Бүгінгі жастардың миы басында емес, қалтасында
жеке
блог

Бүгінгі жастардың миы басында емес, қалтасында

БҮГІНГІ ЖАСТАРДЫҢ МИЫ БАСЫНДА ЕМЕС, ҚАЛТАСЫНДА

Жас келсе іске дейді. Іске кірісіп, елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатқандар да бар, ермек үшін ерігіп жүргендер де бар. «Ұрпақтар сабақтастығы» деген сөздің өзі әр ғасыр ауысқан сайын ұрпақтың бір-бірімен етене байланыста болуы әрі олардың мемлекет үшін барын салуы.

Бүгінде ХХІ ғасыр ақпараттың дамыған озық ғасыры. Шақшадай ғана басыңызға шарадай дүниелерді сиғызу сіз ше мүмкін емес болуы мүмкін. Бірақ адамның миы 3 000 000 сағаттық киноны көріп және оны сақтауға жетеді. Бұл деген сөз сіздің миыңыз шексіз ойлаудың иесі дегенді білдіреді. Осындай жаратылыс иесі бола тұра, соны жұмыс істетуге жоқпыз. Тез шаршап, жалқаулана қаламыз. Себеп көп. Соның ішінде жастардың бүгінде екінші шектеулі миына айналған түрлі технологиялардың әсері үлкен. Мысалға, қалта телефондары арқылы сіз миды қинағаннан гөрі әлеуметтік желі арқылы кез келген дүниенің жауабын тез әрі дұрыс тауып алуға асықсыз. Ондағы шектеулі ғана есте сақтау құрылғы арқылы сіз өзіңіздің шексіз ойлау қабілетіңіздің кеңістігін тарылтып қана қоймай, соңы ойлаудан да қаласыз. Бір сөзбен айтқанда ерінесіз.

Иә, бүгінде жастардың миы басында емес, қалтасында деген тұжырымға келдік. Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен ақиқаты сол. Қарапайым көшеде келіп жатып екінің бірінің қолынан ұялы телефонды байқайсыз. Құлаққап арқылы түрлі жанрдағы әндерін тыңдап көше бойымен кете бермек. Сізді тыңдауға оның уақыты жоқ. Әгараки тоқтап ести қалса да, ойы сізде емес, ана қолындағы құрылғыда.

Бүкіл әлемдік жүйе осыған өзі алып келе жатыр. Даму керек дейміз, дамудың шегі қайда апармақ. Әлеуметтік желіге деген тәуелдікті тоқтату мүмкін емес. Өйткені сіз жастарды Стив Джобстың ойлап тапқан құрылғысынан айырсаңыз олар ойлаудан қалады. Олар үшін өмірдің аяқталғаны. Мектеп оқушыларынан тартып, университеттегі студенттерге дейін интернетсіз жұмыс істеу , сабақ оқу үйде не тамақ не жарық жоқ секілді сезім қалдырады.
Адамзат баласының осы күнге дейін жеңе алмай келе жатқан бір-ақ соғысы бар. Ол – идеологиялық соғыс. Адамның тәніне, психологиясына сіңіп, оның ақылын меншіктеп алу үлкен трагедия. Осы бағытта соғысып жүргендердің көбі жалған діни ұйымдар, секталар және осы әлеуметтік желі.

Қарапайым facebook арқылы айрандай ұйып отырған бүкіл бір ұлтты жоқ қылып, арасын ыдыратып жіберуге болады. Неге? Өйткені жастар нақты әрі шынайы ақпаратты осы жерден табамыз және ол ақиқат деп санайды. Осының әсерінен адасушылар да, өзіне-өзі қол жұмсаушылар да көбейіп жатады. Олардың көп сандысы жастар. 

Мына бір тәжірибеге назар аударыңыз. Шетелде бір топ жастарды жинап, оларға психологиялық тәжірибе жасаған. Алғашқыда олардың тамыр соғыстары мен жүрек дүрсілін тексеріп қалыпты екенін айқындап алған. Кейін олардың бірін интернетсіз үйге қамап ұстап, 1 жарым сағаттан кейін әлгі студенттің бойынан әлсіздік пен қан тамыр соғысының бұзылғанын, психологиялық жақтан үлкен күйзеліске ұшырағанын анықтаған. Енді бірін алып, қолындағы 200 мың теңге тұратын (біз ше) ұялы телефонын көзінше сындырып, тексеру жасаған. Тексеру нәтижесі студенттің қан қысымы көтеріліп, жүрек қағысы екі есеге ұлғайып, тіпті өзін-өзі ұстай алмайтын жағдайға да жеткен. Міне бұл тәуелділіктің бір ұшы ғана.

Қалтадағы мидың әсерінен сауатты жазудан да, сөйлеуден де, талғамнан да кетіп қалдық. Мысалға соңғы шыққан ұялы телефондарда төл әріптеріміз жоқ. Оны ескеріп жатқан қазақ жастары да шамалы. Не ағылшын не орыс қаріптерін өзімізше қазақшалап алғанбыз. (Мен сени суйем, не жаналык?) сізге ұсақ дүние болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл бізге білінбейтін идеологиялық тұрғыда құлдырау. Ертең айналдырған тоғыз таңбалы төл әріпімізді де ұмытып қалмасымызға кім кепіл?!

Жастық жалын (максимализм) ең керемет шақ. Осы бір сәтті оңтайлы пайдаланып қалу олардың өз қолында. Жаратқанның берген жардай басын пайдалана алмау сіздің кінәңіз емес. Ол бүгінгі күнге дейін үрдісін жоғалтпай жалғасып келе жатқан жүйе. Сізді қалтадағы миға тәуелді етуші де сол жүйе. Сізде жалғыз жол бар, бүкіл адамзаттың кетіп бара жатқан бағытына қарама-қарсы бағытта жүру. Бүкіл қорқынышты әрине, бірақ сіз өз бағытыңызға жеткен күні билік те байлық та сіздің қолда болмақ. Сондықтан бағыт таңдауда, сананы қалыптастыруда адаспауға тырысу керек. Және де сіз қорқыңыз, қалтаңыз тесіліп қалмасын деп. Әйтпегенде Құдай берген мидан да, қалтаңыздағы «мидан» да айырылып қаласыз.

©Марғұлан АҚАН