ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ БІР СӘТІ...

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ БІР СӘТІ...
жеке
блог

Ол кісіні еске алғанда ең бірінші ерекше мейірімді жүзі көз алдыма келеді...

Ол ешқашан налуды, ренжуді білмейтін еді...

Ол ешқашан күйгелектенбейтін сабырлы жан болатын.

Ол тым мейірімді адам еді... Ол - Талаптан аға АХМЕТЖАН...

 

Мағжан ТАЛАПТАНҰЛЫ:

                                     ЕҢ МЕЙІРІМДІ АДАМ – МЕНІҢ ПАПАМ

Жаңа жыл қарсаңында мамам тілегімді айтып, Аяз атаға хат жазуға болатынын айтты. Аяз ата өтінішімді орындайтынын білдім сонда. Ойыншықтарым бар, бірақ пультпен басқарылатын машинам жоқ еді. Мейірімді Аяз атадан сондай машина сұрап жазған болатынмын. Тура 31-і күні кешкісін ата-анам сыртқа шығып кетті. Біраз уақыт өткен соң есіктің қоңырауы соғылды. Есікті ашқанда біз танымайтын бір қыз: «Мағжан Ахметжанов осында тұра ма?» – деп сұрады. Қолында қағазға оралған заты бар. Іздеп келген адамы мен екенімді білген соң, әлгі затты маған берді. Аяз атаның беріп жіберген сыйлығы екенін, келіп тапсыруға үлгере алмай жатқанын, сол себепті өзіне сеніп тапсырғанын айтты. Сыйлықтың сыртында біздің мекенжай анық көрсетілген, мөрі де бар әрі ол қыз басына Аяз атаның баскиіміне ұқсас жаңа жылдық шапка киіп алған. Ата-анамның келуін күтпестен, шыдамай, қағаздың орауын аштым. Тура өзім Аяз атадан сұраған машина шықты ішінен. Машинамды жүргізіп мәзбін. Мамам мен папам келгенде оларға көрсетіп, қуана әңгімелеп жатырмын. Солай машинамды жүргізіп ойнап жүріп ораулы қағаздағы мөрге көзім түсті. Байыптап оқысам «Жазушылар одағы...»  деп жазылы-ы-ып тұр… Ешқандай Аяз ата емес, сыйлықты папам алғанын біліп қойдым. Алданғаныма ыза болдым. Сосын Аяз атаның жоқ екенін түсіндім. Менің папам өзгеше жан болатын...