Жаратылыстың кереметі

Жаратылыстың кереметі
жеке
блог

     Міне, қыс айының алғашқы жұлдыздары да келіп жетті. Құдды бір ашулы атадай ақ шапанының етегін сүйреп, даланы аппақ қарға орады. Далада қар ұшқындары қылаулайды. Әр басқан сайын сықырлап, құлақта жағымды әуен қалдырады. Алайда, қар бүршіктері жайлы не білеміз?

     Табиғатта тек су ғана үш түрлі күй кешеді: сұйық, қатты және бу күйінде. Ал енді қар түйіршіктеріне келетін болсақ, су буының бірден қатты күйге енуінен пайда болатын кристалдары атаймыз. Табиғатта бір-біріне ұқсамайтын сансыз мөлшерде қар түйіршіктері кездеседі. Ғалымдардың айтуы бойынша сан ғасырлар бойы жерге келіп түскен қар кристалдары саусақтарымыздағы із секілді қайталанбас әркелкі. Олар қар кристалдарын пішініне қарай 7 түрге жіктейді: жұлдызша, ине тәріздес, тірек пішінді, табақша, дендрит тәріздес, бағана тәріздес және бұрыс пішінді. Ал өмірлерінің басым бөлігін қарлы аудандарда өткізетін эскимостар, қардың жай-күйіне арнап 24 түрлі сөз қолданса, Солтүстік аудандарды мекендейтін Саами халқы 41 түрлі сөзбен сипаттап бере алады екен. Қар түйіршіктері өзінің бірегейлігімен және таптырмас геометриялық пішіндерімен әрқашан да ғалымдардың қызығушылығын тудырып отырған. Мәселен Иоганн Кеплер қар түйіршіктерінің әркелкілігін “жаратылыстың кереметі” десе, жапон ғалымдары қар кристалдарына арнап музей ашқызған.  

     Дегенмен, әлемнің көптеген жерлерінде табиғаттын шарттарына байланысты қар кездеспейді. Бүгінгі таңда Жер бетінің тұрғындарының тең жартысы өмірлерінде бір рет болсын қарды ұстап көрмеген.