Тағдыры бір, жол бөлек

Тағдыры бір, жол бөлек
жеке
блог

Тағдыры бір, жол бөлек

       Теңін таппай тентіреген тентектердің көптігін көргенде, кейде солай жүрген де жақсы ма деп қаласың. Алайда, селкілдеп келер кәрілікті ойға алсаң, жалғыздықты ұмыттырар тіректің жанынан табылғанын аңсайды жас көңіл. Алабұртқан екі жақты ой мазасын алып, зымыраған уақыттың қай тұсқа келіп жеткенін аңғармай да қалды, ол. Бір талай жер... Тоқтаусыз тықылдаған сағат тілі белгісіз тұраққа алып келді. Барғың келмейтін, өткенді аңсайтын, жастықтың бұрқыраған буын ұмыттырар шаққа. Өз бетіне отау құра алады-ау, бірақ сыңғырлаған сәбилік күлкіні аңсау қайда оған.

      Күн шырайы күлкі мен түнгі тәтті ұйқыны жоғалтты, бұл кәрілік. Жер бетінде жалғыз қалған жандай сезінетін болды өзін. Сырласар, түсінісер жақыны да жоқ маңайында. Бұл көшедегі жалғыздықтың машақатын көп тартқан қартаң кісі осы. Күн санап, көңілін аулап келушілер қарасы көптеуге таяды. Өткен-кеткен қызықтарды ойға алып, бір күліп, бір түнеріп отырған жанды көргенде, мейірімге толы жүректі сезінеді екенсің. «-Бәрі де кеше ғана болғандай...»-деп бастады сөзін.  Өткенін көз алдынан бір жүгіртіп өтті, әжей. Қатарынан әлдеқашан қалып қойғанына нанғысы жоқ. Тәккапарлық пен күмәншілдікті кінәлайды, барлығына. Онысының жөні де бар сияқты, айтуына қарасаң...

-        Сенімсіздік – өміріңді құртатын ең жаман қасиет, жағымсыз мінез. Кесірі көп тиді, маған. Біз арманның жетегінде кетіп, аспандап ұшатынбыз, ол кезде. Жанымда болса, көңілдің балқып, жүректің елжірегені сонша, әр сөзін құп көріппін. Алыстай қалса болғаны, сенімсіздік, күдік ұялайтын да тұратын. Қызғаныш қой сол... қатты қызғанатын едім. Хабарсыз кетсе, үнсіз қалса, басқаға көз салды деп ойлайтынмын. Адалдығына күмәнмен қарағаныма өкінемін. Ең қиыны, қолымды сұрап, алдыма келгендегі менің тырсиуым болды. Сол сәтте, қандай жынның түрткенін қайдам, одан да жақсы жанды жолықтырамын деп тәкаппарлыққа салынуым еді. Қалауымды орындап, кері қайтты. Соңғы айтқан бар сөзі «Енді ешкімді де сүймеймін...» еді. Иә... одан кейін біршама уақыт өтті. Ортақ таныстарды көргенде сұрастырып қоямын. Уәдесінде тұрып, отау құрмапты, әлі күнге. Кінәлі сезінемін өзімді. Тағдырымыз бір екен. Алайда, жолымызды бөлек қылып салыпты, жаратқан. Кәріліктің дәмін енді сезініп жатырмын. Ауырсаң аузыңа бір тамшы су тамызар ұрпағыңның, жаны ашыр жаныңның жоқтығын осындайда сезінесің.

      Бір жанның тағдыры, қысқаша баяндалған оқиға есі дұрыс адамды ойландырары хақ. Бүгінмен емес, ертеңмен өмір сүру керек сияқты, баршамызға. Жылтыраған бос дүниеге, қолдың кіріне қызығып, бақытын жоғалтқан тағдыр, сенімсіздік пен қызғанышты жүрекке ұялатқан тағдыр, солай жүрген қанша жанға сабақ болса екен...

 

  Жансая ҚАБДЕН