Сөнген субұрқақтардың қаласы

Сөнген субұрқақтардың қаласы
жеке
блог

     Өзіндік ритмінен жаңылмай қозғалған бұрғылау білдегі... Көзіңе мұнаралардай боп көрінетін скважиналар... Ұлу тастан жасалып, көрінер беті ғана майланып-сыланатын төрт қабатты үйлер... Және, шаң болса тісіңнің арасында тықырлаған қиыршық топырақ...  Бұл - мен білетін Жаңаөзеннің келбеті. Сұр қаланың сұрықсыз жүзіне аз ғана романтизм қосайын деп, мен оны поэзия тілінде "Сөнген су бұрқақтардың қаласы" - деп атаймын. Иә, фонтан деген дүниенің Өзенде ғұмыры келте. Ашылған кезінде көп болса бір апта атқылар, одан әрі мәңгіге сөніп қалады.  

     Ал өзіңіз Жаңаөзен десе нені елестетесіз? Бүлікшіл адамдар  тұрақтайтын гетто сынды қалашықты ма? Әлде , Тәуелсіздіктің 20 жылы қарсаңында бүткіл Қазақ елін жерге қаратып, " Біз-бейбіт елміз" деген ұранды теріске шығарғандар шоғырланған мекенді ме? Не де болса, араңызда Жаңаөзендіктерді түсінбей қалғандарыңыз жоқ емес. Саясатта шаруам жоқ, мен тек осы қаланың шаң аралас топырағын 22 жыл жұтқан адам ретінде өзім білетін шындықты айтайын.  

     Сол 2011 дің желтоқсанындағы қырғыннан бұрын Жаңаөзеннің жағдайынан билік бейxабар болды. Түбекте жатып мемлекеттік бюджетке донор болып келген моноқала ұмыт болды.  Қымбатшылық пен жұмыссыздық өз алдына ,қалада не тынығатын орын, не дұрыс тротуар,  тіпті көшесінде қоқыс жәшігі болған жоқ. "Шіріген жұмыртқа" иісімен (күкіртті сутек газы араласқан ауа) тыныстайтын халқының денсаулығы да мәз емес. Миллиардтарды ұлтық қазынаға төңкеріп отырған қаланың жүзі жадау, тұрғындарының көңілі жүдеу болды. Ал экономикасын әртараптандыру деген құр сөз ғана болып келді. Қазір ғой шүкір, кәсіпкерлікті қолдап өзін-өзі жұмыспен қамту деген жүріп жатырғаны. 
 
    Сол қанды күндерден кейін жоғарыда отырған депутаттардың "Жаңаөзендегі ереуіл оралмандардың кесірінен" деп көкігені тағы бір ашуға тиген еді ...  Ешнәрседен xабарсыз, кезінде шет ел ауғандардың басынан өткен қиындығының 1 % сезінбеген адамның олай сөйлеуі орынсыз. Жат ұлтқа төрінен орын бергенде, өз Атамекеніне енді ғана оралып жатқан өз қазағымызды айыптағаны қалай?  
 
    Қысқасын айтсам, жаңаөзендіктерді түсіну үшін Жаңаөзенде тұру немесе жаңаөзендік болып туылу қажет. 1989 дағы , 2011 дегі ереуілдер еріккендердің ісі емес. Халық ашулы болды. Ал, әр ашудың өз қоздырғышы бар екені белгілі. Бұл бір бүгілген ақиқат, сыры ашылмаған оқиға, жұмбақ тақырып. Және оны талқылау үшін үлкен саяси білім қажет. Мен тек қане бір нәрсені білемін: Жаңаөзенде су бұрқақтар сөнсе де, патриотизм мен ұлтжандылықтың , адамгершілік пен қазақылықтың жарқын сәулесі сөнген емес!