Бұл мен үшін расында ауыр болды...
жеке
блог

Бұл мен үшін расында ауыр болды...

Осыдан бірер апта бұрын менің тәжірибемдегі ең ірі жоба өтті. Мен жаңа компанияға қызметке келгеніме үш ай да толмапты. Келе сала жұмыс басталып, жаңа дүниелерді үйреніп, тани бастадым. Солардың бірі - жаңа жылдық видеожоба дайындау.

Айлар бойы біз видеоның не жайлы, қалай болатынын ойластырумен жүрдік. Жаңа жылға әбден тақалған шақта ғана идея туды.

Мен - top.kz компаниясының маркетологы қызметіне жұмыс істеуге келдім. Біздің компания үй тазалау қызметін табыстырады. Біздің қарамағымызда үй жинаумен айналысатын әйелдер (клинер немесе уй тазалау шебері) жұмыс істейді. Видеоға идея іздеу барысында біз акцентті клиенттерге емес, үй жуып, тазалайтын қызметкерлерімізге қоюды шештік. Оларға тосын сый дайындадық.

Менің рөлім - қызметкерлеріміздің балаларымен "сұхбаттасып", аналары жаңа жылға қандай сыйлық қалайтынын білу. Бұл процесс жасырын камераға түсірілген. Көрші бөлмеде сол баланың анасы жасырын камерадан бақылап отырды. Алғашқы үш минутта мен қызметкеріміздің не жайлы армандап жүргенін біліп, қалған 12-14 минутта әртүрлі сұрақтар мен ойын арқылы бала мен ананың көңілін аулауым керек болды.

Не алу керек екенін білген шақта дайын тұрған командаға хабар дереу жеткізілді. Олар лезде сол сыйлықты тауып, сатып алып, сұхбат аяқталғанша (15 минут ішінде) офиске жеткізулері керек еді. 

Сәрсенбі. Әдеткі күн. Ештеңені күтпеген клинер апайларымыз баласының сұхбаты мен ойынын бақылап отырған шақта ТОP.kz командасы арманындағы сыйлығын алып жатты. 

Мұның бәрі қалай өткенін видеодан көрген әлдеқайда түсініктірек болар:

Мен үшін бұл ауыр күн болды. Жоба басталып-аяқталғанша бір күнім уайымсыз өтпеген еді. Режиссер таңдау, сюжетті ойластыру, команданы дайындау, түсірілім алаңын жасау, кейіпкерлердің тосын сыйын білдіртпеу - оңай болған жоқ.

Ананың баласына деген махаббатын көргенде, көзіндегі "рақметті" көргенде өзімді сондай бақытты сезіндім. Тосынсыйға риза болған ананың көз жасын көргенде, шыдай алмай мен де жылап алдым. Әр жұп арасында өзіме 5 минут демалыс алуыма мәжбүр болдым. Себебі соншалықты эмоция мен сезімді тыныштандыруға уақыт керек...

Жақсылық, рақым мен жылы қарым-қатынас үнемі менің жаныма тез жетіп, еріте алатын "тақырыптар" еді... Осындай рақымдылық жобаға жетекшілік еткеніме өте қуаныштымын... Бұл видеоны мен, шыны керек, жүз шақты рет көрген шығармын... Бірақ, әлі де сол күні болған сөздер мен сезімдер есіме түсіп, көз жасымды сығып аламын.

Оқырмандар, сіздерді де жақсылыққа шақырамын! Жаңа жыл - ғажайыптарға толы мейрам! Жақындарыңызды қуантып, жақсылық етуге ұмтылыңыз!

Видео жайлы пікіріңізге риза боламын! :)