Жасымда ғылым бар деп ескермедім...

Жасымда ғылым бар деп ескермедім...
жеке
блог

       Дүйсенбі. Таңғы сағат алты. Ояна салысыммен терезеден далаға көз жүгірттім, боран әлі басыла қоймапты. Кеше кешке пешке көмір жаққанмын, сондықтан үй іші әлі де жылы екен. Қаланың шетінен арзан ғой деп, бір бөлмелі осы үйді жалдап тұрып жатырмын. Үй деуге де келмейді бұл құрғыр, тым болмаса ішіне ыстық су да тартылмаған, әйтеуір кіре беріске суық су ағатын бір құбырды тартып қойған. Амал нешік, сол құбырдан ағатын мұздай суға жуынып, ұйқымды шәйдай ашып алдым. Кеше кешкі асқа деп пісірген палауымды жылытып, жүрек жалғадым. Жартысын аузы жабылатын  ыдысыма салып қойдым, жұмыста түскі асқа осыны жермін. Адам секілді тамақтанайын деп кеше палау дайындағам, күнде болмаса да, аптасына 2-3 күн өзім тамақ  пісіріп жеймін. Қалған күндері жұмыстан шаршап шығып,  жолжөнекей сатып алған «ролтон» деген ыстық сорпа ішемін...  

       Аялдама. Қыста автобусты күту де бір азап, боран дүниенің төрт бұрышынан соғып тұра ма, ол жағы түсініксіз, әйтеуір мазаңды алып, онсыз да жаурап тұрған денеңді қалтыратып жібереді. Бүгін жолым болды, автобус көп күттірмей ерте келді. Туһ, іші неткен суық еді?! Осы суыққа үйрене алмай-ақ қойдым-ау, теледидардан көрсететін орыстар сияқты аязды күнде суға шомыла алсам ғой, шіркін!

       Суықтан суыққа көшіп келдім. Бұлай дейтін себебім, жұмысым—терезе  салу. Құрылыста істеймін, кейде сынған терезелерді қайта ауыстырып саламын, бірақ көбінесе жаңадан орнатамын. Терезесі салынбаған қабырғаның ортасындағы дәу төртбұрыш тесіктен кіретін суық қолыңа киген екі қабат қолғаптан өтіп, саусақтарыңды әрең қозғалтатындай халге түсіреді. Бір терезені салып біткенше, қол ғана емес аяқ та, бет те үсуге сәл қалады. Бір бөлменің терезесін бітіре сала, термосқа құйып әкелген ыстық шәйды сораптап ішіп отырып, жылынып аламын. Кешке дейін ақ тер, көк терге түсіп (ауыспалы мағынада әрине, мынадай суықта менен қайдан тер шыға қойсын) 3-4 бөлмені бітірем.

       Кеш. Автобус ішінде ине шаншар орын жоқ, бәрі үйлеріне бара жатыр. Бір қуантатыны: автобус іші таңертеңгіге қарағанда әлдеқайда жылы. Әне, бірнеше бала оқушы формасында тұр. Неткен бақытты шақ осы кездер?! Уайым жоқ, қайғы жоқ, тек қана сабақтарын  дұрыс оқыса болды. Әй, бірақ сол сабақты да жетістіріп оқымадым ғой мен. Әрине, мен ауылда оқыдым, ал ауылда не оқу болсын? Үй шаруасымен жүріп, қол тимеуші еді ғой. Бірақ Әділет, Қайсар, Арман, Олжас—сыныбымның тең жартысы университетке түсіп, керемет қып оқымаса да, әйтеуір бітіріп шықты. Олар түгіл көшенің арғы жағында тұратын, әкесінен ерте айырылған Рүстем де оқуға түспеп пе еді?! Қазір әрқайсысы өзінің сүйген жұмыстарымен айналысып жүр.  Ал мен ше? Осы күндеріммен қашанға дейін өмір сүрем? Өмір деп қоям, менікі өмір емес, жәй ғана қу тіршілік қой! Әттең, әттең, «жасымда ғылым бар деп ескермедім».