Ойлар, ойлааар!

Ойлар, ойлааар!
жеке
блог

Бүгін отырып алып Массегетке пост жазғым келіп еді. Бірақ, не жазарымды білмей клавиатураға саусағым жүрмей қойды. Жазудан қалып бара жатқан сияқтымын, кейде...

Мұңлы әуен ойнап тұр. Ойым біресе, сайтқа біресе әуенге бөлініп екі дара күйде отырмын. Агентте інім жазады. Оған күлем. Басқа терезеде басқа жан. Оған мұңымды шағып отырмын. Адам баласы неге екіжүзді?!

Сағынғаны туралы жазды. Негізі екі адам жазды. Біреуі жақсы досым. Неге осындай екен а? Біреуді ұнатып, назар аударып жүрсең саған мән бермейді. Ал, сен мән бермей қойсаң, керісінше сені іздей бастайды. Адам неге қадірдің құнын білмейді?!

Бүгін шекарада мені Малайзияға өткізбей қойды. Барлығы өтті. Мені өткізбеді. Себеп жоқ. "Сіз әуе жолдарымен ғана келе аласыз" дейді. Қызық, адам неге күмәншіл?!

Екі айдан бері хабарсыз. Адам неге жалғанға құмар?!

Бүгін қалада адасып кеттім. Ұялы телефон сатып тұрған қыздан жол сұрай салған едім, жұмысын тоқтатып, мені қонақүйдің алдына дейін әкеліп тастады. Адам неге соншалықты қамқор?!

Досым бар еді... Енді жоқ. Адам баласының қимастық сезімі неге биік?!

Менің өмірімнен ғайып болған кей жандарды көргім келеді. Менен алыс болса да, келе алмайтынын білсем де сағыныш оты бір сәтке басылатын емес. Адам неге сағына береді?!

Сен ұйықтап жатсың. Ол ұйықтап жатыр. Ал мен неге әлі ояумын?!

Таң да атты. Әуен әлі ойнап тұр...