Түлкібаста өткен айтулы көкпар

Түлкібаста өткен айтулы көкпар
жеке
блог

Тимур Дүйсенбаев қасиетті Түлкібас өлкесіне еңбегі сіңген,халқына қалаулы нарқасқа азаматтың бірі.Еркін күрестен Қазақстан чемпионы.Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.Қазіргі кезде ел дамуына үлес қосқан беделді кәсіпкер.Ол әрдайым туған жердің,өскен елдің қадірін ұмытпайды.Қасиетін біліп әрқашан ауылға көмек қолын созады.Игі ісін аямайды.Оның жасаған істері ел-жұртқа үлгі-өнеге.

Соңғы жылдары ел арасында көкпар ойындары көп ұйымдастырылып жатыр.Мақсат ұлттық спорт пен оны жанына серік еткен тақымы мықты шабандоздарды халыққа насиаттау.Бұл дегеніміз қазақ үшін зор мақтаныш. Үлкен мәртебе.Осыны білген Тимур Тастанбекұлы туған өлкесіне келіп, көпшілікті жинады.Ұлттық ойынның мәртебесін көтерейін,елдің ықыласын алайын,-деп ас берді.Үлкен көкпар өткізді.Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстаннан 2 мыңға тарта шабандоз келді. Бәйгенің жүлде қорына 15 автокөлік пен 10 миллион теңге тігілді.

Көкпар басталар алдын көпшілік өмірден өткен шабандоздар мен атбегілерді еске алды.Қариялар көкпаршылардың өнері мен аттары туралы аңыздарды айтты.Ұйымдастырушылар құрметті кісілерге сыбаға беріп,ақсақалдарға шапан кигізді.Ал,қадірлі мейман,қырғыз елінің бас муфтиі Мақсат қажы жиналған жамағатқа уағыз айтып,Құран оқыды.

Ұйымдастырушылар бәйгенің әділ өтуін қадағалады.Төрешілер төрелігін айтып,ойынды назарда ұстады.Сол үшін де жаппай көкпар барысында ешқандай айқай,реніш болған жоқ.Өйткені салым нақты қолға тиді.Байлау мен жетектеуге тыйым салынды.Мәреге жетпей түсіп қалған,туралықтан тайған шабандоздардың салымын ақалақшылар жаратпай тастады. Бұрмалаушылық орын алмады.Себебі шындық болмаған жерде жақсы атағың шықпайды.

Шынында қазақ сияқты аттың құлағында ойнайтын ұлт жер бетінде жоқ. Содан болар,көкпар десе делебесі қозатын Тимур Тастанбекұлы ұлттық ойынды қастерлеу біздің міндетіміз болуы керек дейді.

Жаппай көкпарда тақымы тастай,аты аңызға айналған шабандоздар ойынның көрігін қыздырды.Жылқы мен үстіндегі адамның үйлесімі болмаса,еңбек ақталмайды.Сондықтан додаға ынтыққан қариялар мен жас шабандоздар барып салып көкпар шапты.Ептілігін көрсетіп,мықтылығын танытты.

 

Ат пен шабандоздың сыналған жері осы көкпар болды.Ойын тартысты әрі қызықты өтті.Барлық салым салынып,шабандоздар жүлдеге қарық болды. Міне Түлкібастың төрінде шабылған көкпардан ел сусындап,тамсанып қайтты.Жұрт жылқы пен шабандоздарға деген ризашылық әңгімелерін айтып тарасты.

 

Нұржан Жақсылық