Алғашқы қадам-алғашқы блог

Алғашқы қадам-алғашқы блог
жеке
блог

     Армысыздар, Массагет оқырмандары! Бұл менің осы сайттағы алғашқы блогым.

Шыны керек, кәсіби блогер не журналист болмаған соң, алғашқыда тіпті не жазарымды да білмедім. Әліде ойдың желісімен жазып отырмын. Мұндағы блогерлардан байқағаным-көпшілігі болашағын журналистикамен, әдебиетпен байланыстырған жандар екен. Ал мен мүлдем өзге саланың адамымын. Бірақ “ер ісі-нар тәуекел” деп бастап отырмын.Сан түрлі тақырыпта ой толғауды мақсат тұттым. Бастысы- оқырманның көңілінен шықса болғаны.

     Өмірде кез-келген істің бір себепкері,қозғаушы күші болады. Менің блогымның қозғаушы күші-бала күнгі арманым. Бала кезімде футболға қатты қызықтым. Ауылда ертелі-кеш тоз-тоз болып доп қуалайтынмын. “Хабар” мен қазір өмір сүруін тоқатақан “Еларнадан” футбол матчтарын жібермей қарайтынмын. Ол кездері қазіргідей интернет ресурстары дамымаған, бар жаңалықты теледидар мен газет-журналдан білетінбіз. Менің футбол жанкүйері болуыма әуелі әкем сосын Асхат Сағынаев, Жандос Айтбайұлы, Амангелді Сейітхан сынды спорт коментаторлары қатты әсер етті. Бала күнімде сол кісілер секілді коментатор  болғым келді.Амангелді ағаның әзілі аралас мақалдары, Асхат ағаның шебер сөз саптауы маған үлгі болды. Бірақ бала күнгі арман,сол арман күйінде қалды.Өмір-өзен мені өзге арнаға бұрды. Қазір коментатор болмасамда, футбол әлемінен алыстаған жоқпын. Сүйікті командам-Қайраттың Алматыдағы ойындарына қалдырмай барамын.

       Футбол жайлы айтар болсам, қордаланып шешімін таппай жатқан мәселелер өте көп. Біздің футбол шын жанашырға мұқтаж. 90-шы жылдардың басында “Намыс” деп қазақ футболын төрге сүйреп, қазақ  жастарынан команда жасақтаған Несіп Жүнісбайұлы секілді азаматтар қазақ футболына ауадай қажет. Әйтпесе, бүгінгі қарқынмен шетелден келген келімсектер мен Африканың қара маржандарының қалтасын қампитқаннан басқа пайдалы іс тындыра алмаймыз.

    Көңілде жүрген көрікте ойлар аз емес, тек қағазға түскенде көркін жоғалтпаса екен. Бұйыртса, тағыда сіздермен ой бөлісермін. “Жолды жолаушы салады” демекші, жазбаларым жүректеріңізге жол тауып жатса,бұл мен үшін үлкен мәртебе!