Давайте, чисто қазақша сөйлейік!
жеке
блог

Давайте, чисто қазақша сөйлейік!

XVI ғасырларда, қазіргі Оңтүстік Американың Бразилия елді-мекеніне Испания және Португалия елінен келген саяхатшылар табан тірейді. Пиреней түбегіндегі екі мәдениеттің арнасы түйіскен сәтте, “Осындағы халық қандай тілде сөйлер екен” деген үлкен сауал туындайды. Ал қазір, заманның лебімен 5 ғасыр өтіп, Бразилия елінің тілдік діңгегі португал болып қалыптасқаны бәрімізге мәлім. Халықтың таңдауы неге португал тілі болғанын блоктың соңында ойымның түйіні ретінде айтпақпын.

70 жыл бойы Кеңес үкіметінің басқаруымен келген Қазақ елі бүгінде Тәуелсіздіктің туын тігіп, егемендікке қол жеткізіп, шаңырағымыз биік болып жатқан жайымыз бар. Бірақ, тарих ертеңгі күнге өзінің ізін қалдырады. Ғасырмен шамалас жүргізілген кеңестік билік халқымыздың мәдениетін шайқалтып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде нағыз қазақилықты өзгертті. Сол өзгерістердің бірі, қазіргі таңда әркімнің көкейінде жүрген түйткілді мәселе- қазақ тілінің қоғамдағы деңгейі. Қазақстан аумағындағы халықтың 65%-ы қазақтар құрайды. Ал, сол қазақтар ішінде 60-70%-ы өз ана тілінде сөйлесе, қалғаны тілді жетік меңгермеген. Тіліміздің осындай аянышты халде тұрғанын көшеде кетіп бара жатқан Базарбайдан бастап, ақын-жазушыларға дейін айтып, біліп жатамыз. Бірақ біле тұра не істейміз? Сол орыс тілінде шүбірлеп тұрған қазақтарға келіп, “Сен неге қазақша сөйлемейсің? Намысың қайда? Шала қазақ!” деп беттен алып жерге салып, басып айтып жатамыз. Осындай агрессиялық түрде жүргізілген үгіт-насихаттан кейін, жаңағы бауырымыз үйіне барып, Мұхтар Әуезовтың “Абай Жолын” оқуы немесе Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай” атты алмас жырын жаттауы екіталай. Керісінше, ол орыс тілінде сөйлеуін жалғастырып, өзінің ұстанымдарын жоғары қояды. Соңында, біз оларға тіс қайрап, олар тілден бас тартып, дөрекілікпен айтып мәжбүрлеу ешқандай жеміс бермейді.  Неге бар мәселені өзімізден бастамасқа?

 “Ел болам десең бесігіңді түзе”,- дейді халық. Күнделікті өмірде, әңгіме барысында орысша араластырып, паразит сөздерді қосып, тілді әдеміліктен жұрдай қылып жатқан жайымыз бар. Осындай жағдаймен басқаларға қазақша сөйлеу деуіміз- жаман есектің ақсақ атқа күлгенін елестетеді. Сондықтан, “Давай ”, ”Вот так”, ”Короче” сияқты орыс сөздерді қоспай, ”Жаңағы”,”Баяғы”, ”Мәә” деген тілдің сиқын бұзатын сөздерден арылайық. Сөйлеу барысында орынды болып жатса, әдебиетіміздегі ұлы ақын-жыраулардың сөздерін пайдаланайық. Біз осылай әңгімемізге әсемдік сыйлап, әдебиетімізді тыңдарманға жарнамалаймыз. Ертеңгі күні, сол тыңдарманымыз Төле би, Абай, Жамбыл жайлы танып, біліп жатады. Қазақ тілінде көркем, таза, ырғақты, әсерлі сөйлейтін болсақ, орысша сөйлеп жүрген бауырларымыз ғана емес, басқа да ұлт өкілдерінің қызығушылығы артатыны сөзсіз. Ал, үлкен қызығушылықпен басталған іс –ұлы жетістіктерге алып келетіні һақ!

 Блогымның басында Испания және Португалия елінен келген саяхатшылар Бразилияда өздерінің тілдерін орнатпақ болғаны жайлы айттым. Сол уақытта, испандықтар агрессиялық түрде халықты испанша сөйлеуге мәжбүрлеген. Ал, португалдықтар, керісінше, ілтипатпен қарап, өздерінің мәдениетін таныстырып, сыйлықтар беріп, жұмсақ саясат көрсеткен. Соның арқасында, қазірде Бразилияның мемлекеттік тілі португал болып отыр. Осындай болған тарихи оқиғаны арқау етіп, ой түйдім. Сондықтан, “Өзгерткің келетін әлемнің бірінші өзгерісі өзің бол”. Сол кезде, тіліміз де, еліміз де түзеледі!