Әр балл алтыннан қымбат

Әр балл алтыннан қымбат
жеке
блог

  2013 жылғы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатысқан түлектің бірімін. Осыған орай тестілеуден түйген ойыммен бөліссем деймін.  Менің пікірімше, ҰБТ-ның жағымды әрі жағымсыз жақтары бар. Жағымды жағы- балалардың білімін тексеріп, олардың есте сақтау қабілетінің жақсаруына мүмкіндік ашса, жағымсыз жағы психологиялық тұрғыда әсер ететіндігі, онымен қоса кейбір дайындығы төмен балалардың «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, дұрыс-ау деген жауапты белгілей салатындығы. Онымен қоса мүгедек балалардың жағдайы ескерілмейтіндігі.

  Шыны керек, балалар қанша дайындалса да, 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа  дейінгі аралықтағы оқу бағдарламасын түгелдей жаттап ала алмайды. Ол мүмкін емес жағдай. Тіпті білімді баланың өзі шатасады. Неге шатасады? Өйткені, кейбір сұрақтар дұрыс қойылмайды, бұрмаланып беріледі. Осыдан келіп бала сұрақты біліп тұрса да, өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Осыған орай, бір мысал келтірейін. Қазақстан тарихы пәні бойынша, маған мынандай сұрақ келген: 1886 жылғы «Ережеге» сай Қазалы, Перовск, Шымкент, Алматы және Ташкент уездері кірген облыс: Сырдария облысы. Негізінен, ол 1891 жылы болған оқиға.

    Әрбір жас түлекке, әр балл алтыннан да қымбат. Ал, тест кітапшасындағы кейбір сұрақтардың дұрыс қойылмауы талапкердің мүмкіндігін шектейді.

   Тағы да айтатын мәселе- мүгедектердің құқығы қорғалмайтындығы. Сол Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге отадан шыққан, аяғында Илизаров аппараты бар, бір жағымен ғана отыратын бала қатысты. Сол бір жағымен, ол үш жарым сағат отыруға тиіс болды. Бұлай тест тапсыруға мүгедек балаға қиын екендігі айтылғанда: « Саған ешкім тестке қатыс деген жоқ, өз еркіңмен келдің», -деген жауап қайтарылды. Әрбір мүмкіндігі шектеулі бала, өз қатарынан қалғысы келмейді. Сондықтан тест кезінде мүгедек балалардың демалуына уақыт беріліп тұрса, жақсы болар еді.

   Осы орайда көршіміз Ресей мемлекетінде тестілеу әр аптада әр пән бойынша өткізілетіндігін алға тартқым келеді. Бұл баланың жеке-жеке пән бойынша көбірек дайындалуына мүмкіндік береді.Біздің елімізде Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде  бес пән бір күнде, үш жарым сағат ішінде  өткізіледі. Түлектерге әр пәннен 25 сұрақтан, демек 125 тапсырма орындап шығуға, оның ішінде есеп шығаруға тура келеді. Қорыта айтқанда, осы мәселерді ҚР Білім және ғылым министрлігі бір пысықтап қарап, балаларға тиімді жақтарына көңіл аударса, мүгедектердің жағдайын да ескерілсе. Нұр үстіне нұр болар еді.