Түлектерге өз тәжірибемнен бір-екі ауыз

Түлектерге өз тәжірибемнен бір-екі ауыз
жеке
блог

Бәріне болмаса да біріне пайдасы тиіп қалар деген үмітпен жас түлектерге бір-екі ауыз өзімнің түйгендерімнен айта кеткім келіп отыр.

Қазір бәрінің ойында бір сұрақ – «Қандай мамандық таңдаған дұрыс?». Мамандығын, барар оқу орнын таңдап, өзіне нық сеніммен жүрген талапшыл түлектер бар. Оларға бәрекелді дейміз! Ал мен бір-екі ауыз сөзімді әлі екі ойлы, кейде тіпті ойы сан саққа жүгіріп жүрген түлектерге бағыттасам.

Сонымен,

Мамандықтың жаманы болмайды, тек нашар маман болады. Екінің бірі заңгер не экономист болғанымен ең мықты заңгерге не ең мықты экономистке сұраныс әрқашан бар. Демек, таңдаймын-ау деген мамандықтың жілігін шағып, майын ішуге алдын-ала өзіңізді психологиялық тұрғыда дайындаңыз. Сан көп жерде сапа ұтады.

Қандай мамандықта оқысаңыз да оқу орыны деген ең бірінші кезекте сіздің жан-жақты дамып, көзіңізді одан сайын ашып жетілдіретін орта. Сондықтан төрт жыл бойы сабаққа барып-қатысып-кетіп қана жүрмей шама жетсе барлық клубтарға мүше болып, үйірмелерге қатысып, ән айтып, би билеп, пікірталасқа шығып әйтеуір бос, тыныш жүрмеу керек. Нәтижесінде оқу орынының белсенді студенті атанасыз немесе жоқ дегенде бір жаңа зат үйренесіз.

Оқысам, білім алсам деп барған екенсіз ендеше шындап іске кіріскен жөн. Уақыт бар, кітапхана бар, кеңес алатын ұстаздар бар. Мамандығыңыз бойынша болмаса да дамып, жетілуге қажеттінің бәрін оқи беріңіз. Мәселен, ағылшын тілін жетілдіру. Бітіріп жұмысқа тұрған соң мұның бірі де болмайды.  

Осымен бір-екі ауыз сөз бітті. Сәт-сапар сіздерге, жас түлектер!