КӨЗ

КӨЗ
жеке
блог

Көз

 

Тасасында жатып алып кірпіктің,

Жемтігіңді нысанаға ап бір күттің.

Есі кетіп есірді ғой ана ару,

Ей, көзім-ай, неге сонша үркіттің?!

 

Сенің әлсіз нұры кеткен жанарың,

Қанша арудың шешпей төкті ақ арын.

Қанша сылқым сезбей қалды саған көз,

Бір «сипатып» алғандарын анарын!

 

Зәрі қандай көз досым-ау зинаның,

Жалған күннің естелігі жиғаның.

Етегі тар, ашық төсті сұлуды,

Тар көшеде жүргізбей сен қинадың.                 

 

Тесілесің, телміресің, таласың,

Біреу кетсе басқаларын табасың.

Сен нәпсінің оятушы құлысың,

Жалғап тұрған күнәменен арасын.

 

Әлсіз досым әлің қайда нұр тұнған,

Кірпіктерің қалқан болып қылқынған.

Жалғандағы сен емессің жалғыз көз

Сені де бір көз аңдиды сыртыңнан.

 

Көтерілсе ақ балтырдың етегі,

Сенің есің, сенің басың кетеді.

Бес күн жалған бағыңды ашар өлген соң,

Көргендерің көр түбінде жетеді.

 

Тарылса егер көз жеткенше өз көрі,

Ешкім емес кінәлі ғой өздері.

Кейде ойланам арыздықты көрмеген,

Соқырлардың бақытты-ау деп көздері...

 

07.08.2015