Дамудың іргетасы – патриотизм!

Дамудың іргетасы – патриотизм!
жеке
блог

Бүгінгі күні Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаты - әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Адамзат баласы дамып-өркендеудің үлкен бір шыңына жеткен сынды көрінетін ХХІ ғасырда даму, алға жылжу қай ел үшін де, соның ішінде Қазақстан үшін де оңайға соқпасы анық. Сондықтан, құжатта атап өтілгендей, мемлекеттігімізді нығайтып, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызу үшін беріктік қорын жасап беруге бағытталған осы «100 нақты қадам» жоспары көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.

Нақты көрсетілген 100 қадамның ішінде 85-қадам - «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу. Елімізде өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасының мәдени саясат Тұжырымдамасында жаңа мәдени саясаттың стратегиялық басым бағыты - «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы екені атап көрсетілген болатын. Облысымыздың мәдениет саласының қызметкерлері жыл сайын, орта есеппен алғанда,  20 мыңнан астам мәдени-көпшілік шара ұйымдастырады екен. Бұл шаралардың әрқайсысын өткізуде ұлтты біріктіруге, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет ету, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу сынды асқақ мақсаттар көзделеді.

Қай мемлекеттің де өркендеп-дамуына азаматтарының Отанға деген сүйіспеншілігі, патриотизмі іргетас болады. Осы орайда 89-қадамда мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік Ел құндылықтарын енгізу жөнінде айтылған. Біз «Болашақ - жастардікі» дейміз. Расында, алдағы жылдарда елді дамытатын да, сол дамыған дәуірдің жемісін көретін де - жастар. Жастарымыздың білімді, денсаулықтары мықты болып өсулері үшін ғана емес, сонымен қатар, олардың өз елінің шынайы патриоттары болып ержетуі жолында тер төгу бүгінгі аға буын өкілдері үшін зор міндет деп білемін.

Серікбол БЕРІКҚОЖА

«Жаңа-Ру» жастар коалициясының Президенті,

заң ғылымдарының магистрі