Ақындар айтады, халық қолдайды, билік тыңдайды...
жеке
блог

Ақындар айтады, халық қолдайды, билік тыңдайды...

Ұлыстың ұлы күні, ай мен күн теңескен, самарқанның көк тасы еритін көктем мерекесі, жыл басы саналатын 22-Наурыз күні Алматы қаласында үлкен деңгейде аталып өтті. Соның бірегейі Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Жүрсін Ерман бастаған айтыскерлер одағының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен «Мың жасаған шаһар» тақырыбындағы Халықаралық ақындар айтысы. 5-6 сағатқа созылған дүбірлі жыр сайысында 14 ақын сөз сынағына түсті. Айтысты тамашалауға Алматы қаласының жаңа әкімі – Бауыржан Байбек мырза әдейілеп ат басын бұрды.

 

Айтыстың шымылдығын ұшқыр ой, оралымды тілімен айтыстың ақтаңгері атанып келе жатқан Алматының намысын қорғаған Болатбек Оразбеков пен Монғолиядағы қандастарымыздың өкілі боп келген айтыскер ақын – Серік Қуанған ашты. Серік ақын ата жұртты аңсау мен «оралман» деген атқа ие болған қандастарымыздың жағдайын тілге тиек етті. Өзінің атасы да туған елге қайта алмай арманда кеткені туралы:

...Отанға орала алмай атам кетті,

Атам жетпей отқанға шапан жетті.

         Қандастарымыздың әр тарапта  жүріп, елге келу барысында мемлекет лайықты көмек көрсетпейді деп уәж айтып, шетелден ұшақпен сиыр тасығанша бауырларды тасымады ма деген сөзіне Болатбек ақын:

...Бір уыс жусан иісін сағынғанда

Тәрк еткен Бейбарыс та сұлтандығын, - деп жауап қайырды.

         Екінші жұпта Шиелілік жас та болса бас ақын Мейірбек Сұлтанхан мен Жүрсіннің жүйріктеріне жаңадан қосылып үлкен сахнаға алғаш көтеріліп жатқан Атыраулық жас ақын қыз – Әсел Тәушенова шықты. Мейірбек ақын бірден жаңадан сайланған депутаттарды сынап,  жасалып жатқан қызметтеріне көңілінің толмайтынын  айтты:

...Сенім артып дауыс берген ағайынға,

Көрмегенім сен болсын деп кетпеңдер.

Айта жүрер ертең де іс жасасын,

Бес жылға жай бекерге кеп-кетпеңдер.

Кедейлерді итеріп кеудесінен,

Қандасты оралман деп шеттетпеңдер.

Ел жұрттың қамын жеудің орынына,

Қазынаның қаржысын жеп кетпеңдер.

«Халықтың қалаулысы» деп жүргенде,

«Халықтың қанаушысы» боп кетпеңдер!

         Қыз бен жігіт айтысын әдемі өрбітіп отырған екі жас Әсел қыздың 10 күн бұрын келін атанғанын да сөз етті. Жас келін айтысқа қатысып жатқан ақындардан дәмді бір наурыз көже жасай алатынын жеткізді. Сол кезде Мейірбек ақын эфирлерден үздіксіз кесіліп қала беретін ақындардың сөздерін көже емес ботқаға айналдыратын сол күні  түсірілім жасап жатқан «Қазақстан» Ұлттық арнасына батыра айтты:

Айтыс өлсе қазақтық өлед(і) деген,

Жүкеңнің айтқан сөзі санада тұр.

Бұл күні телеарнаны қосып қалсаң,

Духыңды ақындарың қалап отыр.

Шетелдік сериялдар өрге жүзіп,

Айтысымыз қайырлап жағада тұр.

Төл өнерге бермесек төрден орын,

Құнымыз болғаны ғой қара бақыр.

Ұлттық арна айтысты бергенімен,

Көңілімде көкелерге нала жатыр.

Айтыстың бас-аяғын үзіп-жұлып,

Сөзіміз боп шығады ала-қотыр.

Шырылдаған шындығың қырқылып қап,

Кетеді шулағымыз далаға құр.

Осыны экраннан көрген халық,

Біздерді қылжақбасқа балап отыр.

Біздермен санасатын бір адам жоқ,

Шынымен келгені ме заман ақыр.

Айтысты сен наурыз көже дегеніңмен,

Шақтамай сөйлегенің шамаңа құр.

Бұйырса көп ұзамай көресің ғой,

Телеарна бір амалын табады ақыр.

Наурыздың наурыз көже айтысынан

Ботқа жасап береді, қара да тұр.

         Айтыстың кезегі бауырлас ел Қырғыздан жол салған қырғыз ақын Азамат Болғанбаев пен Алматылық ақын Шұғайып Сезімханға келген еді. Қос ақын туыс тілдерде айтысып, бауырластықтарын сөз етті. Бауырлас елдің жай күйі мен бейбіт байланысы ақындарға шабыт беріп, айтыс өз деңгейінде өтті.

         Алматынык атынан додаға қосылған аты алты алашқа мәлім айтыстың арғымағы – Рүстем Қайыртай мен Қызылордадан келген алтын ақын, Сыр суйымен біткен сұлу сөздердің иесі – Иран-Ғайып Күзенбаев төртінші кезекте айтысты. Рүстем ақын халықтан рұқсат сұрап сәлемінің өзінде шырмауы терең шындықты айтты:

Таң атып кеш батқаны білінбейтін

Бұл қала үлкен, алып кеңсе қала.

Ағайын айып ете қоймассыздар,

Сәлеммен шындықты айтып берсе бала.

Армысың Алматының тұрғындары,

Жүретін уақыттарын өлшеп ала.

Асыққаны соншалық туысымен

Тілдесетін көшеде көрсе ғана.

Кеңсайда алғаш рет қол жаятын,

Онда да бір жақыны өлсе ғана.

Басқа емес баласының тойына да

Баратын шақыру билет берсе ғана.

Медеу мен Көк-Төбеге шығатұғын

Алыстан туысқаны келсе ғана.

         Қос ақынның теңдей үзеңгі қағыстырып, үлкен мәселелерді көтеріп айтысулары дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

         Батыс жұртының қанына біткен қайсарлығын бір өзінің бойынан-ақ көрсете алатын қатты да айтатын, тәтті де айтатын, күлдіретін де, жылататын да шамасы бар ақын қыз Жансая Мусина мен «Ауырмайды жүрек» әніне сөз де жазған, айтыскер ақындығы бір төбе, танымал әндерге сөз жазатын жазба ақындығы бір төбе Тараздан келген Олжас Отар сахна төрінде бесінші жұп болып кезікті. Жансая ақын  мынандай бір әсерлі қайырым айтып кетті:

Берілген небір сынақ шақтарда да,

Қазағым шығушы едің саптан дара.

Білмеймін адам азып барады ма,

Қайғының тоны барад қатпарлана.

Сотталды небір-небір әкім қарақ,

Қарызды ап, бір біріне жапқан жала.

Пара беріп құтылады пара алғандар,

Дүниемен жарысу, мақтан ғана.

Адамды адам өлтірсе таңқалмаймыз,

Кетті ғой азаматтар атпал дара.

Сәбиге де көрсетед зомбылықты,

Зомбилер жердің бетін қаптауда ма.

Ата-анасын тастаған балалар бар,

Балаларын тастаған ата-ана бар,

Келмейтін ешбір ісі жақтауға да.

Қазағым ойланатын шақ келген де,

Онсыз да халық едік шақтау ғана.

Тірегің бола алмайды еш уақытта

Жүрегі тастай болып қатқан бала.

Туа сап бесігіне бөленбестен,

Туалет тесігінде жатқан бала.

         Алтыншы жұптың айтысынының кезегі Маңғыстаудан келген, кезінде Мәскеудің төрінде айтысып, өнерін көрсеткен Нұрлан Мұсаев пен 2015 жылы «Алтын домбыра» иегері, Керекулік ақын – Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Екі ақын 30 минуттық айтысына 30 жылға татитын оқиғаларды, қазіргі елдің жай күйін, жағдайын айтысты.

         Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші ауыр жүкті Атыраудан келген «шапанын әкім, төплиін әкесі берген ақын, маржан сөзі ғана өзінікі» - Шалқарбай Ізбасаров пен Алматының алтынға бергісіз алмасындай, айтыстың гүлі – Бибігүл Тілеуболдинова көтерді. Қазақ қызына тән ибалалықты бойына сіңірген Бибігүл қазір қыздан әрі боянып-сыланып, сырға таққыш жігіттерге сын, ашық наразылығын білдірді:

Қыздар тектес жігіттерді айтпай-ақ қой,

Бұл күні көз  көріп жүр жалпы ондайды.

«91» деген бір топ пайда болды,

Өздерінше әнші боп елді алдайды.

Әлгілер азаттықпен аттаспыз деп,

Өңеші үзілгенше айқайлайды.

Шашын бояп, құлағына сырға тағып,

Жігіттік намыстарын талқандайды.

Ел басына күн туса айтар едім,

Осы менің жанымда отырған Шалқарбайды.

Қыздай болған жаңағы сұлу жігіттер,

Білмеймін ертең қалай жар таңдайды.

«91» деген топтың мәселесі,

Тынар ма еді басқа түссе сарсан қайғы.

Төбесіне апарып тастай салса

91 килограммдық Шалқарбайды.

         Бұл жолғы айтыс деңгейі өте жоғары болды. Ақтық сынға өтуге лайық ақындар көп еді. Нұртөре Жүсіп төрайым болған әділ-қазылар алқасы ақтық сында өнер көрсетуге Рүстем Қайыртай, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев пен Бибігүл Білеуболдинованы лайық деп тапты.  Ақтық сынның құртындысы бойынша келесі ақындар жүлдедерге ие болды:

Бас жүлде: Рүстем Қайыртай (2 000 000 теңге);

Бірінші орын: Мейірбек Сұлтанхан (1 000 000 теңге);

Екінші орын: Иран-Ғайып Күзенбаев (500 000 теңге);

Екінші орын: Бибігүл Тілеуболдинова (500 000 теңге);

Үшінші орын: Азамат Болғанбаев (300 000 теңге);

Үшінші орын: Аспанбек Шұғатаев (300 000 теңге);

Үшінші орын: Шалқарбай Ізбасаров (300 000 теңге).

 Болатбек Оразбековқа ынталандыру сыйлығынан бөлек демеуші азаматтардың Президенттік шипажайға отбасылық демалысқа арналған жолдама сыйлады. Болат ақын бұл сыйлықты Монғолиядан келген қандас ақын Серікке ұсынып, отбасын Алматыға әкеліп, демалуға шақырды. Ал қалған қатысушы ақындардың бәріне 200 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Айтыстың астанасы – Алматы  бір жасап қалды. Айтыс алашымызға қайта оралып, биліктің назарына іліккелі жер-жерде өз екпінімен өткізіліп жүрген айтыстар соның айғағы. Алматы қаласының әкімі - Бауыржан Байбек өз сөзінде Ел басы Нұрсұлтан Әбішұлы айтысқа қатты көңіл бөліп, билік үшін де ел үшін де маңызы өте зор екендігін айтып, сын мен шындықтың жаршысы бола білетін өнердің болашағы жайлы аландайтынын, ақындарға, айтыс сүйер жұртшылыққа да сүйіспеншілігі шексіз екендігін жеткізді.