Кездесу... кездесу... #1

Кездесу... кездесу... #1
жеке
блог

"Кездесу... кездесу..."

Күні бойы құздағы мұздарды ерітіп, құлан өрген құла далаларды сәулесімен сипап өтіп, кейде жерде болып жатқан тіршілік  күрестеріне миығынан күліп, кейде аянышты хәл көрсетіп, бір күндік істер ісін істеп, жасарын жасап мен болдым дегендей қызара бөртіп күн де батты. Ымырыт үйіріліп, ақшам кіре бастағанда қаладағы төрт айдан бері жайлы тұрағына айналған жатақханасына базардан күні бойы шалбары белінен төмен түсе бергесін судай жаңа белдігі мен жолға шығарға деп алған азық-түлігін қамдап Жасын да оралды. Жас күнінен қиялға берілгіш, армандаса арманына жетпей қоймайтын Жасын есімді ұлдың ауылдан арқаланып, білім іздеп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне келіп, оқуға түсіп, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын көріп келе жатқанына атандай төрт ай болыпты. Осыдан үш ай бұрын ауылын сағынып, өзегіне өксік толып, Шымкентім қайдасың деп ауылына тайып тұрған болатын. Содан ауылынан келгесін өзгеше қарқынмен оқуын жалғастырып, студенттік өмірінің бал шақтарымен  қайта қауышып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргенде бірінші семестрдің қалай аяқталғанын білмей де қалды. Бірінші ағымдық бақылаудан әупірімдеп өтіп, екінші ағымдық бақылауға ілінгенде Тәуелсіздік мерекесі келе қалды да, бір аптаға созылса да бір ғасырға созылғандай болатын азапты ағымдық бақылау небәрі үш күнге созылып, артынан бір апталық демалысқа шығып кете барды. Ауылдағы сыныптастары шақырғанына қарамастан, Алматы қаласынан шеркергі аймақтағы әпкесінің үйіне қарай тартып тұрды. Есік қаласының Плошадка аталатын ауданында тұратын жиен әпкесінің үйіне барып,  жатақханада қара нан мен сары сорпадан жалыққан асқазанын майлап, әзілқой жездесі мен іні десе іңірге жасырғанын беретін қонақжай әпкесімен амандасып, бір апта қонағы болып қайтқан. Өзінің туып - өскен ауылы секілді қала шетіндегі бір ауыл екенін көріп, әрі таудың етегін мекендеген ауыл екенін көріп, өз ауылын есіне алып, шабыттана отырып, өлең де жазған болатын... Жездесі қайнымның көңілі күпті болмасыншы деп Жасынды Іле-Алатау ұлттық паркіне апарып,  қыстың құрсауына түсіп, мұздың бұғауына байланған Есік көлін көрсетіп қайтқан болатын. Содан жездесі де риза, әпкесі де риза, Жасын да риза болған-тын. Демалысының соңғы түнін ұйқысыз өткізген Жасын түні бойы шимайлап, ақ адал көңілінен жыр шумақтарын туғызып, қағаз бетін өрнектеген болатын. Содан жездесі Жасынды қалаға жеткізіп тастамақ ниетпен жолға шыққан болатын. Жасынның ойында тек ауылы, ауылына ұқсаған әпкесінің ауылы болатын. Жасын өзінің алдында он күнге созылатын біреулерді кейітіп, жылататын, біреулерді жұбататын сессия құрғырдың шыжығы күтіп тұрғанын ойлағысы келмеді. Дегенмен, алғашқы сессиясы Жасынды онша қамықтыра қоймады. Барлық емтихандарын 4 пен 5ке тапсырып, ауылына кетуге асықты. Соңғы емтиханын тапсырып, әлденіп алған соң базарға барып, керек-жарағын қамданып келген беті осы болатын.

Жатақханаға кіріп, кезекшілік бөліміне «рұхсат қағазын» көрсетіп, 19-бөлменің есігін айқара ашып, бөлмеде отырған 2-курс оқитын Азаматқа «Ассаламуалейкум» деп амандасты, оның «Уағалейкумассалам» дерлік жауабын күтпестен аяқ киімін шеше бастады. Бұл кезде өзімен бірге Шым қалаға аттанатын, бір пойзда, бір вагоннан орын алған бауыры да бөлмеге келіп заттарын жинай бастаған екен. Амандық-саулық сұрасып болып, Жасын да заттарын жинауға кірісті. Кірлеген киімдерін, демалыста оқырмын деп бірнеше кітап та алды. Содан соң сағатына қараса пойздың жүрер уақытына әлі үш жарым сағат бар екен.  «Қайран үш сағат, үш жарым сағат. Тезірек зуалашы десем, зулар ма едің, үш сағат, үш сағат...» осы сынды сөздерді өз ішінен қайталай берді. Жатақхананың  өрт кезінде соғылатын дабыл белгісі кенеттен ойын бөліп жіберді. Белгісіз әдет, жатақханадағы дабыл белгісі өрт болмаса да күніне бір рет соғылып тұратын. Оған мән берместен, ойын бұзғанына аздап кіжінді де, қайта бойлай бергенінде «Жасын, жүр кеттік, Ерболды шығарып салайық» деген Ернардың дауысы күңгірт естілді.