Жүрейікші жүректерді ауыртпай...

Жүрейікші жүректерді ауыртпай...
жеке
блог

Заманауи мақал.
Әр үйдің салты басқа. Ол аздай енесі де, келіні де басқа-басқа. 

***

"Жігіт кезінде бәрі жақсы. Жаман күйеу қайдан шығады?" 
Менің жолдасыма не өміріме еш қатысы жоқ. Тек әлгі бір танымал "жаман қатын қайдан шығады, қыз кезінде жақсы сияқты еді ғой" дегеннің неге "еркек кіндікті нұсқасы" жоқ деп ойладым. Жаман болса әйел де, жақсы болса еркекке тиесілі болуы керек пе не нәрсенің де бәрі? Осы бір сөйлемнен басқаның бәрінің екі нұсқасы бар сияқты. Бұның да екінші нұсқасы болсын"шы". Сонымен солай.

***

Біреуге айтқан сөзің де, істегенің де алдыңа айна қатесіз келеді. Саған келмесе де, балаңа келеді. Сенің өзгеге істеген жақсылығың да, жамандығың да түбі бір өзіңе оралады. Сонда қызың, не балаңның жолы болып, өрлеп, қызметінде көтеріліп немесе жақсы жарға жолығып, бағы ашылып, өзге біреулерден жақсы сөздер естіп жатса, ол сенің өзгеге істеген жақсылығыңнан.
Ал егер қызыңның, не ұлыңның жолы болмай, не барған жерінде бақытсыз болып, не біреуден таяқ жеп, алданып, не басқа да бір сәтсіздікке ұшырап, бөтен жаннан ауыр сөздер естіп, жүрегі ауырып, алдыңа жылап келгенде, өзгеге істеген жамандығың, айтқан жаман сөздерің, орынсыз айыптауларың, жала жапқаның, қысқасы, өзге біреуге істеген жамандығыңның оралғаны деп біл. 
Ешкім ешкімнің ақысын жей алмайды. Алла Әділ!

***

Адамдар ақылды болған соң қартаймайды немесе қартайған адамның бәрі ақылды емес.

***

Өзін керек етпейтіннен өзін керек ететіндерді туып алып, жалғызбасты өмір сүріп жүрген нәзік жандылар көбейген қоғамда өмір сүрудеміз. Кінә кімде екен?

***

Жер дауының арқасында көптеген адамның бетпердесі шешіліп, бірақ оны басқа адамдар киіп алды...

***

Айту керек деп ойлаған жерде үндемей қалғаның - жеңісің болып шығады екен көбіне көп. Тіпті ерлікпен теңдей. Өз ашуыңды жеңген сабырыңның жеңісі, ерлігі. Сол жеңісіңнің дәмі де ерекше тәтті болады екен. Ол жеңіске көп уақыт пен көп шыдамдылықтың нәтижесінде қол жеткізуге болады. "Сабыр-иманның жартысы", деп бекер айтылмаса керек. Және "әр адам басқаны өз санасының және өз ой деңгейінің дәрежесінде ғана түсінеді" деген дәл айтылғанына көз жеткізіп жүрмін. Алла Әділ! 

***

Өзіңізді өзгеден биікпін деп есептесеңіз, алдымен, сол өзгенің деңгейіне дейін төмен түсіп, қаншалықты биік тұрғаныңызды байқап алыңыз. Бәлкім, сіздіңше биіктік деген өзгенің тізесіне де жетпейтін "өлшем" шығар...

 ***

Адамның қадірін сол адамды жоғалтқанда бір-ақ білесің... 
Кімді болса да бар кезінде бағалайық. Бізді де бар кезімізде бағалай білсе ғой...

 ***

Жаныңа жақын адамның бір жылы сөзі көңіліңді көкке көтеріп, сені бақытты қылып, ал бір ауыр сөзі көңіліңді көл етіп, өмірден түңілдіріп жібереді екен... Жүрейікші жүректерді ауыртпай...

***

Алланың нұры жауып жатыр! Жауа берсін! Жауа түс, жауа бер, ақ жауын! Жаңбырдың иісінің өзі тіпті....сөз жоқ айтарға... Керемет! Аллаға шүкір, жаңбырдың тамшысының тырсылын естіп, мөлдірлігін көріп, иісін сезіне алатынымызға. Шүкір...
Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, еркінен тыс ғаламтордың торына шырмалған қазақ бауырларым! 

(Сурет жеке мұрағаттан. Бақшамыздың раушаны)