Саған жазылған хаттардан

Саған жазылған хаттардан
жеке
блог

     ...Далада ақ жаңбыр себелеп, тырсылдаған тамшы ішке кіруге талпынғандай терезені ұрғылауда. Тура менің аласұрған, мазасызданған жүрегім тәрізді.

     Көңілдегі кірбіңді жуып,адам жанына жайлылық сыйлайтын әуезді ән секілді ақ жауын да айналаны шаң-тозаңнан тазартуда. Мендегі кіршіксіз сезім жамандық атаулының бәрін ұмыттырып, тек ізгілікке, шапағатқа, махаббатқа жол ашқандай. Аспаннан жауған аппақ нұр – күміс теңгелер менің саған деген сезімім сияқты мөлдір де таза.

    ...Сүю деген алапат сағыныш екен. Сүю деген – сені күтуім, күні-түні ойлауым, іздеуім, қызғануым, қайғыруым, өзгеге қия алмауым екен... Иә, қия алмайтын адамың болғаны қандай жақсы! Сенімен жолыққан сәттің бәрінде жанымды бір нәзік сезім билеп, ол сезім маған шалқар шабыт сыйлауда. Жүрегім аузыма тығылып, беймәлім құбылыс жан дүниемді түрлендіріп, әншейінде салмақты қалпымды өзгертіп, бейне бір тоқ ұрғандай күй кешемін!..

    ...Бүгін радиодан бір ән тыңдадым. Көбелек пен адам сезімі жайлы екен. Сонда көбелектің махаббатын сипаттайтын мына бір жол тура адамзат атаулыға тән сөздердей көрінді: «Отты күн деп сүйген ол да бізге ұқсайды».

     Иә, «күнім» деп сүйген адамыңның бір күні қалайша отқа айналатынын  немесе  жаныңа  сөнбейтін  өрт  сыйлап,кететінін  біз білеміз бе? Өкінішке қарай сезімнің болашағын,  оның көлеңке жақтарын ойлағымыз келмейді.  Тек жақсы, жарқын дүниелерге  ынтықпыз.Өйткені  ғашықтық тек ізгіліктен тұрады. Кеудеңде жанған махаббат оты жамандық атаулыны көрмейді, көргісі де келмейді. Сондықтан да бұл махаббат аппақ арман, ізгілікті үміт, шыдам мен төзімнен,  сену мен күтуден ғана жаралған.  Ішкі дүниедегі  от қанша  күйдірсе  де  саған  деген  ынтықтығым одан сайын арта түседі...

     Шын жақсы көрген жаннан ұйқы да қашады екен.  Тыныштық  орнаған  ғажайып әлем – түнмен де сырласқандай боласың. 

      Білесің бе, өмір  деген  адамдар  әлемі  болса,  бақыт  деген  өзгеге  шынайы   ғашық болу дер едім...