СОҢҒЫ РЕТ «СЫҢСУДЫ» ОН ЖЫЛ БҰРЫН ЕСТІДІМ...

СОҢҒЫ РЕТ «СЫҢСУДЫ» ОН ЖЫЛ БҰРЫН ЕСТІДІМ...
жеке
блог

Әкемнің туған қарындасы ұзатылып бара жатып, үйден шығарда өзінің «тірі» дауысымен, әке-шешесімен, туған-туыстары, үйімен қоштасып сыңсу айтқанын өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп едім. Ол кезде баламын.
... Енді есейдім... Сыңсудың не екенін жақсы білемін, бірақ көрген де естіген де емеспін. 
Осыдан біраз уақыт бұрын, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бір қыз (бүгінде аяулы жар) сыңсу жазып берші деді. Жақсы деп келісім бергенім сол еді, өзім үйіммен қоштасып кетіп бара жатқандай барымды салып жаздым. Не керек ертесі қағазды алып оқып тұрған сыңсушы ханым, «мынау не?!» десі бар ма?! 
- Сыңсу...!!!
- Мен өзім ұзатылып кетіп бара жатып әке-шешемді жылатамын, одан ары жылатқым келмейді. Сыңсуды көңілді етіп жазғым келеді, әрі оны дауысқа жазып, ән қылып айтсам деп едім- деп, төбемнен мұздай суды құя салғандай болды. 
Айналайын «Сыңсу» атадан келе жатқан үлкен салт. Оның өзіндік мәні бар. Сыңсу айтып кетудің өзі ұзатылып жатқан қыздың тектілгін, түсіп жатқан келіннің ибалығын көрсетеді. «Сыңсу» деген атында тұр. Қазақ сөзін түбір арқылы тауып, мән-мағынасына көз жүгіртіп алсақ, түсіну оңай. 
Сыңсу үшін де жүрек керек. Туған үйінен кетіп бара жатқан қыз сезіну керек, өзінің енді қайтып қашан келетінін білмейтінін,басқа үйдің босағасын аттағалы жатқанын, жат жұрттық екенін. Бүгінде «төркіні жақынның төсегі жиылмас» дейтін мақал дәлме-дәл мағынасында айтылып келе жатыр. Сағына қалса үйіне жүгіріп, ұрыс болса төркінге кетіп қалуды сәнге айналдырған. Ол сол кетіп бара жатқан кезде сыңсуын сыңсып тұрып, жүрекпен сезініп тұрып айтпағандығы, мүлде айтпағандығы. 
Көп тойларда көріп жүрмін. Келіндеріміз сыңсуды «рэппен» шатыстырып алған секілді. Бір қолы микрофонда, бір қолы көйлектің етегінде, ұстап алып арлы –берлі теңселіп рэп айтады мыс. Қай атаңнан көріп едің, ұзатылып бара жатқан қыздың рэп айтып, сыңсудың орнына мәз болып тұрғанын. 
Қазақ тегінен бәрін өлшеп, есептеп, байыбына барып бәрін орнымен тасқа қашағандай етіп қалдырып кеткен. Ол заңдылық. Оған қарсы келу, оларды жат сыну – дәстүріңе дақ. 

©Марғұлан АҚАН