Тағы да ҰБТ туралы

Тағы  да  ҰБТ  туралы
жеке
блог

Мақала 2008 ж. «Талапкер» және

«Сарыағаш» газеттерінде жарияланды.

Жастарымыздың мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түсуі еліміз үшін еш күмәнсіз стратегиялық маңызы бар мәселе екені белгілі. Бұл – елдің болашағының тағдырын шешу. Сондықтан да оны мемлекеттік деңгейде мұқият ойластырып, ұйымдастыру құптарлық жағдай. Ұлттық бірыңғай тест осындай өте дұрыс мемлекеттік саясатты жүзеге асыруы тиіс еді.

ҰБТ технологиясы қиялдан қиясынан көріне салған жоқ, дамыған шет елдердің білім салаларының тәжірибесінен  іріктеліп, зерттеліп алынды. Біздің білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері ҰБТ-ны осылай деп негіздеді және оны барынша сапалы өткізуге күш салды. Осы мақсатта жасалған еңбекті және ҰБТ-ның өзіндік артықшылықтары мен кейбір жетістіктерін өз басым жоққа шығармаймын.

Әйтсе де, ҰБТ технологиясына, оның ұйымдастырылуы мен өткізілуіне айтылған, тағы да айтар сын да жетерлік. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дегенге сай, салиқалы да салмақты пікір білдіруге тырысайын. Осыдан кейінгі айтылған ойдың  барлығы менің қарапайым азамат ретіндегі жеке пікірлерім екенін ескертемін. Оларды біреумен сөз таластыру үшін, не басқа мақсатта емес, тек білім саласындағы оң өзгерістерді қолдап,ҰБТ деген жауапты мәселеге сәл де болса септігім тисе деген ниетпен жазып отырмын.

Алдымен қазіргі ҰБТ мазмұнына қатысты ойларымды тұжырымдайын. Өзім жаратылыстану оқытушысы болғандықтан, физика және математика тестерінің сапасы жөнінде айтайын:

1)    Тест тапсырмалары түрлі қиындықта бола тұра, барлығына бірыңғай 1 балдан беріп отыру жөнге келмейді. А, В, С қиындық деңгейіне қарай тапсырмалардың балының арасалмағын реттеу қажет. Мысалы, А деңгейге 1 балл берілсе, В деңгейге 3, С деңгейге 5 балл. Мүмкін А, В деңгейлерінің тапсырмалары орта білімді аяқтау, ал С деңгейінің тапсырмалары ЖОО-ға түсу сынақтары ретінде ерекшеленіп, соған сай бағалануы да тиімді болар.

2)    Тест құрылымында мамандық түрін ескеру керек. Мамандыққа сай пәндердің тапсырмаларын қиындатып, басқа тапсырмаларды жеңілдету керек. Олардың бағалануы да соған сәйкес болуы керек. Сондай-ақ, мамандыққа сай пәндердің тапсырмалар санын көбейтіп, басқаларын азайтудың да жөні бар.

3)    Тестік стильге келмейтін тапсырмалар кездеседі. Ұзын құрама сөйлемдермен беріліп, ұзақ оқып, талдауды және көп есептеулерді қажет ететін есептер бар.Оларды сәл ғана ойластырып, бірнеше әдемі де ықшам және түсінікті, яғни нағыз тестік стильдегі есептерге бөліп жіберуге болады. Не ауыстыру қажет шығар.

4)    Теориялық сұрақтардың немесе текстпен берілген есептердің мағыналық қателері – сөздің есептің мағынасына сай еместігі, дұрыс қолданылмауы, сол себепті сөйлемнің қисыны бұлыңғыр болуы кездеседі. Қазіргі заманға тән терминдерді қалауынша аудара салу «синдромынан» абай болу керек шығар.

О баста-ақ, 2004 жылы, білім және ғылым министрлігіне «ҰБТ-ны ауылдық жерлерде өткізу үлкен қате болады» деп хат жолдадым. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Сол сөзімнің дұрыс екенін өмірдің өзі көрсетті деп ойлаймын.

«Ауылдағының ауызы сасық» деп өзім тірішілік жасап жүрген ауыл-аймаққа мұрын шүйіріп, менменсу емес бұл. Өз үйіме жанашырлығым. Әр мәселенің өзіндік бір ақылға сияр ақиқат  тоқтамы болады ғой. Пікірімнің сол тоқтамға сай екенін әлі де дәлелдеп көрейін.

Бірден-ақ айтарым - мен ҰБТ-ға, қазіргі түрінде, түбегейлі қарсы адаммын.

ҰБТ кезінде әрбір оқушы үш сағат ішінде 120 сұраққа тиянақты жауап беруі тиіс. Енді 5 пәнге өткен соң, биыл 125 сұрақ. Оның ішінде небір күрделі есептер мен шырғалаң сұрақтар бар. Осы үш сағат балаға өте қатаң талаптар қояды. Қатаң емес, қатал десе де болады. Баланың психикасына ерекше салмақ түседі. Әрбір жасөспірім өз өмірінің алғашқы сынында-ақ оның ең қиынына тап болады – интеллектуалдық сынақ. Жәй емес, күрделі мазмұны өте қысқа уақытқа сығымдалған қуатты ақыл-ой сыны. Бұл - күнделікті кәдімгідей тамақтанып жүріп, бірден он түрлі майлы да ауыр тағамды асата жегізгенмен тең! Немесе – жасөспірімнің жаймашуақ жан дүниесінде кенеттен қолдан боз-боран жасағанмен тең! Бұрын-соңды мұндай сынға түспеген жасөспірімдердің көпшілігінің әлі солқылдақ жан дүниесі тестке дайындық кезінде-ақ дембіл-дембіл стресске ұшырап, өз-өзін жоғалтып немесе «маған бәрібір» деген апатиялық мең-зең күйге шомғанын тәжірибелі ұстаз және ата-ана ретінде жылда көріп жүрмін. Ал ҰБТ кезіндегі және одан кейінгі баланың ахуалын айтудың өзі өте қиын. Неше айлап, күн демей, түн демей көз майын тауыса оқып, уайымдап шаршаған жүйке серіппедей серпіліп тұрып бірден босағанда, оның ақыры қалай боларын бір құдайдың өзі біледі. Спорттық жарыстарда етті ауыртып не сүйек сындырып алу қауіпі бар, ал ҰБТ-да баланың жан дүниесін, рухын сындырып алу қауіпі бар! Және бір-екеу ғана емес, мыңдап жасөспірімдердің жас жанын қолдан қысымға салып жүрміз. Сол қысымға шыдамай, іштей сынып жатқаны қаншама. Жастың жан дүниесін қайта тіктеу, өзіне және өмірге сенімін қалпына келтіру қаншалықты қиын шаруа екенін түсінсеңіздер керек! ҰБТ-ның мың жақсылығы болса да, бір баламыздың бір сәттік жан күйзелісіне татымайды. Тіпті, ҰБТ-ға дайындықтың жүйке жүйесіне ауырлығынан салмақ жоғалтып, қабілеті төмендеп, жиі бас ауыру, суықтау, әлсіреу сияқты қиындықтардың да орын алғанын ҰБТ-ға қатысушы жастардан сұрасаңыздар айтып береді.

Айтыңызшы, біздің елде ауылдың баласы осындай сынға дайын ба еді? Айтсақ өзімізге тиеді, айтпасақ жанымыз күйеді. Ауылдың аз айтылмай жатқан бар теперішін түбінде ауыл баласы көріп, мойынымен көтеріп, еңсесін тіктей алмай келеді. Болашаққа үміт, білімге сусау жоқ емес, білім мен қызметтен озып жатқандары да бар, құдайға шүкір, бірақ ауылдың рухани жұтаңдығы, босбелбеулігі мен бейқамдығы балалардың негізгі бөлігін талапсыз, жігерсіз, жалқау етіп тәрбиелеуде. Негізінен ер балалардың, неге екенін ойланып көріңіз, білімге құштарлығы зор деп ешкім айта алмайды. Мен күнделікті олардың арасындамын, олар барлығын көріп-біліп жүр, сол тұрмыстың түйткілдері қанат жаздырмайды. Бала кезден-ақ көбінің жүйкесі жұқарған. Баяу, керенау, бірақ тыз етпе мінез. Ақыл-парасатқа ұмтылыс жоқ. Тіпті көпшілік отбасылардың ішкі ауасында оқу-білімге деген сұраныс, ұмтылыс болмақ түгілі, ол туралы ой-өрісінің өзі өте шектеулі. Керенау ауыл менталитетінің самалы санасын желпіп тұр. ҰБТ-ның стилі - шет елдік қатаң стиль, бұл менталитетке, меніңше, ешбір сәйкес келмеді.

Білемін, о баста ҰБТ ауыл баласының қамымен ұйымдастырылды. ЖОО-лардағы парақорлыққа қарсы және ауылдықтар қала жағалап қаңғырмау үшін жасалды. Иә, ауылға бұл жағынан шынында да ұтымды болды. Бірақ жоғарыда аталған принципиалды сәйкессіздік осы жақсылықтарды жоққа шығарып тұр.

ҰБТ-ға ақыл-ой мен бойдың сергектігі, жинақылығы, тынымсыз да тиімді және жүйелі ой еңбегі қажет. Білімге деген шын құштарлық пен құрмет, жігерлі сілкініс пен ізденіс керек. Қатаң тәртіпке бағыну, өзіңді-өзің үздіксіз қамшылау керек. Тоқ -етері, терең ішкі мәдениет керек! Міне, осы ҰБТ стиліне бейімделе алмаған(ол жақын арада мүмкін де емес!), бұл салада бойкүйездеу ауыл шарасыз күй кешіп, кейін одан шығу үшін қолынан келетін амалдарын іздестіре бастады. Мұндайда «жақсы» мен «жаманның» аражігін ажыратып жатуға ауылдың мұршасы келе бермейді, оған да үлкен мәдениет қажет. Және... «сананы тұрмыс билейді».

Дәл осындай қысылтаяңда, әсіресе, ата-ананың қандай халде болғанын сұраңыз! Басында қайтер екен деген олар алғашқы жылы балалар әділ, өз білімімен түскенде қуанып-ақ қалып еді. Кейін келе әртүрлі қауесет көбейді, сенбедік, балаларды әділдікке, өз білімімен ЖОО-ға түсетініне сендіріп бақтық, бірақ көз алдарында құры жүргендер еңбек еткен білімділердің алдын орап кетіп жатты. Бұл жылма-жыл көбейе берді. Нағыз саналы да білімді жастарымыз не болып жатқанын жақсы түсінді, олардың көзіне қарауға ұялдық. Жас ұрпақтан Ұят болды! Естеріңізде болса, былтыр ҰБТ-ның сол кездегі бастығы теледидардан көрінгенде көрерменнің «Бұл не? Балалар түңіліп кетті ғой!» деген жанайқайы жүрегімізді осып өтті. Оған кінәлі адамдар құдай алдында, өз ар-ұятының алдында жауап берер. Оларды ешбір себеппен ақтап болмайды.

Жалпы, осы мәселеде тағы бір айтарым, ҰБТ материалдары мемлекеттік құпия деп танылып тұрып, қолсаудаға шығып, жария болғаннан кейін 2007 жылғы ҰБТ-ның қорытындыларының күшін жойғанда жастардың алдында әділдік болар еді. Мәдениет ордасы деп жүрген қаламызда сондай уақиға жүз берген соң, ауыл туралы айтпаса да болар еді, басқа жерде әділ өткеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Жастар сонда қайта тапсырғанына еш өкінбес еді.

«Баласы үшін ата-ана не істемейді» деп ҰБТ кезінде сыртта абыр-сабыр шулаған, айғайлаған, «бірнәрсе» тындырғандай шапқылаған ата-ананың көбінің іште басы қатып отырған баласына көңіл топтап, күрделі тапсырмаларды орындауы үшін ең бірінші тыныштық пен сабыр керек екені қаперіне де кіріп шықпады. Бірақ оларды ешкім де тоқтата алмады. Сол, түбінде, мәнсіз де ұят жабайылықтың орнына о бастан балалардың білімі мен рухын шыңдап, оларға толық сеніп келуге болмас па еді? Бұл көріністі көргенде шошынып, шеттеп, жағасын ұстаған ата-аналардың қатарынан табылдық.

ҰБТ-ның басы-қасында небір басшылар, полиция, ҰҚК жүргенде,біз,қарапайым ауыл қазағы не істей алар едік?!.

Ал енді ҰБТ-ны 5,6 пәнге кеңейту және екі этапта тапсыру арқылы осы келеңсіздіктердің барлығынан құтыла аламыз ба деген сұрақ көңілде тұр. Мүмкін жоғарыда айтқан сөздерім бұл сұраққа жауап та беріп қойды ма.

Тағы да атап айтайын, жалпы ҰБТ да, кейінгі шаралар да нағыз білімді жастарға жол ашу үшін істеліп жатқанына еш күмән жоқ, яғни жастарды ақиқат қолдаушы мемлекет, таза да адал ағалары мен апалары бар екеніне талапты да ақыл-парасатты жастар еш шүбәсіз сенуіне болады. Осыған тәуба деймін, қуанамын. Осыдан жігерленемін.

Ал енді ҰБТ-ны ұйымдастыру жөнінде өз ойларымды айтып көрейін. Менікі ойға ой қосу.

1)    ҰБТ тек ірі орталықтарда – бас қалаларда өткізілуі тиіс. Ауыл ҰБТ-ны өз деңгейінде өткізуге әлеуметтік, қоғамдық-мәдени жағынан дайын емес.

2)    Өте үлкен стрессті болдырмау үшін ҰБТ-ны бір мезгілдік кампания түрінде өткізуді қою керек. Мысалы, әрбір ЖОО-ға үміткер ҰБТ-ны жыл бойына әрбір пәнді жеке-жеке ме, не бірнешеуін бірге топтап па, белгіленген жеке кесте бойынша тапсыруға мүмкіндік алсын. ҰБТ пункттері жеке мемлекеттік тәуелсіз статус алып, тек ЖОО емес, колледж, гимназия, лицей және сол сияқты арнайы мектептерге қабылдау тесттерін өткізеді. Және жан-жақты дайындық курстарын ашады, оқу орындарын жарнамалайды, жаңа оқу тех-нологияларын ұсынады. ҰБТ пункттері жекеменшік болып, түрлі жеке салалар бойынша, түрлі оқу орындары бойынша категорияларға не рейтингтерге ие болуы мүмкін. Олардың еркін қызмет жасауына және бәсекелестігіне жағдай жасалуы тиіс. Олардың жұмысын сырттай координациялау, стандарттау жұмысын білім және ғылым министрлігі іске асырады.

Менің білуімше, таза бір мәселемен шұғылданушы қызметкерлерде кейде ой-қиял, әрекет шектеуі орнайды, олар еріксіз өздеріне үйреншікті сүрлеуге қайта орала береді. Өзіндік «туннельдік ойлауға» ұшырайды. Меніңше, ҰБТ саласында «туннельден» шығатын кез келді. Ұсыныстарым соған арналған. Титтей де септігі тисе, ризамын.

Әрине, бұл идея түріндегі жалпы ұсыныстар. Оларды іске асырудың қаншалықты күрделі екенін түсінемін. Сондықтан да оларды жан-жақты да мұқият ойластырып, таразылап, ғылыми ақылға салу міндетті. Бірақ осындай бір сапалық сілкіністің керегі анық.

Бұл мақала республикалық «Талапкер» газетінің 2008 жылғы наурыз айындағы 5-санында сәл өзгертіліп жарияланған еді. Биылғы 1-5 маусым аралығында өткен ҰБТ-ның ұйымдастырылуында айтарлықтай өзгерістер болғанын көпшілік біледі, оған мен де үлесімді қостым деп санаймын. Бірақ мақалада сарапталған ҰБТ-ның мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Оларды түбегейлі шешпей, ҰБТ өз мақсаттарына бәрібір жете алмайды, тіпті кері әсер етеді деген сенімде қала беремін.

...Не болды өзі?

Қысқа қайырғанда, бар жамағатқа белгілі, бірақ дауыстап айтылмаған ақиқат мынадай:

2004-тен бері ҰБТ нәтижесінде балаларымыздың шын білімге деген ынтасы күрт төмендеді. Оларда «бәрін ақшаға сатып аламыз!» деген берік сенім қалыптастырылды. Білімге, әділдікке сенім жоғалды. ҰБТ жүйесі жаттап алуға икемдеп, білімнің тереңдігін жойды. Бұл алапат қоғамдық құбылыс өз шыңына былтырғы, 2007 жылғы ҰБТ-да жетті. Ал биыл оның сазайын оңбай тартып отырмыз. Бар болғаны осы!  Әрине, Ақиқат – ащы.

Бірнеше жылғы ҰБТ ақыл-парасатымызға, адамгершілігімізге, тіпті, елдігімізге өте үлкен сын болды. Бұл сынақтан рухымыз өсіп, мәртебеміз биіктеп шықтық ешкім де айта алмаса керек. Бірақ үлкен сабақ болғаны анық.

Биылғы ҰБТ жалпы қоғамға, мектепке, ата-аналар мен жастарға бірден ес жидырған, көзін ашқан құп уақиға болды. «Бір асқанға – бір тосқан». Лайым білімге қарай шын бетбұрыс болғай. Алдыңғы ҰБТ-лардың «көп жақсысынан» биылғының «бір қаталдығы» әлдеқайда артық болып тұр.

Оқушы балаларға айтарым – айналайын, көңіл қойып тыңдашы! Білім деген дүниедегі ең киелі зат. Оған қиянат жүрмейді. Білім тек терең ізденумен, «инемен құдық қазғандай» еңбекпен ғана келетінін ата-бабамыз бекер айтпаған. Білімге шын құрмет, жан тазалығы, рухани күш-қайрат қажет. Алдыңа кітап жайып, қолыңа қалам алған сәтте қиялың әр тұсқа қашпай, білімге ниетің адал, сенімің селкеусіз, талабың таудай болсын. Жігерің жүзі мұқалмас алмастай болсын. Сонда ғана ілім-білім бойыңа қонып, санаңа сәуле шашып, өміріңе тұтқа болады. Өзіңді қайра, көңіліңді түрлі ұсақ-түйектен тазала, бойыңды бойкүйездіктен аласта, өзіңе-өзің тіке қара да қатаң талаптар қой. Өлсең де сол талаптардан шық.

Ақша туралы лас сөздерге ерме! Ақшаға денсаулық сатып ала алмайсың. Білімді де ақшаға сатып ала алмайсың. Білім – сенің денсаулығың. Рухани денсаулығың. Білімсіздің түріне қара – жерде зорға тұр, сөзі де жалған, өзі де жалған. Білімсіз надандар көбейсе, дүние қараң екенін ұғатын кезің әлдеқашан жетті. Білімге даналардың көзімен қара, Фараби ұрпағы!

Ойлап көрші, ақшамен түскеннің қаншасы оқи алмай, қайтып келді. Білімсіз диплом алғанның қаншасы қызмет таппай, бос жүр. Қызмет көп, білімді маман аз болып тұр. Небір заманауи мамандықтар күтіп тұр, ал ауыл баласы әлі...арба сүйреуден аса алмай жүр. Қалаға бара қалсам компьютер фирмаларын, супермаркеттерін, көрмелерін аралаймын. Қапа боламын, өйткені көбіне жіптіктей болып, жаңа техниканы шыр айналдырып отырған басқа ұлттың баласы...Ал кейбір ауылдың баласы компьютердің бір-екі пернесін басуды білсе, «білімі тасып кетіп», тоқмейілсіп, отыз жыл компьютерде істеген мені үйретіп шыға келеді. Ау, білсең, барсайшы анау үлкен компанияларға, мекемелерге, айлап-жылдап маман таппай отыр! Ең жақсысы сондай жұмыс орындарын ауылдан аш!

Сендерге әуесім келеді. Мына заман барлық мүмкіндікті жасап тұр, тек ұмтыл, ізден, еңбек ет. Алдыңда даңғыл жол. Сол жолда адал бол, әділ бол, білімді бол. Тек «өзім болам» демей, Еліңе, болашаққа қызмет жасап, борышыңды өте. Бұл ата-бабалардың өсиеті.