Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі
жеке
блог

         Қай заманда болсын әрбір елдің өркендеуі мен тұғырының берік болуы – сол елдің білімді жастарының қолында. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің тілімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім».  Демек, Тәуелсіз Қазақстанымыздың өзге елмен терезесін тең, болашағын жарқын ететін де сол – жас ұрпақ. Кейінгі буынды өзгермелі өмірді еркін бағдарлай алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

         Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» екендігін баса айтып, жастардың жағдайын жасауға барынша мән берген. Сол себепті де, білімі мен біліктілігін ұштастыра білетін маман даярлау мәселесінде еліміздегі жоғары білім беретін оқу орындарының маңызы зор. Сондай киелі білім шаңырағының бірі, өзім мақтан ететін – І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті. Бастапқыда Талдықорған педагогикалық институты атанса, бүгінде еліміздің беделді университеттері қатарында. Мұнда жастарды жоғары біліммен сусындатып, әрбір студенттің сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. 41 мамандық бойынша бакалавриат, 6 мамандық бойынша магистратурада түрлі дәрежедегі білікті ұстаздар дәріс береді.Университет ректоры Әбдіманап Бектұрғановтың басшылығымен Қазақстанның өзге қалаларындағы, тіпті, алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Яғни, талаптанған әр студент сыртқы немесе ішкі ұтқырлық жобасы арқылы өзі қалаған елге барып білім алуына, өзге жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибе алмасуына да зор мүмкіндігі бар. 3 оқу ғимараты мен университет кітапханасы, спорт зал және студенттік жатаханалар заманауи түрдегі жөндеу жұмыстарынан өтіп,  барынша жаңа үлгіде  жабдықталған. Болашаққа жарқын бағыт-бағдар сілтеп, әр студенттің асқақ арманын шындыққа айналдырып отырған осынау бір алтын білім ордасының білімгері атанғаныма мақтанамын. Менің университетім – менің мақтанышым!