Халық қалаулысы біздің өңірде!

Халық қалаулысы біздің өңірде!
жеке
блог

Соңғы күндері баспасөз беттерін парақтасаң да, көк сандықтағы жаңалыққа құлақ түрсең де халық қалаулылары республикамыздың әр аймақтарын аралап, шалғайдағы елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып жүр. Мақсат — Елбасы Жолдауын халық арасында насихаттаумен қатар, аймақтағы ел-жұрттың жағдайын назарға алу. Ұтымды ұсыныстарын түртіп алып, көмек қолын созу, алыстағы ағайынға.  Бұл бағытта біз де тасада қалмадық. 2012 жылдың басты саяси науқаны —  ҚР Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлауында абыроймен салмақты да жауапты орындарына жайғасқан депутаттардың бірі Оразкүл Асанғазықызы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына ат басын бұрды.

Соңғы жылдары Астана қаласының Тіл саласын басқарған депутат ханым, Өзінің өткір сөзімен, тұщымды пікірлерімен, ақсап тұрған ана тілдің жайын "айқайлап" айтуымен көпшілігімізге таныс. Міне, бүгін мүйізі қарағайдай, өжет де өткір тілді депутат біздің ортамызда. Алдымен ауданға қарасты Жамбыл ауылдық округінде болып, ондағы балабақшадағы бүлдіршіндерден бата алып, Абай атындағы орта мектепке бас сұқты....

Оқушылардың сабағына да шолу жасады...

Жиын жасап, жұртшылықтың жағдайына зер салды...

Оразкүл Асанғазықызы іс-сапарын аудан орталығындағы даңқты шопан, Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қүанышбаевтың ескерткішіне тағзым етіп, құран бағыштап, бет сипаумен жалғастырды...

Жазылбек атаның мұражайына келіп, құнды жәдігерлерімен танысты...

Сонымен қатар, аудандық орталық ауруханаға барып, дәрігерлермен сұхбаттасып, заманауи техникамен жабдықталған емдеу бөлмелерін аралады...


Ауылды аралап, тіршілігімен танысқан депутат, жиналған халыққа Өзінің Парламенттегі жұмысынан мағлұмат беріп, жан-жақты әңгімелерімен, мірдің оғындай сөздерімен халықты мұқият тыңдатты...

"Көп жақсы істерді көрдім, шүкір!", - деп бастады сөзін мінбеге көтерілген депутат. Ауданнан көргенін, түйгенін айтып, барды бар деп бағалап, кемшілікті сынап та өтті. Елбасы Жолдауындағы бағыттарды саралап айтып, әр адамның ойына ордалы ойлар салды. "Қоғамдағы өзекті мәселе жұмыссыздықты жою, халықты жұмыспен қамту - әр әкімнің "бас ауруы" болуы керек",-деді. Жиын барысында денсаулық, білім, мәдениет, тіл мәселелеріне кеңінен тоқталды. Әр бала Абайдың жырларымен, Мұқағалидың өлеңімен, Әуезовтың шығармаларымен сусындап өссе, "менің ұлтым нашар" деуден аулақ болады деп, мектеп ошақтарында шешендер сөзінен, айтыс өнерінен, жыр жаттаудан үнемі байқаулар өткізуді әдетке айналдыру керектігін айтты. Кішкентайынан ата-бабаның тарихын біліп, ана тілін сүйіп өскен бала қазақтың жарқын болашағы деп, өктем-өктем сөздерімен бізді рухтандырды. Бұл жиын бұрынғы жиындардан өзгерек. Депутаттың сөзі сүрінгенге демеу болып, алға қарай ұмтылуға қамшылады. Жүрекке жігерлік сыйлады. Айта берсе, тоқтамаса деп тамсанасың. Ризашылығын білдірген халық, бірнеше ұсыныстарын ұсынуға мүмкіндік алды. "Мәдениетті жаңғыртып, салауаттылықты дамытудың басты құралы - клуб пен спорттық кешендердің әр ауылдық аймақта ашылуына ықпал етуін" өтінген жастарға да көңіл бөлді депутат. Жиын соңынан азаматтарды жеке қабылдап, ұсыныстарын арқалап қайтты. Енді үніміз Парламент биігіндегі халық қалаулылыраның құлағына жетсе, алдағы күндер үмітке толы болары ақиқат!

Артынан арқа-жарқа тарқасқан ел-жұртпен естелік суретке түсіп, "Бір үйдің баласындай болайық" деп халықты ұйымшылдыққа, ынтымаққа шақырып, қоштасты.