Жылғамен жылжыған өмір

Жылғамен жылжыған өмір
жеке
блог

Бала кезде көктемде жылғалардан су аққанда қайық жіберіп ойнайтынбыз. Қайық деген – ағаштың сынығы. Ойылдағы арықтардан ағыны қатты су ағатын. Кейде кісіні өткізбейтіндей. Қайық жүзіп, ауылдың шетіне дейін баруы мүмкін. Қатты ағып кеп, кейде аясы жалпақ, ағынсыз, қоқысы кептелген жерлерде баяулап қалады. Мұндай кезде қайықты түртіп жіберу керек немесе қашан ағысқа тап болатынын күту керек.


Маған жылғамен жылжыған қайық адамның өмірі сияқты көрінетін. Кейде қатты ағып кеп, кейде тұралауы мүмкін. Бала кезімде «осы мен есеймейтін шығармын, өмір осылай тұра беретін шығар» деп ойладым. Кешкі мезгілде ойынның қызығына берілгенде, күндер зулауы мүмкін, ал күндізгі аптапта уақыт өтпейтіндей. Өмірдің дамылдап қалғанына еріксіз сенесің, Ойылдың күндері әбден сарылта түсетіндей көрінеді.


Айтпақшы, тұтас бір кезеңнің, шынымен де, өтпей қойғаны бар. Кәдімгідей бір уақыт аралығының бос қалғаны. Күндізгі өмір қажытып, түнді аңсайсың. Түн де көңіліңді көтермей, күндізге қайтып иек артасың. Бірақ жалғыздықтан ешқашан шаршамадым. Жалғыз досым – сол.


Жаңа жылдың алдында, ұжымдық жаңа жылды тойлағаннан кейін, бір есеңгіреткен тәулік болды. Әзиз, Жарқын үшеуіміз банкіге бардық. Сол тәулік ұзаққа созылғандай болды. Жалықтырған жоқ. Бірақ мағынасыздығымен, алысқа қол создырған беймәлім әсерімен бала күнімдегі өмір-өзенді бірер сәтке еске салды.


Алматының жылғалары басқаша...