Абайдың әдеби мұрасының үлкен бір саласы - оның аудармалары. (Байқау)

Абайдың әдеби мұрасының үлкен бір саласы - оның аудармалары. (Байқау)
жеке
блог

   Абайдың әдеби мұрасының үлкен бір саласы - оның аудармалары. Жалпы, қазақ аудармасы жайлы сөз ететін болсақ, Абайға дейін шын мәніндегі әдеби аударманың болмағанын көреміз. Ы.Алтынсарин сияқты бірлі-жарым ағартушылардың санаулы тәржімалары болмаса, Абай сияқты аудармамен арнайы айналысып, шығармашылық мән берген ақын-жазушы жоқтың қасы. Сондықтан да қазақ әдеби аудармасының негізін қалап, оны профессионалдық дәрежеге жеткізген Абай деп білеміз.

    Соңғы зерттеулер Абайдың әлемдік деңгейдегі ұлы ақын екендігіне көз жеткізіп отыр. Күні кешеге дейін үстемдік құрып келген отаршылдық идеология қазақ сияқты бодан, негізі көшпелі өмір сүрген халықтан Абайдай ұлы ақын шықты дегенге сенгісі келмеді; сенгеннің өзінде де шындықты мойындауға жол бермегені мәлім. Ал қазір Абайдың Шығыс, Батыс әдебиеттерін қажетінше меңгеріп, әлемдік эстетикалық дамуға өзіндік үлес қосқаны нақтыланып, әдебиет алыптарының қатарынан өзіне лайықты орнын алуда. Еуразияның қақ ортасынан орналасқан қазақ халқынан шыққан Абайдың өз ұлтының мөлдірдей таза көшпенділер мәдениетінің нәрінен сусындап өсуі, шығыс поэзиясындағы гуманистік, пәлсафалық сарындарды бойына сіңіруі, батыс әдебиетіндегі демократияшыл бағыттардан үлгі алуы, оны адамзаттық озық идеяларды жырлаған философ ақын дәрежесіне көтерді.

   Абай және батыс дегенде, алдымен орыс әдебиетімен байланысын айтамыз. Абайдың өздігінен ізденіп, орыс тілін жетік меңгергені белгілі. Орыс тілі ақын үшін дүниені танып-білудің кілті болғаны да анық. Абай орыс әдебиетімен, оның Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Салтыков-Щедрин, Крылов сияқты ірі өкілдерінің шығармаларымен жете таныс болған. Олардың озық ойлы туындыларымен қазақ оқырмандарын алғаш таныстыруды қолға алған да - Абай. Осы мақсатта ол орыс әдебиетінен қазақ тіліне тәржімалар жасап, бірсыпыра аударма шығармалар жазды. Абайдың орысшадан қазақшалаған аудармалары елуден астам.

   Абайдың орыс әдебиетінен ден қойып аударған ақындарының бірі - И.А.Крылов. М.Әуезов Абайдың И.А.Крыловтан аударған бес мысал ("Есек пен бұлбұл", "Бүркіт пен қарға", "Шегіртке мен құмырсқа", "Түлкі мен қарға", "Піл мен қанден") деп біледі. Ал қалғандарының Абайдікі екеніне күмән келтірген. Осындай ойды кейінгі зерттеушілерден Н.Ғабдуллин де білдіреді. Бұл пікірдің негізге алатындары: кей мысалдың екі түрлі нүсқасының ("Қарға мен тулкі") және сапалық деңгейінің түрліше болуы. Десек те Абайды зерттеушілердің көпшілігі Крыловтан аударылған мысалдардың санын он екі деп керсетеді. Дәлел ретінде осылардың Мүрсейіттің қолжазбаларында барлығын және 1909 жылғы алғашқы басылымына енгендігін алға тартады.

   "Есек" - Крыловтың "Осел" мысалының еркін аудармасы. "Есекті" аударма дегеннен гөрі "Оселдың" ізімен жазылған Абайдың өз туындысы деген дұрыс. Крылов мысалының мазмұны мынадай: "Бір шаруаның жуас есегі болады. Ол табуға оңай болсын, жоғалып кетпесін деп есегінің мойнына қоңырау тағып қояды. Көптің назарына ілінген, даңғой есек бұған мәз болып көкірегі өсіп кетеді. Мақтан тұтқан қоңырауы керісінше, сорға айналады. Бұрын елеусіз емін-еркін жайылатын есекті енді үйдің, егіннің маңына жолап кетсе, қоңырауының даусын естіп, жұрт қуатын болады. Соңында таяқтаудан, аштықтан көтерем болған есектің құр сүлдері қалады". Ал Абай аудармасында: "Мал сатып, сауда жасап қайтқан керуеннің ішінде үстіне алтын артқан бір есек келеді. Алтыны бар есектің маңында өңшең байлар жүріп, оған қошаметпен қарайды. Оған жемді де көбірек беріп, сылап-сипайды, кейбіреулері құлағынан сұйіп те алады. Өзгенің бәрін менсінбейді. "Атты теуіп, адамды тістесе де сөгіс жоқ". Жұрттың бәрі есектің амандығын тілейді; "Жаппарқұл мырза" атанады. Бір кұні бай есектің үстіндегі алтынды алғанда, бұрынғы қошаметтің бәрі жоғалып, боқ тасуға жегіледі". Абай осы аудармада:

 Қарасаңшы бойыңа,

Ұзын қулақ қалпың ғой.

Жұрт ергені соңыңа -

Үстіңдегі алтын ғой – деген ой тастайды.

 Түпнұсқадағы мысал 25 жолдан тұрса, Абайда - 40 жол.

  Абай аудармаларының жоғарыдағыдай үздік болуының, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, көркемдік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.