Өлгім келмейді

Өлгім келмейді
жеке
блог

Соңғы кезде өлім туралы көп ойлаймын. Өте көп ойлаймын.

Көше толы адамдар. Бәрінің бет-жүзіне бадырайып қараймын. Бұл түрді енді ешқашан қайтып көрмеуім мүмкін. Қайтып көрсем де, маңызды емес. Ол қашан өледі екен? Мүмкін, ертең, мүмкін 80-ге келіп, мүмкін, 5 минуттан кейін?..

Өлмесін. 

Өлген соң, пенденің артында жылап-еңіреп жоқтаушысы қалады, көп болса, бір апта қайғырар, одан кейін ұмытылады. Адам өледі, ал теректер бұрынғыша жайқалады, мына ғимарат та міз бақпай сол орнында тұра береді. 

Өмір өтеді.

Өлмейтін сияқтымын. Мәңгі-бақи осы күндерім қайталана беретін секілді. Таңертең тұрамын, жұмысқа келемін, сабаққа барамын, қайтып жұмысқа келемін, үйге қайтамын, ұйықтаймын, қайтып тұрамын... Жо-жоқ... Олай болса, балалық күндерің қайда кетті? Оқушылық кездерің ше? Жастық шағым сырғып барады.

Өлгім келмейді. 

Ванна қабірге ұқсайды. Ваннада шомылып жатып, осы ой келгенде, шошып кеттім. Қалай жатады екем ертең? Оң қырымнан ба, сол қырымнан ба? Шалқамнан. Иә, иә, шалқасынан жатады екен ғой өлген адам...

Алматының бір бұрышында жақынынан айрылған бір бейбақ жылап тұр. Ал көктем күліп тұр...