"Қабуснама" кітабы туралы (немесе "Мен оралдым")
жеке
блог

"Қабуснама" кітабы туралы (немесе "Мен оралдым")

Армысыздар, оқырмандар! Мен туралы ұмытып кеткен де шығарсыздар. Міне, араға үш жыл салып қайта оралдым. ;-) 

Қазірде Алматыда "Energy 102.2 FM" радиосында қызмет етемін. Сондай-ақ, "Жанның саясы" атты авторлық радио-күнделігімді жүргіземін. Аталмыш күнделіктегі жазбаларды енді осы жерде де жариялап тұрсам деймін. Сонымен, алғашқы санды қабыл алыңыздар. Тыңдай алмағандар, оқысын дегенім ғой))) 

Эфир: 26 қараша 2015 жыл

Барша тыңдармандарыма сәлем жолдаймын! «Жанның саясы» радио-күнделігінің 2-ші маусымы өз жалғасын табуда. Алғашқы бағдарламаны кітап тақырыбына арнағым келеді. 

Жақында көзім тағыда «Қабуснама» кітабына шалып қалды. Өзге тілдерде оны «Кабус-Наме» деп те атайды. Білмесеңіздер атап өтейін. Парсы жазушысы Кей-Кавустың 63 жасында, өзінің ұлына арнап жазған кітабы. Аталмыш оқу құралында 42 бөлім бар. Ақыл айту жанрында жазылған алтын қазына билер, ел басқарушылар, діни адамдар, хандар мен ұстаздардың сүйікті кітабы болған. Сонымен, осы бағдарламада «Қабуснамадан» алынған «Жомарттық» тақырыбын талқылайық.

Кей-Кавус жомарттық жайлы былай дейді: «Перзентім, егер сен жомарт адамдар сияқты, халқыңа қызмет етуді ұнатсаң, әуелі жомарттықтың не екенін және оның қайдан келіп шығатынын білгін. Адамның ақылдық қасиетінде үш нәрсе бар. Бұл үш нәрсенің бірі – ақыл, екіншісі – әділдік, үшіншісі – жомарттық, адамгершілік.

Жомарттықтың негізінде үш нәрсе бар: бірі – өз айтқан сөзіңде тұру; екіншісі – әділдікке нұқсан келтірмеу; үшіншісі – қайырымдылықты есіңде ұстау, ұмытпау.

Біліп қой: жомарттық бірнеше өнері бар адамға лайық. Бұл өнерлердің бірі – қорықпайтын мәрт, сабырлы, шыдамды, уәдеге опалы, таза жүректі, дұрыс сөзді болу.

Егер мәрттік-жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтанғайсың: көзді – жаман назардан, қолды – жаман істен, тілді – жаман сөзден. Үш нәрсені дос пен дұшпанға ашық ұстағын: үйдің есігін, дастархан басын, һәм қалтаңның бауын.

Біліп қой, мәрттік-жомарттықтың кәмелдігі мынадан болады: ол өз мал-мүлкін өзінікі, басқаның мал-мүлкін басқанікі деп біледі. Халықтың мал-мүлкінен дәме қылма. Өз қолыңмен қоймаған нәрсені алма. Халыққа жақсылық қыла алмасаң, жамандық қылма» - деп аяқтайды жомарттық жайындағы сөздерін Кей-Кавус «Қабуснама» атты кітабында. 

Құрметті қыздар, келер буынның тағдыры сіз бен біздің қолымызда. Себебі, тәрбиені беретін біз. Ертеңіміз жарқын болуы үшін жан сұлулығына бір қадам жақын болайық. Ал, сіз соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?

Толығырақ ақпаратты инстаграмдағы «Энерджифмкз» ресми парақшамыздан аласыздар. Бүгінге осы, мэрси боку)))