жеке
блог

Ұл өссе әке тынығады

«Ұл өссе әке тынығады» - деген сөзді бір ұстазым жиі айтатын. Бала кезде түсінбесек те, есейе келе мағынасын түптеп ұғына бастадық. Қолғабыс жасау, ата-ананы қуанту, оларды өмір бойы аялап өту – өмірдегі басты парызымыздың бірі екенін сезіндік. Бірақ ұстазымның бұл «аталы сөзі» соңғы уақытта мағынасы мен ұғымын өзгертіп бара жатқандай сезіледі... Бәлкім солай болар, бәлкім олай болмас.

Ата-ана ұл-қызының жеткен жетістігіне, алға қойған мақсатын орындауына шын жүректен тілектес, шын жүректен қамқор жандар. Алайда ата-анаға арқа сүйегенмен, оның атақ-абыройы, мансабы мен байлығына арқа сүйеу қанымызға мүлде жат дүние. «Менің әкем бастық, кез келген жерден шығарып алады, не істесем де өзім білемін» немесе «крышам мықты» деген заман қалып барады. Қазіргі қоғам мұны бір сәт те құптамайды. Осыдан 5-10 жыл бұрын бәлкім бұл қағида қоғамда орын алған да шығар. Бірақ, қазір мұндай іс-әрекетті жасырып қалу оңай емес. (Жасырын тасада қалып жатқаны да бар болар...)

Көп елде көше мен қоғамдық орындар, мекемелерде бейнебақылаулар орнатқаннан кейін қылмыстың азайғанын алға тартады. Ал бізде ше? Бізде де бейнебақылаулардың орнатылуымен талай оқиғалардың беті ашылып, өз шешімін табуда. Тәртіпке бағынбағандар өз жазасын алуда. Көшеде немесе қоғамдық орындарда бір шалыс бассаңыз, ертесіне ғаламторда «жұлдызға» айналып шыға келесіз. Бірақ менің айтпағым бұл емес еді.

Соңғы уақытта ел тізгінін ұстап жүрген шенеуніктер қызметінен кете бастады. «Еріксіз» өз еріктерімен жұмыстан шығу туралы арыз жазуда. Себебі, «ұлдары өсті – әке тынығу керек»...

Жақында ғана Астана кинотеатрындағы қызды соққыға жыққан жігіттің әрекеті жұрттың жағасын ұстатқан еді. Кейіннен ол жігіттің әкесі Қазақстан премьер-министрінің кеңсесінің қызметкері болып шықты. Оқиға орын алғаннан кейін көп уақыт өтпей Қуаныштың әкесі қызметінен өз еркімен кету туралы арыз берді.

Күні кеше ғана ғаламторды шулатқан Астанадағы «гулянка» иесінің әкесі де мемлекеттік қызметкер болып шықты. Қымбат көліктермен елорда көшелерінде шоу ұйымдастырғандардың видеосы әлеуметтік желілерде жылдам тарады. Тіпті "Гелендвагендердің" жүргізушілері өздерінің артқа қарап көлік жүргізе алатын "өнерлерін" көрсетіп, бірнеше рет жол апаты қаупін тудырып, жолдың қарсы бағытына шығып, жол ортасындағы жолақтарды басқаны анық көрінген-ді. Жүргізушілердің бұл қылығы талайлардың наразылығын да тудырды. Кейіннен мұндай көшедегі «көлік шоуын» ұйымдастырушы той иелерінің әкесі Астана әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары болып шықты. Ұлының тойында орын алған «тәртіпсіздікке» байланысты Б.Балташев те қызметінен босатылды.

Бұл бәріміз көріп, есітіп жүрген өткен бірер күндегі мысалдар ғана. Әкелері ұлдарының «тәртіпсіздігіне» бола мансаптарын «айырбастауда». Оларға сонша жыл тірнектеп жиған абыройы мен мансап жолындағы қызметінен айырылу оңай емес екені де анық. Алайда бұл оқиғалар өзгелерге де сабақ болары сөзсіз.Тіпті ұлдарының қылығына ұялып қызметінен кетіп жатқандар да баршылық. Бұл да қоғамда бір әділеттіліктің орнауына септігін тигізбесе, кері әсер етпес. Бұл жазбамызды да осы мақсатта жазып отырмыз. Бастысы – ата-ананы, туған-туысты, жақын жандарды мұңайтпай, қуантуға талпынуды бір сәт естен шығармағанымыз абзал болар.

Ал сіз бұл туралы не ойлайсыз, оқырман қауым?!

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫ БЛОГТАР

«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды».
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Абайдың ғылым-білім туралы ойларының маңызы
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шетелдегі қазақ полицей "Әлем батыры" атанды
«Тар заман» туындысында кездесетін афоризмдер

Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі