"МӘҢГІЛІК" ЕЛ - "АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ" ЕЛІ
жеке
блог

"МӘҢГІЛІК" ЕЛ - "АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ" ЕЛІ

           Қазақ елі сан ғасырлар бойы басынан аумалы – төкпелі заман қиындықтарын өткізген халық. Әр отаудың ұзақ жылдар бойы төрт қабырғасы қирамай нық тұруы сол үйдің фундаментіне байланысты. Міне, осы отауды қазақ елі деп алайық. Сонау бесінші ғасырларда өмір сүрген түрік бабаларымыз, қазіргі қазақ, қырғыз және басқа да түрік елдерінің бүгінгі күнде Еуразия материгінің үлкен аумағын кеңінен қоныстануына, мемлекет, этнос болып бой көтерулеріне басты себепкер екендігінде күмән жоқ. Құдіретті ата – бабаларымыздың қанша аянбай еңбек еткен, қан төккен қаһарлы да қайратты ерліктері, жалпы түрік мәдениеті мен өркениетіне деген шынайы патриоттық сезімдері мен ұлтына, еліне деген құрмет пен қажырлы еңбектері бүгінгі күнгі біздерге, демек кішкентай нәрестеден бастап аяулы қарияларымызға үлкен үлгі, асыл мұрат. Қандай ұлт болмасын, қандай мемлекет болмасын қиын кезеңдерде жеңіс пен бостандыққа әкелетін, тағдырдың аяқтан шалған кезеңінде халқын сабырға, ауызбіршілікке шақыратын, күтіп тұрған қиындықтарды айналып өтпей, оларға төтеп беруге жол бастайтын қуатты да данышпан көшбасшының болуы. Қазақ хандығы құрылғаннан бері Ұлы даланы өз заманының айбатты да қайталанбас хандары басқарып келді. Олардың әрқайсысы өз заманында қазақ халқын тұғырықтан алып шығудың, алға қарай даму мен дамудың барлық амал - жолдарын тауып, ұлтымызды бүгінгі бейбіт, жарқын күнге аман-есен жеткізді. Сондықтан да ата – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті, көгілдір аспан астындағы бейбітшілікті сақтап қалу әр қазақ пен әр қазақстандықтың ел алдындағы, Отан алдындағы борышы деп білемін. Шынымен – ақ, қазақтың көрмегені жоқ. Қаһарлы Керей мен Әз-Жәнібек хандардың Қазақ хандығының көк туын аспанға желбіреткеннен бастап аузын арандай ашқан аюдай Ресей империясы, алаулаған айдаһардай Қытай, адам жанын құмырсқаға теңеген алып Монғол империялары, алжыған жабайы төбеттей арсылдаған қоқандар қазақты жан – жағынан талады, шапты. Бірақ қайсарлы қазақ жүздерінің бірігуі, ержүрек батыр – бабаларымыздың биік рухы, шешен тілді билеріміздің құдіреттілігі, ойшылдылығы және де қазақты бір жұдырыққа жиа білген арландай батыл хандарымыздың бірлігі қандай қорқынышты, аузы қан жалаған дұшпандарға төтеп берумен атамекенімізді сыртқы жаудан көздің қарашығындай қорғап қалды. Ұлы жеңістерге әрқашан да оты сөнбес достықтың, татулықтың, еліне, жеріне деген асқан патриоттық сезім мен төзімділіктің, таймас жігердің арқасында жетіп отырған. Кенесары, Абылай сынды киелі хандарымыздың ұлттық стратегиялары, елін мен жерін қорғап қалу жолындағы, жалпы қазақ хандарының ерліктері әлі талай ғасырлар бойы ұрпақтан – ұрпаққа жетіп, әр қазақ баласының бойындағы Отанына деген ыстық патриоттық сезімі мен елжандылығын оятатыны сөзсіз.

монументі

Бүгінгі күнде «Бірлік түбі – тірлік» демекші, ұлтаралық достығы нығайған, бірлігі мен сыйластығы жарасқан мемлекет болу қандай қиын кезеңнен болмасын алып шығатын биік қасиет. Заман қиындап келеді. Алып мемлекетер арасындағы қақтығыстар, бүкіләлемдік валюта жағдайы қиындап, күннен-күнге өршіп келеді. Сол себепті Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың елдің үмітін оятып, қорқынышын басқан әрі бейбітшілік пен ынтымақтастық жолына шақырған «Қазақстан – 2050 – Ұлттық идея «Мәңгілік Ел» стратегиясын өзінің кезекті Жолдауында жария етті. Бұл идеология қазақ елінің ұлттық идеологиясына айналып келеді. «...Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру . Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз...» - деп сеніммен жеткізген болатын. Шынымен де «Мәңгілік Ел» болу әр ұлттың, әр халықтың асқақтаған арманы. Тарихқа жүгінер болсақ, бұл идеяны V – VI ғасырларда ғұмыр кешкен, өзінің ұлты мен жері үшін елеулі еңбек еткен кемеңгер Тоныкөк бабамыз ойлап тапқан екен. Ол бұл идеяны екінші Түрік қағанаты құрылып, Елтеріс Құтлық қағанның уәзірі болып жүргенде шығарған болатын. Мәңгілік Ел – мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынды. Сол замандағы түрік бабаларымыз «Мәңгілік Ел» идеясын озық пайдаланды. Содан ғасырлар зымырап өткеннен кейін бұл идеология Қазақ хандығы заманына да жетті деп айтсақ болады. Себебі Абылай сияқты ұлы хандарымыз алпауыт елдерден қазақ жерін, ұлтын сақтап қалу жолында халқын бір жұдырыққа жиып, біріктіре алды. Демек, Абылай хан бабамызды «Мәңгілік Ел» идеясын қайта жаңғыртқан, халқы үшін тиімді ұстана білген әлемдегі ең құдіретті хан деп мақтанышпен айтуға болады. Міне, енді ұрпақтан – ұрпаққа жетіп, бүгінгі егемен Қазақстан заманында, мәдениеті мен фольклоры сақталған түрік елдерінің заманына да жетіп, үлкен нақыштағы аса жетілген, уақыт талабымен тексерілген озық идеологияға айналды.

монумент

        Елбасымыз: «...Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз...» - деп айтып жеткізген болатын. Осындай ұшқыр мақсаттарымызды есіткен кезде елімнің болашағына деген берік сенімім арта түсті. Шығарма басында фундамент туралы айтып кеткен болатынмын. Міне, енді сол сөздерімнің мағынасын ашатын кез келді деп ойлаймын. Сонымен, Түрік қағанаты заманындағы ұлы бабаларымыздың құрған «фундаменті» сан ғасырлар өткеннен кейін Қазақ хандығына табысталды. Қазақтың құдіретті хандары қазақ елінің іргесін нығайтып, одан әрі дамытып, бүгінгі біздерге жеткізіп берді. Енді егемен Қазақстан ұрпақтары бізге жеткен, нық қағылған «фундаментке» орнымен, бар еліміз бірлікпен, ынтымақтастықпен сапалы да сыйымды «кірпіштерді» қирамастай етіп орнатуымыз қажет деп санаймын. «Мәңгілік Ел» идеололгиясының басты мақсаты осындай қиын замандарда еліміздің тұғыры мықты, біліміміздің сапалы болуы, халқымызға аянбай қызмет ету арқылы діліміз бен тілімізді қастерлеу, сақтау, бірлігіміз пен достығымызды нығайту, ұлтаралық «кеденді» жоя отырып, барлық 132 ұлт өкілдері бір бүтін қазақ елі болып бірігу, әдет – ғұрпымыз бен салт-дәстүрді жоғары дәрежеде ұстану және осы міндеттерімізді атқара отырып, елжанды, кіндік тамған жері үшін жанын беруге дайын, кеудесінде патриоттық сезімі алаулаған ұрпақ өсірумен Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік ел ету деп түсінемін. Қазақ елі Кеңес одағы заманында қауіпті де азатты ғұмыр кешті. Анау аштық, қара жұмыс, орыстандыру саясаты, ұлт зиялыларын қыру... Бұл бір қасіретті кезең болды. Қазақ халқы өзінің салт – санасын, тілін, ұлттық нақыштарын, мәдениетін, жалпы «өзін» жоғалтып ала жаздады. Соншалық ауыр, солақай саясат қазақ ұлтын жалпы өркениеттен су түбіне әкете жаздады. Басқа ұлт өкілдерінің жерімізде қоныстандырылуы қазақтың энологиясына, фольклорына үлкен зиянын тигізді. Аштықтан қалың қазақ бауырларымыздың шекара асып, өздерінің қаны сіңген, кіндік тамған Отандарын тастап кетуіне мәжбүр болды. Сол эмиграция жағдайы, жаңадан келген ұлт өкілдерінің қазақ халқының тіл мәдениетіне, өркениетіне, жалпы ұлттық болмысына қарама – қайшылықтыр туғызды. Осындай қиын заманды да бастан өткердік, аралас – құрмалас болдық. Үлкен қоғамдық өзгерістерден кейін, үкіметтен көрген қиындықтарға қарамай, жерімізге жаңадан қоныстанған аға - бауырларымызды, «өзім» деп келген елді өзегінен теппей, бауырымызға басқан үлкен «Жерұйыққа» айналдық. Енді Елбасымыз ұсынып отырған «Мәңгілік Ел» идеологиясын жүзеге асыру үлкен уақытты ғана емес, береке мен бірлікті, өзара достық пен беріктікті талап етеді. Мұны әр қазақстандық азамат түсіне, бағалай білу қажет. Заман талабына сай осындай жауапты кезеңде дағдарыс пен сыртқы қатерден сақтана келе, жаңа жаһандық ахуалда өзімізді еңбекқорлыққа, тұрақтылыққа, үлкен сыйластыққа тәрбиелей білгеніміз абзал. Елбасымыздың «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданы ұстануымыз қажет екендігін айтқан болатын. Мағынасы терең бұл сөздер бойыма рух бергендей... «Отан - отбасынан басталады» демекші атам қазақ, бүгінгі таңда әр жанұя мүшелерінің, әсіресе ата – ананың балаға беретін тәлім – тәрбиесінің мәні зор. «Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың жаны» деп бекер айтылмаған. Болашақ ұрпаққа ана тілімізді бұлғамай, таза жеткізу әр қазақ пен қазақстандықтықтың ең басты борышы! Сонымен қоса, ілтипаттылық, ар-ұят, әдептілік, адалдық және жоғары адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді төрт аяқтап еңбектеген бүлдіршіндеріміздің бала күнінен бойларына сіңіру әр ата-ананың басты міндеті. Отбасындағы қарым – қатынас, тәлім – тәрбие сол халықтың мәдениеті мен жалпы өркениетінің дамуымен тығыз байланысты. Қазір өзім куәгер болып жүрмін, қазақ жанұялары іштерінде өзара орыс тілінде сөйлеседі. Қоғамдық орындарда да ата – ана кішкентай бүлдіршіндерімен орысша гүбірлеп бара жатады. Бұл бұрыс тәрбие деп санаймын. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «...Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті» - деп атап өтті. Сондықтан да болашақта қазақтың азаматары мен азаматшаларының 62 тамырында қасиетті ана тіліміздің бойлауы заң. Дамудың ең негізгі әрі қуатты жолы мемлекетік тілдің кең ауқымда, қарқынды және күнделікті қолданылуы деп білемін. Қазіргі заманда Кеңес үкіметі не одан да ертеректен қарағанда білім мәселесі шешілді деп ойлаймын. Жаңа ақпараттық технологиялардың күннен-күнге дамуы, мемлекеттің білім ошақтарындағы оқушылар мен студенттерге жасайтын мүмкіндіктері қуантпай қоймайды. Оқулықтар мен жалпы заманның жаңа электронды форматқа өтуі де, үкіметтің жасап отырған мүмкіндіктері де, айта кетсем, оқуға мыңдаған грант бөлінуі, жаңадан басылып жатқан түрлі кітаптар, тегін оқулықтардың ұсынылуы, барлығы да сапалы білімді нығайтудың дұрыс жолдары деп білемін. Сапалы білім беру жүйесін дамыту - «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын басты негіз екендігіне сенемін! Елбасымыздың «...Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел» деген нақты сөздері әр қазақтың жүрегін үмітке ұялатқаны рас. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар! Бүгінгі ұрпаққа бұл идея айқын әрі осы идеяны іске асыратын жол ашық! Міне, енді жаңа идеяны үлкен мүмкіндіктерді, бар күшімізді, ер – жігерімізді пайдалана отырып, ата - бабаларымыздан келе жатқан бірлік, татуластық, ауызбіршілік, озбырлық, адамшылық сияқты асыл қасиеттерімізді бойымызға сіңіре отырып, ат тізгінін қолымызға алып, қатері мен күтіп тұрған қиындықтары және үлкен мүмкіндіктері мол тұманды болашаққа жол бастағалы отырмыз. Сол себепті халқыма адал қызмет етуге, елімнің болашағы үшін қандай қиындықтарға да мойымай «Алаш» ұранымен тек алға ұмтылуға уәде беремін! Жұртымыз тек тыныштықта, бейбітшілікте, ынтымақта, алтын күн мен ашық аспан астында бақытты ғұмыр кешетініне толықтай сенемін! Мен Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға өз үлесімді қосуға бар күшімді саламын! Мен − «Мәңгілік Ел» перзентімін! Мен – қазақ қызымын! Мен елімді сүйемін!