Есті қыз етегін қымтап отырады» дейтін анамыз. Көйлек деген әйелдің сәні еді ғой. Көйлек кигендердің көп жері жабық болғандықтан бейсауат көз сұқтанбайды. Көйлектілер етек-жеңін реттеп, қымтана жүреді Қадам басу жүрісі соған сәйкес сыпайы, аяқ-қолын қалай болса, солай қозғамайды. Көйлек әйелді артық қозғалыстан тежеп, бірқалыпты ұстайды. Тіпті денесіндегі кем-кетік жері елеусіз қалады. 
   Кейде арты тегенедей, алды кебежедей буылтық-буылтық домалаңдап, шалбарды тырсита киген сарқарын бәйбішелерді көргенде немесе екі бұттың арасынан ит өтіп кетердей доға аяғымен шалбарланғандарға көзің түскенде «байқұстар-ай, өздерін сонша сайқымазақ етпесе, қайтер еді...» деп іштей мүсіркейсің. 
Жарайды, заманның бұл да бір әйелге бұйырған енші киімі шығар дейік. Бірақ әр киімнің киілер орны, жарасар ортасы бар ғой. Театрға, тойға, салтанатты жиындарға, ұялмай, өлім мен мешітке шалбармен баратындарын қайтерсің! Мұны сыпайылап, жұмсақтап айтсам, бұл – мәдениетсіздік, талғамсыздық. 

   Менің еркектерге жаным ашиды, әйелдерге билігін берді, жұмысын берді, бөркін берді, арағы мен темекісінен де айырылды, қалғаны шалбар еді, оны да шешіп берді. Енді несі қалды әйелдер алмаған? 

  Сырт пішіні, киім киісі өзінен аумайтын еркекшора жарымен келе жатқанда қандай сезімде болады екен, әлде «өз әйелімді былай қойғанда, қазір барлық әйел атаулының бойынан біз қызығатындай құпиялы, сырлы ештеңе қалған жоқ, баяғыда «демократияланып» кеткен» дей ме, ол жағы маған беймәлім. 

  «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген екен қазақтар. Асыр-тасыр ағатын тау суындай арындап жетіп, жан-жақтан қаптаған «мәдениеттерге» титімдей де ықтырма қалқан қоя алмағанымыз дәрменсіздік пе, ескектен айырылып қалған керенаулық па, білмеймін. Тек бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан қабырғам қайысады. Әйтпесе, ұзында – өшім, қысқада кегім жоқ бейбіт адаммын. 

(З.Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабынан үзінді)