Өмір, сен маған қымбатсың!

Өмір, сен маған қымбатсың!
жеке
блог

Таразда болған жас жігіттің өзін-өзі өртеу оқиғасы бүкіл ақпарат желісін қамтып, жантүршігерлік оқиға жанымызға батты. Соңғы екі күннің ішінде-ақ өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына қатысты 4 факті тіркеліп үлгерді. Ал жыл сайын Қазақстанда 2 000 адам өз-өзіне қол жұмсаудан құрбан болатын көрінеді.

Жыл сайын әлемде де, біздің елімізде де өзі-өзіне қол жұмсаушылардың қатары көбейіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше жыл сайын әлемде 1,5 млн адам дәл осы дерттің құрбаны болады екен. Қарап отырсақ, бұл бір мегаполис халқының санын құрайды.

Адамның өз-өзіне қол жұмсауына мәжбүр ететін келесідей себептерді атауға болады:

- Көмек іздеу немесе көмек сұрау. Есіңізде болсын, кез келген адам өзіне суицид жасауды қаламайды, оған мәжбүр болады. Суицид қандай да бір нәрсеге қол жеткізудің құралы (назар аударту, қиындықтардан құтылу) ретінде санайтындардың саны көп, өкінішке орай. Тараздағы өрімдей ғана жас жігіттің сөзіне сенсек, әділеттілік жолында, әлеуметтік-қоғамдық жағдайға өз ықпалын тигізу үшін құрбан еткен көрінеді.

- Өмірден түңілу. Иә, бұл мәселе, әсіресе, дамыған мемлекеттерге тән. АҚШ-та өз-өзіне қол жұмсайтындардың көбі күйзеліске ұшыраған, өмірдің мәнін, қызығына, жетістігіне жетіп қойған адамдар екен. Өмір сүруге деген қандай да бір сенім, мотивтен, мақсат-арманнан ада болғандар ештеңе болмағандай барады да аспалы көпірден (Сан-Франциско, Голден Бридж көпірі) секіріп жатады.

- Өзге адамды өкінішті жағдайда қалдыру. Ата-анасына, ғашығына, досына қапалы болған адам өзгелерден «өшін» алу үшін осындай түкке тұрмайтын «сәтсіз өлімге» барып жатады. Алайда кез келген нәрсенің өткінші екенін түсінуіміз керек. Бұл өкінішті жағдай өтеді де кетеді. Ал өзіңді өлтіру арқылы өте үлкен өкінішке өзің тап боласың!

- Қандай да бір мәселені шешу жолында өз-өзіңе қол жұмсау. Бұл, енді, нағыз әлсіз адамның әрекеті! Мойныңдағы несиені, ипотеканы, қарызды, өзге де қиындықтарды «шешу үшін» осындай шешім дұрыс болмақ па?!

- Өзге де себептер. Бұған психологиялық ауытқуы бар адамдардың әрекетін жатқызсақ болады. Жалпы өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың 44%-ы не үшін «өлім бара жатқандарын» дәл айта алмайтын көрінеді. Соған қарағанда бұл бір ауру түрі тәрізді де.

Өз-өзіңе қол жұмсау шартты ұғым ғана. Көне замандарда император рұқсат етсе ғана адам өз-өзіне қол жұмсай алған, яғни, заң адамды өлім жазасына кессе ғана, ол адам өзіне қол жұмсау арқылы қылмысын өтейтін болған. Ал Рим императоры Адриана суицид жасаған адамның дүние мүлкін тәркілеп алып, денесін жерлемей қоятын болған. Ислам дінінде де дәл осы қағиданың бар екенін білеміз. Егер адам өз-өзіне қол жұмсаса ол адамның жаназасы шығарылмайды. Ал Талмуд жазбасында суицид қылмыс ретінде саналатыны, оған жаза қолданатындығы жайлы айтылады. Қысқасы, өз-өзіне қол жұмсау жағдайы, қай жағынан қарасақ та, қылмысты іс.

Ал Тараздағы жігіттің әрекеті әлі толық зерттелмегендіктен қандай да бір қорытынды айту дұрыс емес. Егер де әділеттік жолында құрбан болатын болса, оны басқа да жолдармен жасаса болатын емес пе еді... Бұл оқиға - бүгінгі қоғам үлгі тұтар іс емес. Біздің айтпағымыз да осы. 

Өз-өзіне қол жұмсау кей елдерде сәнге айналып кеткен, тіпті ерлік санайтындар да бар. Жапонияда поезд бен метроның астына түсіп өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары үлкен дәстүрге ие болып кеткен. Әр мезгілде бір тренд жасайтын жапон халқы үшін бұл да әдеттегі жағдай шығар, алайда Қазақстанда олай емес. Біздің халық – қандай қиыншылық болмасын мойымауды, жігерленуді, ертеңгі күнге үміт етуді үйренген халық. Сабыр түбі - сары алтын. Кез келген қиыншылықтың өзімен алып келетін қайыры мен бақыты, қуанышы мен шаттығы болады. Әрбір қиындық сынақ қана. Өмірде күрессіз жеңіле салғанды үйренгеннен гөрі күресуге үйрену әлдеқайда жемісті емес пе?! Біздің өмірдегі бір ұранымыз «Өмір, сен маған қымбатсың!» болуы керек.