Мен туған жер...

Мен туған жер...
жеке
блог

         Асқар шыңды Алатаудың биіктігіне қарасаң сұлулығы көздің шырымын қандырады. Күні кешегі бала қиялымның, сан түрлі арманына осы биік- биік таулар куә. Бұл таулар биікке ұмтылуды, еңсеңді тік ұстап жүруді, өмірдің түрлі қиншылықтарында мойынсұнбауды үйретті. Алып шаһар Алматы мен Қарасаздың арақашықтығы 4-5 сағаттық жол. Кезекті демалыстардың бірінде Талдықорғаннан Алматыға келе сала туған ауылыма жол тарттым. Шіркін!.. Ауыл деген тамаша жер ғой! Сол тамашасын ауылдан жыраққа кеткенде ғана түсінетініміз өкінішті-ақ!.. Саяхат автовокзалына келіп ауылға баратын көліктердің біріне отырып жол тарттым. Алматының шыға берісіндегі көлік кептелісі қаланың шуынан қашып, көңілі ауыл деп алып-ұшқан студент қыздың шыдамын әбден тауысты. Көлік кептелісінен өткеннен кейін көзім ілініп кетіпті. Машина тоқтағанда барып бірақ ояндым. Көзімді ашсам Байсейтке де келіп қалыптық.

       Байсейт-ұйғырлардың тұрақты жері. Мұнда ары-бері өткен жолаушылардан басқасының барлығы дерлік ұйғырлар. Бұл жердің тұрғындарының басты кәсібі-сауда. Ауылға апаратын базарлықтың бәрін осы жерден ала аласың. Керек затыңды қиналмай табуға болады.

       Көліктен түсіп тамақтанып, біраз демалып алдық та алға қарай жол тарттық. Жанымдағы кісілердің сөзіне аса назар аудармай, көлік терезесінен тамаша табиғатқа тамсана қарап келемін. Бұл өлкенің жолдары, жол-жөнекей кездесетін ауылдар барлығы таныс болса да, әр кез өткен сайын ерекше сезімде боламын. Әне-міне дегенше біздің мақтанып, кеуде керіп айта алатын баға жетпес байлығымыз Шарын шатқалына да келіп жеттік. Шатқалдың кереметін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Жер-Ананың құдіретіне таңқалмасқа бола ма? Құмдардан тізілген мұнаралар, төбесі көкке тиіп тұрған үлкен тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске түсіреді. Күз айларында бұл аңғар қып-қызыл жидектерге толады. Шарын өзенінің сағасында шаған орманы тамырын тереңге жайған. Осы тектес табиғи зона тек Солтүстік Америка жерінде ғана бар екен.

        Сұлулыққа тамсанып отырып Кеген асуынан да өттік. Бір кезде қасымдағы үлкен кісілердің бірі менен:

-Қызым, мына таудың атын білесің ба?- деп сұрады.

-«Маруся» деп аталатын тау осы емес пе дедім.

-Иа, неге «Маруся» аталатынынан хабардарсың ба?- деді. Таудың атын білсем де не себепті олай аталатынына мән бермеппін. Атамыз үнсіз қалған маған қарап, ендеше осы туралы бір аңызды айтып берейін қызым,-деді. Бәріміз үнсіз атамыздың сөзіне құлақ түрдік.

     Совет үкіметінің алғашқы жылдары болса керек, қыс айларының бірінде жаңадан ұйымдасып жатқан колхоздарға бес-алты машина ауылшаруашылық саймандарын әкеле жатып, осы асуда бір күн аялдап қалыпты-мыс. Шопырларда азық-түлік, арақ көл-көсір болған көрінеді, ішіп-жеп қашан жұрт келіп жол тазартқанша жата береді. Араларында Маруся атты орыс келіншек орыс келіншек болыпты. Масайып алған шопырлар Марусяға білгенін істеп, ақыры үсіп өлді деген сылтаумен асуға жерлепті-мыс. Содан бері, әсіресе қыста асуда боранды күн бола қалса, шопырлар: «Маруська ашуланып қалыпты, өшін алып жатыр»,-дейтін көрінеді. Содан бастап осы тау «Марусяның тауы» деп аталып кетіпті,- деп атамыз әңгімесін аяқтады. Атамыздың әңгімесінен кейін біраз жол қысқарған секілді болды. Сөйтіп, Сарыжаздан өттік. Сарыжазбен Қарасаздың ортасы жарты сағат. Менің ауылға деген сағынышым жақындаған сайын арта түскендей. Дегбірім қаша бастады. Бала кезімде мектепті тезірек бітіріп, ауылдан қалаға барғанша асық болушы едім. Енді ауылға тезірек жеткенше асықпын. Қай шаһарда жүрсең де кіндік қаның тамған жерге жетпейтінін осындайда еріксіз мойындайсың. «Қарасаз селолық округі» деген жазуды көргенде жүрек соғысым жиілей түскендей. Аспанмен таласқан Елшенбүйрек. Мөлдіреп аққан Қарасу өзені. Бейне бір суретшінің салған суреті секілді. Бәрі-бәрі бала кезімнің ұмытылмас сәттері. Көктем шыға сала сыныптастарымызбен тауға шығып, Қарасуға суға түсуге баратынбыз. Бір-бірімізді суға итеріп алаңсыз ойнаушы едік. Міне, бүгінде тай-құлындай асыр салып, бір үйдің балалары секілді бауыр басып өскен барлығымыз «студент» деген ғажап атты арқалап жүрміз.

          Асыға жеткен ауылыма да кірдік. Үйдің жанына келіп, көліктен түскенде анам, әкем,бауырларым әдеттерінен жаңылмай мені сағынышпен есік алдынан қарсы алды. Көліктен түсе сала бостандыққа шыққан жандай терең тыныс алдым. Ең бірінші әкемді құшақтап «Аққұсым» деген сөзін естіген сәтте қуаныштан көзіме еріксіз жас келді.