«Лучший город.KZ» шоуының қатысушылары мен қазақстандық жұлдыздар ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады
жеке
блог

«Лучший город.KZ» шоуының қатысушылары мен қазақстандық жұлдыздар ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

«Еуразия» бірінші арнасындағы «Лучший город.KZ» жобасының жас жұлдыздары мен танымал қазақстандық орындаушылар 6 мамыр күні Kinoplexx Sary-Arka 3D кинотеатрында ардагерлерді құттықтады. Сыйлықтар жасап, танымал әрі сүйікті әскери әндерді орындады. Авторлық әндер де орындалды.

«Лучший город.KZ» жобасының бірінші маусымының қатысушысы Олег Белов өзі жазған «Война на пике» әнін орындады: «Бұл Виталий Дворецкий екеуіміз түсірген фильммен аттас ән. Жақында қазақстандық телекөрерменге жол тартады. Фильм қазақстандық альпинистердің ортақ іс – Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндайды. Тарихтың көпшілікке беймәлім бұл парақтары Отан үшін ұрыстың ауыр техника өте алмайтын таулы Кавказда, жартастардың арасында соғыстың қалай жүргенін баяндайды».

«Лучший город.KZ» шоуының екінші маусымының қатысушылары да музыкалық өнерлерін көрсетті. Рувим Гликман «Последний бой» әнін гитарамен орындап берді. Ал Екатерина және Дарья Никитиналар көрермендерді «Катюша» әнінің жаңаша әрленген нұсқасымен таңғалдырды. Қыздардың өнеріне тәнті болған көрермендер олармен қосылып, билеп кетті.

Танымал «All Давай» тобының жігіттері қонақтарды «Күт мені» әнімен қуантты: «Егер байқасаңыздар, біз бүгін әскери киім кидік. Біз осы киімдерді осындай шараларға қатысу үшін бірнеше жыл бұрын арнайы тіктірген болатынбыз. Біз бұл мерекені жақсы көреміз және ардагерлерімізге Жеңіс үшін жасаған ерліктері үшін алғыс айтудан шаршамаймыз».

Шоумен, теле және радиожүргізуші әрі әнші Евгений Жағалтаевтың орындаған әндері оның әдеттегі репертуары үшін жат. Алайда оның осы өнеріне бүкіл көрермен тәнті болып, концерттің соңында «День победы» әнін орындаған кезде көрермен әнді тұрып тыңдады.

1942 жылдан бастап Ил-2 ұшақтарында механик болып, 1-ші Украина және Қиыр Шығыс майдандарындағы шайқастарға қатысқан Мостовая Нина Федоровнаның көңілі босап: «Мен бүгін жас, дарынды жастарды көрдім. Осындай концерт үшін және біз үшін жасайтындарыңыз үшін рақмет. Осындай концерттерге қатысқан сайын таңғалудан шаршамаймын. Қазақстан жері өнерлілерге бай. Қолда барды, бейбітшілікті сақтаңыздар», - деді.

Концерттен кейін мерекенің барлық қонақтары танымал режиссер Карен Шахназаровтың «Дорога на Берлин» фильмінің алғашқы көрсетіліміне барды. Кинолента Эммануил Казакевичтің «Двое в степи» повесі және Константин Симоновтың әскери күнделіктері бойынша түсірілген. Картинаның екі басты кейіпкері: лейтенант Огарков (Юрий Борисов) және қатардағы жауынгер Жорабаев (Әмір Әбдіқалықов).

Фильмде бір-біріне қас дұшпан екеу бірге тамақтанып, түнеп, және бастысы тіршілік үшін арпалысатын жағдайға тап болады. Мінездері, өмірлік ұстанымдары екі түрлі жауынгерлерді ортақ мақсат – Жеңіске деген талпыныс біріктіреді.

Жеңіс күніне арналған мұндай іс-шаралар «Еуразия» бірінші арнасы үшін жаңалық емес. Өткен жылы «Лучший город. KZ» шоуының бірінші маусымының қатысушылары алматылық ардагерлер үйіне барып, төсекке таңылған ҰОС ардагерлеріне арнап, скрипка мен үш гитараның сүйемелдеуімен әскери әндерді орындаған болатын.

Ал осы сенбіде елдегі ең танымал шоудың жартылай финалы өтеді. «Лучший город. KZ» жобасының финалына жолдама алу үшін Қызылорда, Алматы, Талдықорған және Атырау командалары тартысқа түседі. 9 мамыр 20:30-да «Еуразия» бірінші арнасынан жіберіп алмаңыздар.