Жетістікке жету формуласы
жеке
блог

Жетістікке жету формуласы

    Жас замандас! Бүгінгі таңдағы ел аузында жүрген мәселені ортаға салмақпын. Яки адамның рухани жетістігі. Дарындықтар үшін де керек мәселелердің бірі. Бір сәт өзімізге назар аударып көрейікші?! Мысалы, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап осы күнге дейін қандай көрсеткіш көрсеттің? Жетістігің қаншалықты? Екі сұрақ аясында өзіңіз  сауалға жауап бере аласыз ба? Мүмкіндігіңізше жауап беріп көріңіз. Әр ай сайын, әр апта сайын, әр жыл сайын есеп беріп отырасыз ба? Менің білуімше  өз-өзіне есеп беріп отыратын жандар сирек кездеседі. Мұның басты себебін жауапкершіліктің жоқтығынан деп ойлаймын. Алдына мақсат қоя білген, арманның жетегіне еретін жастарымыз тым аз. Олардың бар уақыты ғаламтормен-ақ кететіні белгілі.

     Әр нәрсеге бір қызығып, бейнебаян көріп, таңғажайып суреттерге зер салып отыратыны жаман-ақ. Одан да осы нәрселерге бар жоғы бір сағатыңызды арнасаңызда жетеді. Қазіргі психологтар есептеуінің нәтижесі бойынша әр азамат(ша) кем дегенде үш сағат әлеуметтік желіде отырады екен. Үш сағаттың екі сағатын тым құрығанда кітап оқуға арнасақ қандай жақсы болар еді. Психологиялық, романтикалық, прозалық шығармаларды жиірек оқысақ, бар нәрседен хабардар боп қана қоймай, көзайым болып отыратынымыз рас. Бір жағынан  заманауи жағынан қалмауымыз да дұрыс. Сонда да кем дегенде әлеуметтік желіде бір сағат аясында отырсақ та жетеді. Қалған уақытымызды мақсатқа жету жолына арнасақ болғаны.

      Құрбы-құрдастарыма қарап отырсам, мен де қызығамын. Менің де әлеуметтік желіде отырып, суретке түсіп, лайк жинағым-ақ келеді. Бірақ болашағымды ойлаймын. Ғаламторға бір кірдің бе, болды одан басыңды алу мүмкін емес.  Отыра бергің келеді, отыра бергің. Жолдастарыңның суретіне қарап, басқаларға көзіңнің қиығын тастап отырасың. Мұның орнына көзіңнің майын тамызып сабақ оқысақ нұр үстіне нұр болар еді.

    Барша дарындықтар үшін ғаламторлық жүйелер үйреншікті. Қандай желі бар, соның ішінен бәрін тауып үлгересің. Сабаққа да, желілерге де кіріп үлгеріп жатады. Осы кезде бармағыңды тістей кетесің. Неге деген сұрақ айналасында жауап берейін. Біріншіден, жап-жақсы оқып жүрген балаға қызыға қарайсың. Кенеттен көз тие ме, ол беске оқитын баламыз күрт нашарлап кетеді. Әрине, ғаламторлық жүйелерде көбірек отырып, бар уақытын соған жұмсайды. Сабақ жайына қалады. Оған қарайын деп тұрған жастарымыз  жоқ. Солай-солай жүріп, рухани құлдырайды. Өз алдына мақсат қоюдан қалып, тоқсан аяғында үштік бағаға ие болып отырады. Ата-анасының үкілі үмітін аяққа таптап, басын төмен түсіріп көрінген мұғалімнен ұрыс естіп жүретін қатарластарының жанына қосылады. Биікке шығуын шығып алып, одан құлдырау тым жақсы емес. Біліміңді жоғалтып, бар жаттаған дүниеңнің бәрін ғаламторға ауыстыру өте төмен дәрежедегі адамның ісі. Мен бұл тақырыпты дарындықтар үшін қозғап отырмын. Арамызда мұндай жандар баршылық. Оларға қарап отырсаң өзіңнен асып түсетін-ақ балалар. Тек еріншек, шетінен жалқау. Сол жалқаулықты тастауға болады ғой?! Неге тастамасқа? Жаңа өмір парақтарын ашып, өткеннің бәрін ұмытып, өзіңе сеніммен қарасаң қолыңнан жасаймын деген дүниелер келеді. Уақытыңды тиімді пайдаланып отырсаң, сенен жақсы адам шықпай қоймайды. Сол үшін де төменге назар аударыңыздар!

    Жетістікке жетудің жеті  формуласын ұсынамын.

1. Өзіңе сенудің жолын қалыптастыр. Ол үшін бір істі бастап, жалқауланбай соңына дейін жеткіз. Егер нәтижелі болып жатсаң, ол сенімділіктің арқасы.

2. Визитка жаса. Шағын ғана армандарың мен мақсаттарыңның топтамасын жазып, күнделікті жаныңда жүретіндей алып жүр. Оны күн сайын 20-25 рет оқып тұруың қажет. Сонымен қатар әр айға жоспарлар тізбегін жасауды ұмытпа.

3. Күнделікті кестелік режиміңді жасап отыр. Бұл не десең, әрбір күннің уақытын тиімді пайдалану. Сағат сайын не істейтініңді, қандай жұмыспен айналысатыныңды жазып отырғайсың. Ең негізгісі өз-өзіңе есеп беру дәптерін (немесе блокнотын) арна.

4. Алға ұмтыл! Қолымнан келмейді деп ісіңді басы-аяқсыз қалдырма. Талпын, ерінбе! Өзіңе сен. Қолымнан келеді деп жоғары жылжы. Ешкімнің пікіріне назар салма. Әрине, сен жайлы айтып жатқан жағдайда. Олардың айтқандары бос сөз. Сенің ішкі жан дүниеңде не болып жатқанын әрбір адам біле бермейді.

5. Кешке жатар алдында «мен не тындырдым?», ал таңертең тұрысымен «мен не істеуге тиіспін?» деп өзіңнен сұра. Мұны күнде ұмытпаған жөн.

6. Әлеуметтік желіде көп отырмағайсың! Оданда жаңалықтармен таныс болып, мына әлемде не болып жатқанын оқы. Кем дегенде 15-20 минутыңды арна.

7. Соңғы айтарым, ешқашан да ерінбе! Жаныңда түсіп жатқан затты алуға да ерінбе! Жалқаулық – әйтеуір бір күні сенің түбіңе жетеді. Мұны ұмытпа. Жалқаулықты тастау үшін орташа есеппен сегіз сағат қана ұйықта.

   Кім білсін осыны істеген жан бақытты ғұмыр кешіп қалар?! Бәрі бір құдайдың қолында. Менің айтқан жағдаяттарымның бәрі дарындық құрдастарыма арналады. Жетістіктен жетістікке жетуге талпынайық! Бүгінгі күнің – болашаққа бастар жолың. «Мақсаты кішіден үлкендік шықпайды» деп Қадыр Мырза Әли атамыз айтқандай, осы жастық шақтың уақыт қадірін білуге шақырамын.

    Интернат болғаннан кейін артыңнан өсек ермей жүре алмайды. Ащы шындық осы. Кейбір қыз-жігіттеріміздің арасында сөзге  ілікпейтін, мүлдем көзге көрінбейтіндері де бар. Соларға қарап отырсаң таң қаларлықтай. Өздерімен-өзі. Еш нәрсеге араласпайды. Сабағын жақсы оқиды. Ешкімді өсектемейді.

Дайындықтың өзі біреуді өсектеумен өтеді. Бұл рас. Барша дарын оқушыларына мәлім дүние. Соны кішкене болса да тоқтатсақ болар еді.

   Интернатта тұрғаннан кейін уақытымыз бос болатын күндер болып тұрады. Сол мезгілде психологиялық кітап оқысақ тым жақсы. Әрі  шағын ғана бөлмеде төрт қыз жатамыз. Төртеумізге ортақ бір үлгі болатындай тақтайша жасап қоюға да болады. Күнделікті өзіміз оқып тұратындай. Міне, осыған да ерінбеген жөн. Нақыл сөздер мен қағидаларды басты тақырып қылсақ, қолымыздан келмейтін істердің өзі келіп кетер. Бөлменің қай бұрышына барсақ та, дәл көз алдымызда тұратын ақ парақтар ілінсе, бізден жақсы адам болмас, сірә?! Мына осы кезді пайдаланып өзім жайлы айта кетейін. Мен оныншы сынып оқысам да, кішкентай баланың қылықтарына сенемін. Нені айтып тұр деп ойлап тұрған шығарсыздар, яғни плакат жасау арқылы кім болғың келеді, болашақта өзіңді қалай елестетесің деген сұрақ аясында атақты адамдардың суретін жабыстырып өз бөлмеңе іліп қою. Осы нәрсе орындалады деген ырымға сенемін. Әрбір күн сайын суретке қарап өтсең, талпынады екенсің. Басымнан өткен жайт. Жоғарыда айтып кеткен қағидаларымның бәрін күнделікті істеп отырамын. Осы жазбан жазбас бұрын да ерінгенім есімде. Біршама қиналдым. Сонда да дес бермедім. Жалқаулық есігін ешқашан да ашпаймын деген шешімге бел будым. Мұны айтқанымның бәрі мақтану үшін емес. Жаман ойлап қалмаңыздар. Керісінше, сіздер де нәтиже шығарар деген ұшқын сезім аясында айтқаным.

   Алдыңа үлкен мақсат қою көп күш жұмсауды қажет етеді. Сондықтан еңбектеніңіздер! Тыныштықты еңбектен табасыздар! Төменгі тұста менің алға қойған ұстанымдарым орналасқан. Өзім жазбасам да белгілі ғалымдардың айтқан нақыл сөздерін ұсынамын. Тек ерінбей оқып шығыңыздар!

Түңілу – әлсіздерге тән қасиет. Оған сенбеңіз бұл – дәрменсіздік.

Бақытсыздық – мінездің сыналар шағы.

Мені қос сезім сүйіспеншілік пен өшпенділік – шабыттандырады, әрі шабыттандырып та келеді.

Тынымсыз еңбек барлық кедергі атаулыны жояды.

Бақытқа көп еңбектенген адамның қолы жетеді.

Білімге апаратын жалғыз жол – еңбек.

Білмеген топас емес, білгісі келмеген топас.

Еңбек бізді үлкен үш бәледен: зерігуден, кеселден, мұқтаждықтан құтқарады.

Творчествалық шабыт сәтінде олар рухтанудың, қуаныштың, ләзаттанудың, бақыттылықтың ғажап сезіміне бөлемек.

Үлкен арман сабырда жатады.

Білімсіздік – әлсіздік.

Еңбек дене күші мен интеллектуалдық  күштің бәсекесі болатынын естен шығармаған жөн.

Дем алу үшін алдымен еңбек ету керек.