Тағы да білім саласындағы мәселелер

Тағы да білім саласындағы мәселелер
жеке
блог

- Сәлеметсіз бе, Тұмар Ташметқызы. Сіз Қарағанды қаласы №16 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімісіз. Бұл мектепте жұмыс істеп жүргеніңізге қанша жыл болды?

- Жалпы бұл мектепте қызмет етіп келе жатқаныма 20 жыл болды.

- Білім саласының бүгінгі күнгі өзекті мәселесі не деп ойлайсыз?

- Біз балалардың білім деңгейінің жоғары болғанын қалаймыз. Ол үшін өте көп жұмыстар атқарылып жатыр. Оқулықтар бұрынғыдай емес қиындау және олдың мазмұнының өзі де әртүрлі ретсіз келген. Сондықтан да балаларға тапсырма беру үшін өзіміз жақсы дайындаламыз. Үнемі ізденісте боламыз. Интернет арқылы, басқа да кітаптар арқылы болсын балалардың деңгейіне қарап тапсырмалар береміз.

- Оқулықтар бұрынғыдай емес дедіңіз, оқулық сапасы туралы не айтасыз?

- Қазіргі оқулық сапасына көңілім толмайды. Әртүрлі тақырыптары бары бар, бірақ ретсіз, белгілі бір жүйесі жоқ. Кейбір тақырыптар оқулықта жоқ болып шығады. Соған көп уақытымыз кетеді. Енді осы оқулықтардың жөнделетін уақыты болған сияқты. Кейде осы оқулықтарды өзіміз жазсақ па деп те ойлаймыз. Жыл сайын осы оқулық мәселесі туралы айтамыз. Бірақ сонда да басқа оқулықтарды жібереді. Сонда да ойдан шықпайды көбісі. Сол қиындау балаларға.

- Қыркүйек айы басталғаннан кітап дүкендерінің алды кезекке толы болады. Кейбіреулер нақ сол кітапты таппаса да соған ұқсасын алуға мәжбүр. Сонда жалпы қай кітап болмасын ондағы мәліметтер мектеп бағдарламасына көп сәйкес келмейді деп айтқыңыз келіп отыр ғой.

- Ия сәйкес келе бермейді. Ертеңгі күні кітап жетіспеушілігінен оқыған жоқпыз демеу үшін, қолдан келгенше дидактикалық материалдармен дайындалып бар білімді беруге тырысамыз. Оқулық саны туралы да басында нарықтық заман деп мән бермедік, бірақ енді түзелетін уақыты келген сияқты. Ол туралы айта берудің өзі де ұят негізі. Сол себепті өзіміз тіршілік жасап жатырмыз.

- Қазіргі таңда ұстаздардың біліктілігін арттыру барысында шет елдегі Кембридж университеті ғалымдарының тесттері, оқыту курстары жүргізіліп жатыр. "ӨРЛЕУ", "ЗИЯТКЕРЛІК" біліктілікті арттыру курстарына көзқарасыңыз қалай?

- Менің көзқарасым өте тамаша. Өзім осы "Өрлеуден" өзін-өзі тану пәні бойынша курстан өтіп келдім. Жаңалықтар көп. Сол жерде жұмыс істеп жатырған мұғалімдерге өте ризамын. Өйткені көптеген материалдармен танысып өзін-өзі тану бойынша, көп тәсілдерді үйрендік. Сондықтан да оқу керек әрине. Мұғалім деген өмір бойы оқып келеді ғой. Біздің білімімізде саяз болмауы қажет.

- Көптеген мектептерде ұстаздардың жетіспеушілігінен 2-3 пәнді қатар алып жүретін мұғалімдер бар. Бұған қалай қарайсыз? Бұл дұрыс па? Әлде бұрыс па?

- Ол дұрыс емес. Әр пәннің өз маманы болу керек. Әсіресе қазіргі таңда дұрыс білім беру үшін бір пәнді жетік білуің қажет. Мысалы қазақ тілі мен әдебиеті бір-бірін толықтырып отыратын пәндер, ал өзін-өзі тану пәні ол тәрбие жағынан оқытатын пән болғандықтан мен оларды бір-бірін толықтырып отыратын ұқсас пәндер деп есептеймін. Ал химия, физика пәндерінен бір мұғалім беру деген біріншіден мұғалімнің өзіне қиынға тиеді, екіншіден бала дұрыс білім ала алмайды.

- Бауыржан Момышұлы айтқандай "Ұрпақ тәрбиесі ұстаз қолында. Баланы дүниеге әкелген ананы қалай сыйласақ, ұстазды да солай сыйлауымыз қажет" дейді. Ұстаз болу оңай емес. Өз тәжірибеңізде тәрбиесі қиын бала кездесті ме? Олармен қалай жұмыс істеу қажет?

- Әрине, кездесті, кездесіп те жүр. Ол үшін ата-анамен тығыз байланыста болу керек. Өйткені бала мұғалімді түсінбеуі мүмкін. Сондықтан баламен мұғалім ретінде емес, апасы ретінде сөйлескен жөн деймін. Ол баланың мінезі қиын екен деп тастауға болмайды ғой, қанша дегенмен ұстаз деген атымыз бар. Баланы тәрбиелеу біздің міндетіміз.

- Тұмар ханым, сұқбатыңызға рахмет! Сіздей білікті ұстаздар көп болсын. Жұмысыңыздың жемісін көріңіз!

- Рахмет! Айтқаныңыз келсін!

 Сұқбаттасқан Инабат Алдияр