"Ұлттық спорттың жағдайы қандай?"
жеке
блог

"Ұлттық спорттың жағдайы қандай?"

Ұлттық спорт десе, ең алдымен ойымызға ата-бабаларымыздан келе жатқан бәйге, күрес, садақ ату түсетіні сөзсіз. Бірақ, осы спорт түрлері өкінішке орай  ауыл деңгейінен ары аса алмай тұр. Жылқыны ат шаптырым жерден  сынайтын бұрынғы атбегілеріміз бұл күнде бар ма? Дүние жүзінің әр халқы өз спортын әлемдік деңгейге көтеріп, олимпияда ойындарына қосып жатса, біз қазақ күресімізді тек халықаралық турнир аясында ғана өткізіп жүрміз. Қытайдың  у-шуы, жапонның дзюдосынан біздің қазақша күрестің несі кем? Атойлатып «Қазақстан барысын» өткіздік, алғашында жүлде қоры 250 мың ақш доллорын құраған жарыс, кейін жүз мыңға қысқартылыпты. Сонда келесі жылы бұл жарыс  тегін өткізіле ме деген сұрақ мазалайды. Ал, енді ат спортына келейік. Аттың құлағында ойнап, жылқысын жеті қазынасына теңеген қазақ, бүгінде асыл жылқы емес, жабайы есекке зәру. Ертеде орта азияны асыл тұқымды жылқының отаны десе, бүгінде сол жылқылар батыстың ипподромында шауып жүр. Осы кезде «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген тіркес келеді ойға. Ипподром  демекші, кеңес үкіметі тарағаннан кейін сол ат орталықтары жекеменшікке айналып кетті. Оны қазір бәз-біреулер сауда орнына айналдырса, біреулері  малдарын қамайтын қора жасаған. Еуропа халқы осы бір ат спорты түрінен пайда тауып, үлкен бизнес көзін көреді. Себебі, әрбір жарысқа көп соммадағы ақша қойылады, жеңген жылқы иесі сол ұтысты алады. Осы ат жарыстарынан үлкен пайда тауып, №1 спортына айналдырып отырған елдің бірі Швеция. Швецияда жылда жоғары деңгейдегі бәйгелер өтіп тұруы әдетке айналған. Қысқы суыққа қарамай қала шетіндегі ипподромдары халыққа толы болады. Сондай ірі жарыстардың бірі «Элитлоппа». Ол құшағына 50 мың адам сыйғыза алатын «Сульвалла» ипподромында 1952 жылдан бері үзбей мамыр айында өткізіледі. Бұл жарыстың жүлде қоры 350 мың АҚШ доллары. Өкінішке орай біздің спортшыларымыз осындай мәртебелі жарыстардан шет қалуда. Сонда «Элитлоппа» бәйгесінің алты дүркін жеңімпазы Стиг Иоханссон секілді атта еркін отыратын қаракөздер жоқпа бүгінде? Тағы айта кететін жайт, бүгінгі күні Франция мемлекетінің бюджетінің 30%-ын осы ат спортынан түскен пайда құрайды екен. Ал  атақты «Газпром» компаниясы Ресейдегі  ат спортының бірінші демеушісі. Алматы ипподромында жылына 15-17 ғана бәйге өтіп тұрса, еуропа елінде бұл көрсеткіш 5 есе көп.

            Мезолит дәуірінен бері келе жатқан садақты біздің қыз-жігіттер ата алмайды дегенге ешкім сенбес. Садақпен қыздың сақинасына өз жебесін тигізіп, мергендігін дәлелдейтін жігіттер қайда бүгінде? Тәуелсіздік алғалы 25 жылдай болып 5 олипиядаға барып келсек те, садақ ату жарысынан ондыққа да кірмедік,  ал ат спортына атымызды әзірлеп үлгермедік. Осы саладағы ағаларымыз бәрі уақыт еншісінде деп көңіл жұбатса, спортшыларымыз жағдай жасамады деп зар илеуде. Спортты дамытуға соның ішінде ұлттық спортты көтеруге қаражат бөлініп жатқаны белгілі, бірақ сол қаражат тиісті жерге, тиісті уақытта  жеткізіліп жатыр ма? Ұлттық спортты дамытамыз десек, ең алдымен бұл салаға ұлттың мүддесіне жұмыс істейтін адамдарды жинау, ауылдағы спорт мектептерін дамыту, жылқыны асылдандыратын кадрлар даярлау қажет.Әрине, бұл іс ұзақ жылдарды керек етеді. Бокс, штанга, велоспорт деп қуанып жүріп, қаймағы бұзылмаған қымызымызды неміске бергендей, төл спортымыздан айрылып қалмайық ағайын!!!