"Қырықбай бір пиво"

"Қырықбай бір пиво"
жеке
блог

Карта - ойыны қазіргі таңда интернет желісінде де, шынайы өмірде де кең тараған ойындардың бірі. Оны "құмар ойын" деп те атайды. Себебі, ақшаға ойнаған кезде баршамызға белгілі бір кірсең шыға алмай қаласың.

 

Бірақ картаны демалыс үшін де ойнайтын адамдар жетерлік. Ол үшін сөгудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Бұл менің бала кезімдегі оқиға. Менің атам Сәбит шаруа қожалығы бар, егін егетін адам еді. Яғни, егін болғанда көбінесе қант қызылшасы, жоңышқа, арпа, соя секілді дақылдар. Сол жылдары қант қызылшасын себу қолға алынған еді. Осы бір күйбең тіршіліктің шаруаларынан шаршап, денелері ауырып, қызу жұмыстан күйзелген аталар миларын тынықтыру үшін карта ойнайтын. Мен болсам оларды сыртынан бақылып тұратынмын. Иә, жиі-жиі ойнамайтын әрине. Бұл дәстүр ай сайын болып тұратын. Сенбі күні таңертең басталады, түскі ас ішіп алып қайтадан кіріседі, сөйтіп бестің шәйін ішіп алып қайтадан жалғастырады. Ал кешке жұбайлары ет асып қояды, содан тамақтанып алған соң қайтадан кіріседі. Сөйтіп аталар жексенбі күнгі таңға дейін 24 сағат бойы карта ойнайтын. Кейде одан да асып кетуі мүмкін.

Ауылды жер болғандықтан бәрі бір-бірін таниды. Сондықтан ол кісілер ақшаға емес бір параққа ойнайтын.  Ол қандай парақ ? Оның қаншалықты құндылығы бар ?

Әр атаның алдында осы парақтың 10-20-сы жататын.Ол парақтың құндылығы оның бетіндегі жазуда  жатыр. Мысалы, менің атамда "Сәбит бір пиво", Сәрсенбай атада "Сәрсенбай бір пиво" деп жазылып тұратын. Алты адамның алдында да осындай парақтар жататын еді. Сол шақта "бір пивоның" құны 100 теңге еді-мыс. Аталар осылайша ақша орнына "пивоға" карта ойнайтын.

Ойынның ортасында атамның жанына келіп қарап отырсам, ол былай деп айтатын: "Мен қазір бәрін жеңіп кетейін, сосын сендерді машинама салып алып, балмұздақ алып беремін". Сосын менің қолыма бір парақты ұстатқан еді. Ол парақтың бетінде "Қырықбай бір пиво" деген жазуы бар болатын. Сол парақты алған сәтте бүкіл жаһанда менен бақытты жан жоқтай қуанып, төбем көкке жеткен еді, шіркін! Бала бақытына не жетсін?!

Иә, ойлап қарасақ картаны тек құмарды қандыру үшін ғана емес, қатты шаршап, күні-түні соңынан жүгіруді талап ететін жұмыстан күйзелген кезде, достарыңмен бас қосып бір демалып қалу үшін де ойнайды екен.