Әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырған тұңғыш қазақ

Әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырған тұңғыш қазақ
жеке
блог

Әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырған тұңғыш қазақ

 Мақсұт  Жұмаев - әлемдегі барлық «сегізмыңдық» шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған тұңғыш қазақ. Үлкен қатерге бас тіккен әлемдегі 12 альпинистің бірі. Жақында Мақсұтпен «Kaspi қаһармандары» кампаниясының аясында сұхбаттасудың сәті түскен еді. Назарларыңызға ұсынамыз.

 -Мақсұт, Батыс Қазақстан облысында дүниеге келгенсіз. Сіздің туған жерде биік таудың барын еске түсіре алмай отырмын. 

-Иә, бізде шыңдар жоқ.

-Сонда тауға «ғашықтық» қайдан пайда болып жүр?

-Бала күнімде. Әлі есімде әкем облыс орталығына алып барды.  Бұл мен үшін үлкен оқиға болды. Ауылда сатпайтын суық, тәтті балмұздаққа қол жеткізу арман еді ғой. Бірақ негізгі қызық қайтар жолда күтіп тұрды. Біздің өңірде Жаңғырық тау деген төбе бар. Содан төмен түсе бергенде ғажап көрініске көзім түсті. Алдымызда кең көсілген дала жатты.  Өзімді жер шарының үстінен қарап тұрғандай сезіндім. Қалада мұндай көрініс байқала бермейді.  Эмоциямды жасыра алмай, таңқалып, қуанғаным есімде. Мүмкін осы көрініс тауға деген махаббатымды арттырған шығар. 20 жылдан кейін тұңғыш рет тауға шыққанда жаңағы көрініс қайталанды.  Жоғарыдан төменге қарау ғажап нәрсе. Оны жеткізу қиын. Көру керек.

-Алғаш рет тауға қашан шықтыңыз?

-Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ветеринария факультетіне оқып жүріп,  I курста Алматыда өндірістік тәжірибеден өттім. Бір күні солармен Үлкен Алматы көлінің маңына шатыр тігіп, қонуға барған едік. Бұршақ жауып, күн суытып кетті. Достарым «Мақсұт сені тау сынап жатыр» деп қалжыңдады. Көлдің жағасына барғанымызда таныстарым бұл жер күш-қуат сыйлайды, мұнда таудың иелері бар дегендей айтқаны есімде. Алыстан газдың жиналғаны сияқты мұнарланған нәрсені байқағаным болмаса, онша мән берген жоқпын. Бірақ, кейін таулардың тек қана – тас, қар, мұздан тұрмайтынын сезіндім. Таулардың шынымен жаны, иесі бар. Біз тауларға тек қонақ қанамыз.

-Осыдан кейін альпинизммен шындап айналыса бастадыңыз?

Жоқ, оған дейін біраз жол жүруге тура келді. Бірақ, негізі басы осы сапардан соң басталды. Сол сапардан соң тауға жиі шығуға құлшыныс пайда болды. Жиі тауға шығып жүрдік. Бірақ, Алматыға келерде таныстарымнан сұрап алған жол сөмкені арқалап тауға шығу  қолайсыздау болды. Тауға арналған рюкзак сатып алмақ болдым. Ол кезде мұндай кәсіби жабдықты тек стадион маңында»Хантәңірі» деп аталатын  арнайы фирмадан сатып алатын. Сөмкені алуға барып, альпинизмнің әйгілі шебері, Гималайға шыққан шебер Юрий Моисеевті кездестіріп қалдым. Мен таңдаған сөмке 99 доллар тұрады екен. Батыс Қазақстаннан келген студентте ондай ақша қайдан болсын?! Жағдайымды көрген Юрий Михайлұлы қосымша табыс табуды ұсынды.

 –Ертең Ыстықкөлге бір топ шықпақшы. Сенің міндетің шетелдіктердің жүгін көтеру.  Бір шеті тауды көресің деді. Негізі ол кезде көп альпинистер кейін экспедицияға шығу үшін осылай табыс табатын. Ертесі уәделескен жерге келдім. Альпинистердің арасында маған күмәнмен қарағандар болды. Жүк көтере алмайсың-ай, деп бармай-ақ қоюды ұсынды. Ақыры екінші партиямен баратын жүк тасушылардың бірі бармайтын болып, орнына мені жіберді. Меніңше таулар өзіне жіберудің алдында адамды осылай сынайды.  Күдіктенгендерге ренжімедім. Бар ойым тауға шығу болғандықтан, сынға да шыдайсың. Әрі жүк көтеруге шыдауға  тырыстым. 30 келілік жүкті тауда тасу қиындау. Бірақ шыдау керек болды. Кейін басында сенбегендер жүрісің жылдам, бәрінен ауыр жүкті көтересің, альпинизм секциясына тура тарт деген ұсыныс айтты.  Бәрі осылай басталды. 1997 жылы бірінші рет Алматы маңындағы шыңға шықтым.

-Кәсіби түрде 2000 жылдары айналыса бастапсыз?

-Иә, 2000 жылы алғашқы сегізмыңдық Шишабангма шыңына шыққаннан кейін мені құрамаға алды. Бұған себеп болған нәрсе алты, жеті мыңдық шыңдарға шығып көрмеген адамның, яғни менің бірден сегізмыңдыққа әрі оттегі жабдығынсыз шыққаным. Университетті бітірген соң, әскерге барып, одан Алматыға келдім. Жарнама агенттігінде, сосын жазда тауға жол сілтеуші ретінде жұмыс істеп жүрдім. Бір күні бір америкалық Шишабангмаға шығуға ұыныс жасады. Оның биіктігі 8046 метр. Мұны бағындырған соң Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ұлттық құрамаға шақырды. Сол кезде «Қазақстан құрамасы – әлемнің ең биік шыңдарында» деген бағдарлама қабылданып жатқан еді.  Қазақстан әлемде альпинистерден құрама команда жасақтаған бірінші ел. Бұл бағдарламаға 50 спортшы қатысты. Өкінішке қарай оның 10-ы экспедиция барысында қаза болды.

-Әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықты бағындырдыңыз. Ең қиыны қайсысы болды?

-2006 жылы Аннапурнуға шығу ең қиын болды. Барғанда ауа-райы жақсы сияқты еді. Альпийлік стилде маршрутты анықтамастан, шатырды дайындамастан бір рет шығып келдік. Сегізмыңдықта бұршақ жауады деп кім ойлаған?! Күтпеген жерден бұршақ жауып кетті. Әрі найзағай ойнап, тура қасымызға түсті. Шың басындағы бұршақтың кәдімгі бұршақтан айырмашылығы үлкен. Жердегідей еріп кетпейді, мұздың бетіне жинала береді. Қасымдағы серігім Васяға әсері болмады. Мен белім мен аяғымды ауыртып алдым. Өте қорқынышты болды.

-Өміріңіздегі ең үлкен қорқыныш осы болған сияқты?

-Бірақ, білесіз ба шыңда, тауда, мұздықтар да қорқынышты емес. Ең қорқынышты нәрсе – үйіңде шәй ішіп отырып, шыңға шуға керек па, ертең шың басында оқыс оқиға болып, отбасыңды тастап кетпейсің ба? Бару керек па, жоқ па деген шешім қабылдау.  Бұл үлкен жауапкершілік. Өзің әта-анаңның жалғыз ұлысың. Жанұяң тағы бар. Сонымен қатар өзіңмен бірге тауға шығатын жігіттердің жауапкершілігі бар. Альпинизм деген – командалық спорт түрі. Қиындық кез-келген кезде болады.

-Тауға шыққанда нені сезінесіз?

-Бірінші шаршау. Сосын жеңімпаздық сезімі.

-Шыға алмай, кері оралған кездеріңіз болды ма?

-Серігім Василий Пивцовпен бірге  К2 шыңын 5 рет бығындыра алмай, алтыншы талпыныста көтерілдік. Бес рет кері қайтуға тура келді. 2003, 2005, 2007, 2009, 2010 жылдары бірде ауа-райы, бірде қалың қар сияқты сәтсіздіктерден соң бағындыра алмадық. 2005 жылы  таудағы лагерімізде шыңға өрмелейтін құралымызды ұрлап кетіп, шыға алмай қалдық. Мұндай да қызықтар болып тұрады. Бірақ, 2011 жылы Василий Пивцов екеуміз  North Pillar Expedition 2011 халықаралық экспедициясының құрамында австралиялық Герлинд Кальтенбруннер, польшалық Дариуш Залускимен бірге ақыры бағындырдық.

-Бір рет шыға алмаған соң, тоқтатуға болмас па еді?

-Алдымда тек қана шығу керек деген мақсат тұрды.

-Тауға өзіңізбен не алып шығасыз?

-Альпинистің керек-жарағынан бөлек, қасиетті Құранды, әкемнің фотосын, ойыншық арыстанды,  Қазақстанның туын көтеріп шығамын. 

-Сәттілікке сенесіз бе?

-Шыңға шыққанан кейін қиындықтарды еске алып отырғанда сәттіліктің барлығына сенесің. Ондай менің өмірімде көп болды. Памирдегі Ленин шыңына шығуға ұсыныс жасалған төрт жігіттің бірі мен болдым. Бірақ, ішіндегі шықпай қалу мүмкіндігі жоғары да  мен едім. Бірақ, бір жігіттің келіншегі босанды, біреуінің емтиханы болды. Мені автоматты түрде алды. Бұл да бір сәттілік. Маған тағдыр әрқашан мүмкіндік беріп келеді.

-Ең үлкен жетістігіңіз ретінде нені бағалайсыз?

-Отбасым. Екі балам бар, үшіншісін күтіп отырмыз. Әйелім де бұрынғы альпинист.

-Экстремалды альпинизммен қош айтысқан сияқтысыз. Қазір немен айналысып жүрсіз?

- Қоршаған ортаны қорғау мен балаларға  экологияға қатысты тәрбие беру бағытындағы  әлеуметтік жобалармен айналысамын. Негізгі қызметім –ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті армия клубында лейтенант шенінде қызмет атқарудамын.  Әскерилердің таудағы дайындығымен айналысамын.

-Қазақстан альпинизм спортынан ең үздіктердің бірі деседі

-Сегізмыңдық шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған әлемдегі 12 адамның үшеуі қазақстандық (Урубко, Пивцов, Жұмаев-ред.) екенін ескерсек бірінші орындамыз. Кеңес өкіметінің кезінде де Одақтың ең мықты альпинистері Алматылықтар болатын. Бізде жаттығуға өте жақсы мүмкіндіктер мен қалыптасқан дәстүрлер бар. Қазақстандық альпинистердің ерекшелігі-сегізмыңдықтарға гидсіз, өз-өзімізді жетелеп, көмекшілерсіз шықтық. Әрі көп жағдайда қазақстандық альпинистер шыңға шығатын соқпақты бірінші болып салады. Альпинизм саласында қалыптасқан осындай имиджіміз бар. Оны түсірмеу керек.  Жалпы альпинизмде қазақстандықтар бірінші. Оған ешкімнің таласы жоқ.

-Әңгімеңізге рахмет!