Біздің өрт сөндіруші

Біздің өрт сөндіруші
жеке
блог

        Егерде жолыңыз түсіп Қазақтың Созақ атты сахарасына бара қалып, сол жердегі Қызылкөл аулына құдайы қонақ болсаңыз, үй иесінен осы ауылдан шыққан тұңғыш өрт сөндіруші туралы сұрауды естен шығармаңыз. Ол кісілер осы әңгімені жазып отырған жігіттің есімін айтарына сенімім кәміл.

         Қызылкөл ауылын қызыл жалын қармаудан қорғамасам да, маған ауылым «Пожарник» деген атақ берген. Осы уақытқа дейінгі қол жеткізген және болашақта да қол жеткізетін атақ-абыройымның ішіндегі ең оңайы бола тұра ең ауыры.

Бір күні ауыл шетіндегі арыққа шомылуға бара жатқан едім. Жолдан сыныптас досым кездесіп, жолымыздың бір екенін үнсіз ұғысқан күйі әңгімелесіп жүре бердік. «Әбден суға шомылып болған соң біздің үйге жүр» - деді. Менің де құдайдан қолым бос келісе кеттім. Арыққа жақындаған сайын, алыстан су иісін сезген қойдай болып асыға түсеміз. Шомылар жерге жеткенше киімімізді шешіп те үлгерген біздер, шулап жүрген көп баланы итере-митере сүңгуірлерше суға сүңгідік те кеттік. Қанша уақыт ойнағанымыз есімізде жоқ, әйтеуір бәріміз бірге ойнап жүрген бір баланың «Сушы Жақан» деген айқайынан тым-тырақай қаша жөнелдік. Сушы Жақан келді деген сөз бүгін ойын бітті деген сөз еді біз үшін. Мен молдалардың айтып жататын ақырзаман болғанда тажал келеді деген сөздеріндегі «тажалды» осы Сушы Жақанның кейпінде елестетін едім. Бет-жүзі қап-қара болып күнге күйген, көздерінің қарасынан ағы мол ала көзді осы шал астындағы атымен қолына қамшысын үйіріп бізді тырқыратып қуатын да жүретін. Арықтан кештеу шыққан бір-екі баланың арқасын «тажалдың» қара қамшысы қан қылып өтетін де, дереу атынан түсе сала бір-екі баланың борбайларынан ұстап, торғайдай ұшыратын суға қарай. Ал қашып үлгерген қалғанымыз жүнін жұлған тауықтай болып үрпиісіп-үрпиісіп алыстан қарап тұрар едік. Қуса, жеткізбейтінімізді біліп тұрмыз. Соны сезе ме, сол орнында тұрған күйі бағанағы арамыздағы «Сушы Жақан» деп айқайлаған балаға қарап: «Әй, Пәленшенің баласы, сенің әкең менен түген жас кіші. Сушы Жақан деуін қараш мұның құрдасындай. Өй, әкеңнің...» - деп қолына түскен таспенен жіберіп ұратын. Кез-келгеніміз айқайласақ та айтар сөзі осы. Ауылдағы ең үлкен кісі осы ма дерсің. Сондағы бізге ұрсатыны болмайтын нәрсе: «Өкіметтің егініне құятын суды бөгеп алып неге шомыласыңдар? – дейтін. Неге шомылмаймыз тегіннен-тегін ағып жатқан суға? Ал ол суды бөгеп алмасақ, тірсектен келер суға қалай шомыламыз? Осыны да түсінбейтін қандай ақымақ адам дер едік бәріміз ішімізден. Бізді, балаларды мүлдем түсінбейтін тағы бір адам – осы!

Бәріміз көңілсіз қайттық. Бағанағы келісім бойынша досым мені үйіне ертіп апарды. Айран іштік, қауын жедік, ойнадық. Бәрінен жалыққан екеуміз әрқашан құлыптаулы тұратын, жақында ғана үйіндегілер жаңа диван мен ыдыс-аяқ қоятын үлкен сервант сатып әкеліп қойған қонақ күтетін бөлменің кілтін тауып алып, сонда кіруді ұйғардық. Досымның айтуы бойынша барлық кәмпит, жақында күйеуге шыққан әпкесінің құдасын күткеннен қалған алма, сусын бәрі осы бөлмеде жаңадан сатып алынған диванның астына тығылған көрінеді. Кәмпит пен алмадан бас тартқан қай бала? Осындай баға жетпес байлықты жасырып жатқан бағалы кілттің қай жерге тығылатынын менің досым асқан қырағылықпен байқаған. Бүгін ұйқысынан ерте оянса да, тұрғысы келмей жатқан досым анасының аудан орталығына асығып жүріп кілтті киім салатын шифонердің үстіне қойғанын өтірік ұйықтап жатып көріп қойса керек. Жол болды деген – осы. Досым астына орындық қойып, шифонер үстінен әлемнің бар байлығы болмаса да, біз үшін баға жетпес байлығы бар бөлменің кілтін алып, есіктің құлпына салған да, солға қарай екі рет бұраған. Жұмақ қақпасының құлпын ашып, сол жұмаққа асыққандай есіктен енлей кірдік те, диванға жармастық. Мен көтеріп тұрдым, ал ол алма, кәмпиттерді алды. Біздің көрген, көрмеген-кәмпиттеріміз бар, қараған жоқпыз, бірінен соң бірін бұралақтаттық. Әбден тойындықдағы тағы ішіміз пыса бастаған кезімізде терезе алдынан «Қазақстан» деген жазуы бар сары қораптың көзіме шалынбасы бар ма? Жүгіріп барып ішін ашып едім, бес тал темекі біздің де уақытымыз келді ма дегендей қайғыдан қара жамылып тұр екен. Әкесі темекі шегетін еді, сол кісіден қалған-ау. Досымда да ес жоқ:

-         Мен қазір, сіріңке алып келем, - деп ас үйге жүгіріп кетті.

Сіріңке келген бетте, теледидардан көргенімдей ерінімнің бір жағына қыстырып, екі саусағыммен ұстап тұрдым да тұтатып жібердім. Тек аузыма сорып алам да, қайта шығарам. Одан ары тарту деген тіптен ойда жоқ. Осылай қызық көріп тұрғанымда  терезеден досымның анасының келе жатқанын байқадым. Жалма-жан аузымдағы темекіні өшірместен диван үстіне тастадым да, екеуміз есікке еміне жеттік. Қалтамдағы кілтті алдым да есіктті құлыптап, далаға тұра қаштым. Досым не істерін білмеген күйі, көздері алақ-жұлақ етіп үйінде қалғанда, біз үшін баға жетпес байлығы бар бөлменің кілті менің қалтамда кеткен еді.

Үйге барып, ойымда оймақтай да ой болмай, ойнадым да жүре бердім. Кешкі тамаққа отырған шақ еді. Сыртқы есік айқайлай ашылды да, сыңси жабылып асыға басып бағанағы досым кіріп келді де:

-         Үйде... Үйде... Үйде өрт болып жатыр, - деді ентігіп. Түсініксіз кейіппен бір-бірімізге қараймыз. Әсіресе жұрттың маған қарағаны біртүрлі көрінді. Сезіктенетіндей ме, қалай? Жоқ, маған солай көрініп тұр ма?

Бәрімізден бұрын ес жиып, тездетіп түрегелген атам болды. Тайлы-тұяғымыз қалмай Нұрсұлтанның үйіне қарай жүгірдік. Барсақ біраз адам жиналып қалыпты. Шынындда бағана біз темекі шеккен бөлменің терезелері сындырылып, іштен қара түтін будақтап шығып жатыр екен. Соған қарағанда менің шеккен темекімнен тұтанған болуы керек. Жаңа диван, жаңа сервант, біз үшін баға жетпес байлық – бәрі-бәрі күлге айналды. Айналамнан Нұрсұлтанның мамасын байқай алмадым. Мүмкін, маңдай теріне келген осынша дүниенің күлге айналғанын көргісі келмеген-ау. Менен бұрын менің сыбысым ерте жеткен бе, Нұрсұлтан мойындаған болуы керек, жұрттың бәрі менен темекінің дәмінің қандай болатынын сұрап әлек. Сәлден кейін аудан орталығынан өрт сөндірушілер машинасымен он шақты өрт сөндірушілер келді. Осынша дүниені өртедім-ау деген дүние ойда жоқ, өрт сөндірушілер машинасын көргенге мәзбіз. Ары қараймын, бері қараймын өзі тіпті үлкен. Ту сыртымнан бір өрт сөндірушінің:

-         Өртке не себеп болған, - деген дауысы естілді.

-         Балалар темекі шегіп ойнаймыз деп, – Нұрсұлтанның әкесінің дауысы.

-         Дәлірек айтсаңыз.

-         Досхан Жылқыбай.

-         Онда былай жазамыз. «Досхан Жылқыбайдың ойнап жүріп, темекі тұқылын дұрыс өшірмей тастай салуына байланысты, бөлме өртке оранған...»

-         Тоқтай тұрыңызшы. Бұл Досхан Жылқыбай деген есім ертең келеңсіздіктер тудырып жүрмей ме?

-         Ол да мүмкін.

-         Онда қажеті жоқ. Ауылдағы ағайын ғой. Бір  бөлмем өртенгені үшін соттасып жатсам... Өз балам, Нұрсұлтан Садуақасұлының деп жазыңыз. Жарай ма?

-         Жарайды. Жазсам жазайын. Ол баланы көрсетіңізші маған. Әлгі, Досханды.

-         Анау артыңызда тұрған бала.

Арқам мұздап сала берді. Не айтады? Ұра ма, соға ма? Мүмкін, түрмеге қамар?

-         А, сен бе?.. Еңгезердей біреу қасыма келді де, басындағы бас киімін маған кигізіп қойып: Пажарник,- деді. Қызылкөл аулынан шыққан тұңғыш пажарник – Досхан Жылқыбай!

Жанымызда тұрған жұрт күлкіге батты да қалды. Осылай ауыл адамдары мені пажарник атап кетті. Мектепте де, суға түсуге барғанда да өз атым ұмытылып, пажарник атандым. Оған да рақмет. Темекі шеккеніме қарап «нашақор» атамағанына шүкір. Сол күннен бастап, ауылға жаңадан біреу машина алып келсе, болмаса біреу үйіне жаңа жиһаз сатып алса ауыл адамдары құтты болсын айтып барып отырып: «Біздің пажарникті жолатпаңдар» деп күлісіп отырар еді.

         Иә, халқым маған алғашқы атағымды осылай беріп еді. Енді болашақтағы атақтарымды қалай алар екенмін? Қызық...