Мінезді бол, балам

Мінезді бол, балам
жеке
блог

Қазіргі жастарды бұрынғы, кеңес заманындағы жастармен салыстырып та болмайды.

Қазіргі жастың бойынан, әрине бетке тұтарын айтсақ, ой-пікір еркіндігі, іскерлік,
білімділік пен ерте есею байқалады. Меніңше, қазіргі қоғамдық ахуалға байланысты,
жастарда прагматизм басым. Бұл өмір талабы. Өмір көшіне ілесудің құралы.
***
Сондықтан да болар, жастар кейде өз сана-сезіміндегі терең адамшылық құбылыстарға үңіліп,
ішкі дүниенің қаурыт мәселелерін шешуге құнтсыздау көрінеді. Ол бір жерден "тесіп"
шығады - ақшаға табыну, жеңіл іс-әрекет, тұрақсыздық, мақсатсыздық және т.с.с.
Қазіргі қоғамда жастар арасындағы оң тенденциялар қаншалықты қуатты болса, кері 
тенденциялар да соншалықты күшті. Жастар арасындағы қылмыс-қатігездік, жеңіл жүріс,
бейғамдық пен жауапсыздық бұрын да болған, бірақ бұрын жасырын болса, қазір 
ашық кетті. 
***
Мен мұны жастардан түңіліп санамалап отырғам жоқ. Менің алдымнан қаншама өте ақыл-есті,
ақ көңіл, адамгершілігі мол, жігерлі жастар өтеді. Теледидардан, ғаламтордан небір іскер де
талапшаң, алтын бас ұл-қыздарымызды көремін. Қала берді, таза ниетпен, өмірге деген үлкен
жауапкершілікпен алға ұмтылып жүрген өз ұл-қыздарымды білемін. Қалай қуанбайын.
Неге түңілейін. Сендерге сенбесек, сүйенбесек, онда біздің, алдыңғы буын ағалардың, өміріміз тұл.
***
Айналайындар, іштен қозғалыңдар, сана-сезім, рухыңды тікте. Мінезді бол. Өмір-тірішілік мәселелері
қолмен, не ақшамен емес, ең алдымен әрбір адамның сана-сезім тереңінде шешіледі. Осыған, өмір
қанша асықтырса да, күнделікті бір сәт көңіл бөліңдер демекпін. Тұлғалық топсаларыңды бекітіп
жүріңдер деген тілегім. Жамандық қай кезде де жігерлі болған, сұм болған, ол қашанда баса-көктеп,
аждаһадай жұтынып, мыстандай сиқырлап, іштен жоюға ұмтылған. Оған қасқайып қарсы тұруға үлкен
мінез, нар тұлғалар керек. Мінезді сомдаңдар. Мінез деген биік мақсаттар қою, ұзақтан және тереңнен
ойлау, ұлтты қорғай білу деген. Мінез - адам, ұлт тұтқасы.
***
Осы таза қазақы иісті сайтты жабыла жүргізгеніңді үлкен талпыныс, жеңіс деп санаймын. Бұл чат емес енді.
Бұл мінез көрінісі. Бос келмеңдер. Жазбаларыңнан да ірі тұлғаларыңды көрейік.
***
Жалпы, үкімет жастардың осындай таза ұлттық интернет-жобаларына салмақты гранттар бөліп, қолдап
жіберуі жарасымды болар еді. Іскер де шығармашыл, нағыз кәсіпқой да ұлтжанды жастарды 
тұлғалық іріктеу жүйесін жасап, оларға іскерлік гранттар, көптеп пәтерлер мен офистер бөлінуі
құба-құп болар еді. Жастар қуат алар еді. 
***
Жабыла, жастарды тұлғалық іріктеудің ұлттық жүйесін жасауды ұсынамын. Жастар, өздерің жасаңдар.