"Сезім сиқыры"

"Сезім сиқыры"
жеке
блог

СЕЗІМ СИҚЫРЫ

(әңгіме)

      Біреуді таныстырған, біреуді табыстырған, енді бірді ұмыттырмастай жабыстырған қу сезім. Жүректе өткен күннен қалған сыз барын біле тұра, тәуекелге тағы тікті басын. Бәлкім... бәлкім бұл жолы сәті түсіп, шынайы сезім иесін кезіктірермін деген алдамшы үмітқой сол. Қылаң тартқан үміттің жетегінде кетіп, тағдырдың дүлей дауылы қайда апарып соғарын аңғармай да қалды бойжеткен. Санасына билік етер жан тез-ақ жолығар-ау, алайда жүрекке емес. Сезім мен сенімнің, ұнату мен бауыр басудың ара жігін ажырата алмастай болып, дел-сал халге түсті. «Ұнайсың» деген әр кімнің алдамшы сөзіне сеніп, тәтті қиялмен күн кешуді тоқтатпады. Доғарар ойы да болмаған іспетті. Кеңес берер құрбының да, қолдау көрсетер Ананың да лебізіне құлақ асар емес. Басы тасқа тиіп, шырмалған өмір қатаңдығын сезгенде, тірелген тығырықтан талпынып жол тауып шығамын деген де ғана өткенді ой елегінен өткізеріміз бар. Ол да сондай жағдайды бастан кешті.

      Олардың танысулары да бір қызық. Әдетте, ер бала аруды іздеп табушы еді. Бұл жолы керісінше. Арманы асқақ бойжеткен оқудан бас алмайтын ол тұста. Бір сәттік елестей қылып, бет-жүзін көріп те үлгермеген құрдасын жолықтырмай тұрып. Одан кейін бәрі де өзгерді. Жоғары сынып оқушысы оқуға ден қойып, ынталануды доғарды. Есінен кетер емес... бір қалада тұрсақ, кездесіп қалармыз деп үміттене де алмайды өзгелер сияқты. Жігіт ауылдікі. «Арманым – журналистика!»- деп бар дауысымен мақтана айқайлайтын арудың, тілшілік жолы осылай басталған секілді. Бір жағынан болашақ мамандығы үшін, екіншіден сол жанды бір көріп-кетуді сылтауратып жиірек баратын болды ауылға. Жүрегінің, көңілінің иесін жолықтыруға себепкер болған аудандық газетке ризашылығын білдіріп әлек. Әр нәрсеге мұрынан шүйірер қыздың ойынан шыққан боз балаға келер болсақ, «жылт еткен сезім болды»,- дейді «менде де. Алайда, досымның ғашығын өзімнің серігім деп елестете алмадым. Тым қиын...» бойындағы жігіттік намысы, өр рухы мен бір көрген көзге жылулық берер бейнесі қызды одан әрі елжіретіп сала берді.

      ...  Талай жылға созылған пәктік, бірге өткен жастық, ағынан ақтарылған жүректегі лүпіл мен тыныштықтағы шаттық... Ұмытылды, бәрі де ұмытылды. Өткен күннің көлеңкесіне де татымай қалған секілді. Екі жанның тағдырына абайсызда қосылған үшіншінің бір сәттік жалғаны себеп болды бұған. Сенімнен айырылған ару қайда барсын? Сүйіп қалармын деген үмітпен өзін де, себепші жанды да алдап, біраз күндерін өткізді. Елесі құрығыр, санаңды жаулап, бөлменің әр бұрышынан күлімсіреп қарап тұрғандай. Бір кездегі құлаққа нәзік естілер, тәтті үні жапан дала жаңғырығына ұқсайды. Өзекті жарған өкінішпен жынданарға аз қалды. Қиналды, күйінді, қателігі мен опасыздығы үшін кешірім сұрап,жаратқанға сыйынды. Белгі де, сүйгенінен хабар да жоқ. Жер басып жүргенін естіп, әр кеш сайын шүкіршілік етіп қояды тағдырына.

        Уақыт өтіп жатыр. Алабұртқан дауыл ашуын тоқтатып, тыныштығын орнатты. Алғашында, ұнатуға талпыныс жасаған жан қасында қазір. Өкінішті ұмытып, «сол кездегі ісім дұрыс болған шығар бәлкім»,- дейді күбірлеп. Мүмкін... кім  білсін? Алдағы өмір ағысы тағы қай жағаға апарарынан ешкімнің де хабары жоқ. Сүрініп бір түрегелген қыздың санасында бірінен кейін бірі жылжып, қат-қабат орын алған оқиғалар ұмытылар емес. Жүдеп те қалды содан бері. «Бақыттымын!»- дейді сұраған елге. Көңіліндегі кірбіңді, өзегіндегі өкінішті, көзіндегі мөлдір жас пен үніндегі дірілді аңғарғанда бақыттың өзі тұрмақ, мұрыныңа иісі де келіп-кетпейтіндігіне куә болады екенсің.

        Көптен күткен оқиға туды. Хабар келді жігіттен, алайда, бәрі тым кеш еді. Сезімнің сиқыры ма дерсің. Ескі ғашығының дидарын көріп, бір мүмкіндік пен үміт сыйлаймын деп келген жігіттің қарсы алдынан - танымастай өзгерген, отбасын құруға уәделесіп қойған, құрсағында сәбиі бар жан шықты. Екі жақты өкініш пен бір-бірін бұрыннан іштей түсінетін жандардың көздеріне толған ыстық жас – өткен күннің, қайғыға толы берік махаббаттарының дәлелі болып қала берді.

 

 

Жансая ҚАБДЕН