Диплом жайлы стереотипті көзқарасты жою
жеке
блог

Диплом жайлы стереотипті көзқарасты жою

«Жұмысым өзіме ұнамайды. Не істерімді білмеймін», «Кімге оқыған дұрыс?», «Ата-анамның нұсқауымен осы мамандыққа оқыдым. Алайда қазір бұл салада жұмыс жасағым келмейді»,  − деген өкініш сөздерді айналадағы адамдардан жиі естейтін болдым. Жұмысы көңілінен шықпайтындардың саны жыл санап көбеюде. Тіптен, жоғары білімі мен әжептәуір жалақысы барлар да өздерің бақытсыз сезініп жатады. Бұл жағдай біздің де, бізден кейінгі ұрпақтың да басына түсуі әбден мүмкін.

Соңғы кездері халық арасында алған дипломдарының жемісін көре алмай жүрген жастар жайында таралып кеткен дүрлікпе сөз ересек өмірге қадам басқалы тұрған біздерді терең ойға батырады. Көбі диплом алуды өздеріңе басты мақсат тұтып, оқу бітіргесін бірден қалаған жұмыс орындарына орналасамыз деп ойлайды. Алайда, бұл кеңінен таралып кеткен қате тұжырым болса керек. Көп жағдайда бұл жаңылыс пікірді негізге алсақ, ол түбі күйзеліске я, тіптен, үкілі үміттеріміздің үзілуі мен ойлаған армандарымыздың күйреуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, өзіміздің келешегімізге бей-жай қарамағанымыз өте маңызды.

Айдай анық нәрседен бастасақ, жасөспірімдердің басым көпшілігінің мектепте оқып жүрген кездерінен болашақта кім болғысы келетіні жөнінде ешбір түсініктері жоқ. Олардың ешқандай мамандық саласында іс-тәжіребесінің болмауы бұл жағдайды одан әрі өшіктіреді, себебі ол жасөспірімдердің олар білетін мамандықтар жөнінде үстіртін, субъективті пікір қалыптастыруына әкеліп соқтырады. Ал мектепте берілетін білімді шын өмірде пайдалану мүмкін емес. Қазіргі білім беру жүйесі баланың шығармашылық қабілеттерін, не оның жеке, дара қасиеттерін де ескермейді. Бұл айтылғанның бәрі мектеп білімін жоққа шығармайды, тек оның шын мәнінде жеткіліксіздігін айқындайды. Егер де мектептегі білім беру жүйесі өзінің болашақ түлектеріне қатысты өзекті мәселені шеше алмаса, бұл маңызды жауапкершілік балалардың өздері мен олардың ата-аналарына жүктелуі тиіс. Ал бұл мәселені шешуде келесі бірнеше маңызды кеңестерді назардан тыс қалдырмағаныңыз жөн.

Әр адам болашақ мамандығын өзінің қызығушылығына, талғамына және қабілетіне сәйкес таңдауы тиіс деген көзқарас жиі кездеседі. Бірақ та, бұл мезетте әр адамның дара, жеке тұлға екенін де ескерген жөн. Мәселен, байсалды, тыныш, салмакты адам бір сарынды, біртекті жұмысты ыждаһаттылықпен орындайтыны әбден ықтимал. Алайда, бұндай жұмысты бір орында ұзақ отыра алмайтын белсенді, екпінді адамға тапсыру үлкен қателік болса керек, себебі ол тез арада өз құлшынысы мен ынтасын жоғалтып алар еді. Кейбіреулері қатып қалған кесте бойынша өмір сүргенді жек көреді. Мұның да ешқандай оғаштығы жоқ. Керісінше, ол біздің әрқайсымыздың даралығымыздың, бірегейлігіміздің көрсеткіші. Олай болса, кімде-кім мамандық таңдарда ең бірінші кезекте қалай және қандай жағдайда жұмыс жасағысы келетіні жөнінде ойлануы шарт. Мәселен, сіз жайлы офисте ме, әлде әрдайым іссапарлармен саяхаттап жүргенді қалайсыз ба? Топта, әлде жалғыз жұмыс жасағанды ұнатасыз ба? Қандай жұмыс кестесін алар едіңіз? Сіздің жұмысыңызға деген көңіліңіздің толу, толмауы осындай қарапайым мәселені өзіңізге нақтылап, айқындап алуыңызға байланысты.

 "Дипломың болса, кез келген жерде жұмыс істей аласын" деген тағы да бір жаңылыс пікір кең өріс алып кеткен. Алайда, бұл санатта жоғарғы оқу орындарының сізді тек тар шеңберлі мамандыққа ғана оқытатынын естен шығармау керек. Мәселен, егер уақыт өте келе инженерлікке оқыған адам қаржы я журналистикаға ынта таныта бастаса, кім оны бұл салада жұмысқа алар еді? Жоғары білімі бар адамның мүмкіндіктері шектеулі. Егер де оның жұмысы көңілінен шықпаса, ол димломды мүлде қажет етпейтін басқа жұмысқа орналасады. Ал бұл бүгінгі таңда жиі орын алып жүрген көрініс.    

Кез-келген жұмыс берушіге жұмыс іздеушінің құр дипломынан гөрі оның сол саладағы білім деңгейін анықтау әлдеқайда маңыздырақ. Осылайша, ең бастысы диплом алсам болды, ал онымен кейін қалаған жұмыс табылады деушілер қатты қателеседі. Егер де сіз өз салаңыздың қыр-сырын жетік меңгерген маман болсаңыз, сіздің өзіңіздің көңіліңізден шығарлық жұмыс табуыңызға мүмкіндіктеріңіз арта түседі.

Мәселенің ауқымдылығына көзіңіз жеткен шығар. Егер де әр ата-ана ертеректен баласының қабілетіне, қызығушылығына және қандай да бір нәрсеге бейімділігіне көбірек назар аударып, соларды дамытуға ықпал жасаса, әр түрлі мамандықтардың қыр-сырлары жөнінде сөз қозғап, белгілі бір саланың қызметкерлерінің тікелей жауапкершіліктері мен міндеттері жайлы баласына көбірек мағлұмат берсе, бұл баланың болашақ мамандығы жайында жалпы көріністі қалыптастырады, баланың дұрыс бағыт-бағдар алуына зор септігін тигізеді.

Өмір адамға бір рет қана беріледі, сондықтан адамның әр күні өкінішке емес, бақыт пен қуанышқа толы болуы керек. Өз келешегіңізді қазірден өз қолыңызға алыңыз!