«Бір штук қыз» әкесі жайлы жазғысы келіп отыр...

«Бір штук қыз» әкесі жайлы жазғысы келіп отыр...
жеке
блог

      Бүгін менің асқар таудай әкемнің туған күні. Әкесінің «бір штук қызы» әкесі жайлы аз-кем жазғысы кеп отыр... Ендеше)))

      Ойымды, ісімді әкем мақұлдамаса мөрі басылмаған құжаттай сезінемін. Үйде бір нәрсені талқылағанда о дейміз, бұ дейміз, соңында әкемнің қояр нүктесін күтіп отырамыз. Әкемнің шешімін қолдаймыз. Себебі әкем бәріміздің пікірімізді саралай, ескере отыра дұрыс шешім қабылдайды. Өйткені әкем – отағасы ғой, бір отбасының басшысы.

      Әкеме дер кезінде оқу оқуға мүмкіндік болмаған екен, диплом атаулыдан сиясы әзер көрінетін тракторшы екенін айқындайтын куәлігі ғана бар. Ал мен үшін әкем – дала философы. Ұстазы да, кітабы да – өмір. Ұстанымы – адалдық. Жетістікке жету үшін тек адал еңбек ету керек. Өмірде оңай нәрсе жоқ. Жеңіл зат қалай келсе, солай кетіп қалады, - дейді үнемі әкем.

       Бірде бір үйір жылқы жоғалып кетті. Ішінде біздікі де бар. Өзгелер жан-жақтан іздей бастады. Әкемде іздейтін уақыт болмады. Іздеушілер таба алмай, үміттерін үзе бастады. Жоғалған жылқыны әкем шығынға сызып тастаған еді, бір күні тек біздің жылқы ғана қайтып келіп тұр екен. Сонда әкем айтып еді «Бар нәрсе адамның пиғылында, ниетінде. Жаны, жүрегі таза адамға Алла өзі береді» деп.

        «Ақмарал» атын қойдық баламыздың,

        Мұрасын жалғасын деп бабамыздың.

        Өжет боп өспесе де келешекте,

     Кірлерін кетірсін деп жағамыздың. – деп мен дүниеге келгенде әкем өлең шығарыпты. Ерекше көңіл-күйін, толғанысын осылайша шимайлап қоятыны бар. Алайда, ол дәптерлерін ешкімге көрсетпейді)))

       Әкем сурет те салып қояды. Бастауышта оқып жүргенімде аздап әкеме салдырып алатынмын. Мұғалім «өзің салдың ба» дегенде, «иә» деуге бата алмай, «әкем сызды, мен боядым» дейтінмін. «Әкеңе бес, өзіңе екі» дегені бар мұғалімнің))).

       Әкем жоғарғы білім алғанда кем дегеде ғылым кандитаты болар еді)), қоғамымыздағы зиялы тұлғалардың бірі болары сөзсіз еді. Әй, жарайды, қояйын бос сөзді. «Дала философы», бұдан артық не керек).

        Бұрын арманың не дегенде, анау болсам, мынау болсам, бай болсам деуші едік қой балалықпен. Қазір менің арманым – осы асқар таудай әкешімнің үмітін ақтау, мақтанышы болу.

        Әкетай, сізге ұзақ өмір, мықты денсаулық тілеймін! Анам екеуіңіз отбасымыздың ұйытқысы болып аман-есен жүре берсеңіздер екен!