"Шынарым менің, шырайлым менің" повесіне рецензия
жеке
блог

"Шынарым менің, шырайлым менің" повесіне рецензия

Баршаңызға сәлем! Массагеттік жас оқырмандар, хал-жағдайларыңыз қалай? «Кітап жанның – азығы» дейді ғой. Бүгінгі жазар блогым Қырғыз елінің белгілі жазушысы Ш.Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» атты көркем туындысы жайында. 

Бұл көркем шығарма 1960 жылы жазылған. Шығарманың ең басты кейіпкерлері – Әсел мен шофёр жігіт Ілияс және олардың кішкентай ғана ұлы – Самат. 

Повестің негізгі мазмұны Ілияс арақ атты пәленің құрбаны болып, Әселге жасаған опасыздығы мен қиянаты жайлы баяндалады. Бұл керемет повестің қысқаша мазмұнын айтпасқа болмас. Әдеттегідей көз жасымды көлдетіп отырып оқыдым. 

Ілияс бір күні ауылға бара жатады. Жолдың түрін айтсаңызшы, аты болмаса, жол сиқы жоқ. Ауылға жете берген сәтте, арыққа түсіп, көліктің быт-шыты шығып, батпаққа түспесі бар ма?! Осылайша, Ілияс алғаш Әсел атты сұлу да, сүйкімді қызбен танысады. 

Танысуы да қызыққа толы ғой, шіркін! 
– Жүре бер, әжетай,– дейді Ілияс. 
– Мен әже емеспін. 
– Енді кімсің? 
– Қызбын. 
– Қызсың ба? Сұлусың ба?– деп қалжыңмен қағытып қалады Ілияс. 

...
Содан не керек... Ілияс пен Әселдің арасында махаббат жалыны ұшқындап, қыз-жігіт болып жүріп, бір-біріне ғашық болады....

Екі жас отасып, айы-күні жетіп, Әсел шекесі торсықтай ұл табады. Осылай бақытты күн кешіп жүрген сәтте, төбеден жай түскендей-ақ Ілияс мүлдем өзгереді. Өз мұңын арақпен емдеп, Әселге опасыздық жасап, Хадиша атты қызбен отасады. Соңында өз қателігін түсініп, алғашқы сүйген жары мен баласын сағынып, жұбайы Хадишамен ажырасады. Солай күнелтіп жүрген шағында, Ілияс Тянь-Шань тауы жотасымен түнделетіп көлікпен келе жатып, жол апатына ұшырайды. Оның үстіне Ілияс мас болатын. Қанша жатқаны белгісіз... 

Көзін ашса, баяғыда өзімен бірге асудан өтіп машина сүйреп әкелетін жол жөндеуші Байтемір, қолынан демеп, үйіне кіргізіп жатыр екен. Тағдыр тоғысуын айтсаңызшы. Сол сәтте Ілияс өзінің сүйген жары Әселді және өзінен аумай қалған баласын жолықтырады. Құдды бір өзімді осы оқиғаға кіріп, күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылап қызығына кіріп барамын. Ең жаманы кішкентай ғана Саматтың Ілиястың көзінше, Байтемірді «Әке» деп атауы. Әлі бесіктен белі шықпаған, есін білмеген бала өз әкесінің кім екенін қайдан білсін. Осылайша Ілияс Әсел мен Саматтан қол үзіп, іші толған қайғы мен өкініш шарпып алыстап кете барады. 

Бұл туынды оқырмандарды қолда бардың қадірін біліуге, дұрыс жолмен жүруге үйрететін тәрізді.  Ш.Айтматовтың осыдан басқа «Аспалы көпір», «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз», «Қош бол, Гүлсары», т.б. керемет туындылары бар. Жазушының өзі өлсе де, оқырмандар сүйсіне оқитын шығармалары өлмек емес. Ги де Мопассан айтқандай: «Жазушының бір ғана қабілеті бар, өмірдегі шындықты көзімен көріп, нағыз шебер суреттейді. Қалғандары екіжүзді адамның тірлігі»,– дейді. Әлбетте, осы қасиет жазушының бойынан табылады. Бұл шығарманы бастан аяқ айтқан себебім, оқырмандарды қызықтыра түсіп, оқуға кеңес бергім келді.