Сыни көзқарас пікір білдіруден қалыптасады
жеке
блог

Сыни көзқарас пікір білдіруден қалыптасады

Күнделікті тыныс-тіршілікте істеген ісіңе, жасаған жұмысыңа сын айтылады. Өз ісінің нағыз хас шебері сол сынның айтылмай қалғанын хош көрмесе де керек. Яғни, сын айтылу керек, оны дұрыс қабылдай білу де керек. Сондай-ақ, сын айта білуіміз де керек.

Сын айту – біреуді шанышқыға түйреп жеу емес. Сынның тұлға алдындағы ниеті ақ болмақ керек. Ақ тілеулі сыннан жасқанбай, керісінше, қуана қабылдаған дұрыс. Сыннан сабақ алып, өмірлік пайдаңа жаратуға болады. Ал өзгеге тұщымды, ақылға қонымды сын айтып тұлға ретінде өзіңді таныта да аласың. Бір сөзбен айтқанда, «сын айту – айыптау емес, байыптау».

Бүгінде жастарымыз сын айтудан бұрын, ойларын толық жеткізе алмай да жатады. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Десе де жанымызда мұндай достарымыздың бар екені рас. Бұл көбіне жеке тұлғаның таным деңгейіне келіп тіреледі. Таным көкжиегі кең адам кез келген тақырыпта емін-еркін сөйлеп, өз ойын білдіре алады. Оған ойлау арқылы шешім іздейді. Өзгелердің пікірін де назарға алып, ой қорытады. Ал жеке сыни көзқарасы жоқ адамдарды қоғам тұлға ретінде қабылдайды деуге келісе алмаймыз.

Жеке сыни көзқарасты қалыптастыру үшін оқу керек, іздену керек. Сын айту – ойлаудың биік бір шыңы. Оны білім алу, танымды кеңейту арқылы ғана бағындыра аламыз. Ал бастамасын қарапайым пікір білдіруден ғана бастасақ болады. Пікір білдіру арқылы сыни көзқарас қалыптасады. Мәселен ғаламтор бетінен бір мақала немесе ақпарат оқысаңыз, соңынан ой түйесіз. Дұрыс немесе бұрыс екен деп шешім шығарасыз, болмаса таңырқайсыз да қоя саласыз. Тіпті оқыған ақпаратыңыз туралы пікір білдіре алмауыңыз да мүмкін. Өйткені оған сіздің танымыңыз жетпейді. Ал ол үшін аталған тақырыпта өзге де бірнеше ақпарат іздеп, өзгелердің пікірлерін оқысаңыз, сіздің де белгілі бір дәрежеде көзқарасыңыз қалыптаса бастайды. «Еее осылай екен ғой» деп ой түйесіз. Өзгелердің пікіріне қарсы дау айтуыңыз да мүмкін. Бастысы, сіздің миыңызда жазылған жаңалық туралы ақпарат сақталады.

Мақалаға пікір жазу арқылы сыни көзқарасыңызды қалыптастырып қана қоймай, оны есте сақтап та қаласыз. Сондай-ақ орынды айтылған ойыңыз беделіңізді де көтереді. Сіздің есіміңіз таныла бастайды. Ойлау қабілетіңіз жақсарып, логикаңыз дамиды. Босқа уақыт жоғалту десеңіз, қателесесіз. Себебі, пікір білдіру – жеке тұлғаның дербес көзқарасын қалыптастырудағы алғашқы баспалдақ іспетті.

Пікір білдірудің де мәдениеті бар. Оны меңгерген абзал. Бұл тұста пікір білдірушілердің де түр-түрге бөлінетінін айта кеткен жөн. Бұл туралы кезінде әріптесім Ақерке Әбілхан бір блогында айта кеткен болатын. Сілтемеге өтіп оқып шықсаңыздар өкінбейсіздер деп ойлаймын. Жалпы пікір білдіруде жеке жазу стиліңізді қалыптастырсаңыз да болады. Ол кезде сіздің ойыңызбен санасатындар да табылады. Сондай-ақ, сіздің пікіріңіз – сіздің қаншалықты мәдениетті тұлға екеніңіздің бір көрінісі де. Ал бастысы пікір білдіруде жеке басқа қатысты, діни, ұлттық, саяси, жарнама және басқа да сипаттағы кемсітулерден аулақ болыңыз. Заңға қайшы пікір қалдырудағы жеке жауапкершілігіңізді естен шығармаңыз.

Бүгінде бізді пікір білдіруден не тежеп тұр деген сауалға келер болсақ, әрқилы жауап іздеуге болады. Біріншіден ерінетініміз рас, екіншіден кей қолданушылар ұялып жатады. Ал үшіншіден жазылған ақпаратқа қатысты көп хабары болмауы да мүмкін. Бәлкім, бұдан өзге де себептері болса да керек. Ең бастысы - сыни көзқарас пікір білдіруден қалыптасады деген ойымды жеткізе алдым деген ойдамын. Енді бұл жазба туралы сіздердің пікірлеріңіздді күтемін, құрметті оқырман!